Руханият

Дәуір тынысын дәл басқан

«Жазмыш… Бұл – жалғандағы жария жолдың нұсқасы. Құпиясы – о дүниеде. Яғни, тірлігіңде маңдайыңа жазылған жария соқпақпен жүріп өтесің де, барғандардың ешқайсысы қайтпаған құпия сүрлеудің азығын даярлайсың. Иә, бес күндік жалғандағы жақсылығың да, жамандығың да – о дүниенің азығы». Бұл – ауыл шаруашылық саласының білгір маманы, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Темірболат МӘЖИТОВТІҢ жақында жарық көрген «Өмір белестері» кітабындағы алғашқы сөйлемдер. Әрі қарай еріксіз жетелей жөнеледі…

«Теңіздің дәмі – тамшысынан» демекші, осы жолдардан-ақ, кітаптың сапалы жазылғанын, онда өнегелі өмір жолының тұнып тұрған сырларын аңғаруға болады. «Арко» баспаханасында басылған кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқысына автордың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты ғұмырнамалық хикаяты орналастырылған. Мұнда өзі өмір сүрген уақыттың тынысы, қоғам бейнесі, һәм дәуір өрнегін байқайсыз. Өз өмірін шынайы бейнелеу арқылы замандастарының қилы тағдыры мен бөлек болмысын да шебер суреттейді. Өз өміріндегі түрлі белестерін сан қилы дәйекті мысалдармен көмкере отырып, оқырманды адал еңбек етуге, өмірде біреудің ала жібін аттамауға үндейді. Ал, екінші «Өзім емес, ел айтсын мен жайында» бөлімінде өзі туралы замандас, үзеңгілестерінің, шәкірттері мен сыйлас бауырларының естеліктері топтастырылыпты. Атап айтсақ, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қайдар Бурабаевтың «Өресі биік азамат», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеубек Зейнешевтің «Болмысы кең пішілген азамат», Қарқаралы, Осакаров аудандарының Құрметті азаматы Марат Райымбековтің «Тегеурінді Темірболат», ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серғазы Әдекеновтің «Қасиетті жердің қадірлі азаматы», облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабектің «Бірегей болмыс иесі» сынды басқа да бөлек өрілген жылы естеліктер оқырманды бей-жей қалдырмасы анық. Сондай-ақ, жинақтан Темірболат ағамыздың өмірінің әр кезеңіндегі отбасылық және әріптестермен, достарымен және өзге жақын-жұрағаттарымен түскен естелік суреттерімен таныса аласыз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button