Бас тақырыпЖаңалықтар

«Көктемнің бір күні жылға азық»

Несібесін қара жерден іздеген шаруаның Арқаның алты ай қысынан ұзақ мерзімді демалыстан кейін көктемгі дала жұмысына дайындалатын уақыты келді. «Көктемнің әр күні жылға азық» деп, диқандар дәнін дайындап, жерін жыртып, дала дүбірін қыздыра түседі. Жауапты науқанның алдында облыс диқаншыларының жайы қалай? Қара жерге қанша дән егеміз? Былтырғы қуаңшылық қайталанып жүрмей ме? Осы сұрақтардың жауабына үңілсек…Егіс көлемі артады

Қаһарлы қыс қыр асып, қарбаласқа толы көктемнің бел ортасына келдік. Қым-қуыт күйбең тірлікке толы мезгілде дала төсі де еңбек дүбіріне айналады. Бұл диқандар үшін қайнаған еңбектің қызатын шағы.

Аймақтағы агро-құрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы ауыл шаруашылық басқармасының берген ресми мәліметтеріне сүйенсек, 1099, 6 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланған. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 977,5 мың га, майлы дақылдар – 28,0 мың га, мал азығына қажетті жемшөп дақылдары үлесі – 81,5 мың гектар. Ал, 11429 гектарға картоп, 1792 гектарға көкөніс отырғызу жоспарланған.

Егістік алқапты игеру – жауапты кезең. Көктемгі егіс-дала жұмыстары жылма жыл қарқын алып, көлемі де артып келеді. Мол өнім алу диқаншыларға ғана үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймайды. Сала мамандарының да дұрыс саралап, жоспарлауына байланысты. Әрине, осы ретте ауа райының да үлесі басым. Алайда бекітілген межені орындаймыз деп, егіс көлемін арттырғанымен, сапаға да мән берген дұрыс. Сапалы өнім диқанның маңдай терінің ғана жемісі емес, тұқымның сорты, тыңайтқыш пен суға да тәуелді. Алқапты қанша кеңейткенімізбен, өнім саны өспейді. Осы орайда, Қарқаралы ауданындағы белді шаруашылықтың басшысы, ауылшаруашылық саласының майталманы Разақ Әлиннің пікірін білдік:

Ең бастысы егіншіліктің мәдениетін көтеру қажет. Ол үшін барлық агротехникалық шаралар дұрыс, уақытында жүргізлуі керек. Мол өнім алу үшін пармен жұмыс жасалуы тиіс. Парды өңдегенде де бірақ рет жырта салмай, өз технологиясын жіті қолдану керек. Біріншіде алқапты 15-16 см, екіншіде тереңдетіп, одан кейін арам шөбін шығарып алып қайыра жыртады. Мол өнім алуда гербицидтер пайдалану мен минералды тыңайтқыш себудің маңызы зор. Неге дейсіз ғой? Біздің жердің құнарлылығы өте төмен. Біздің жақта алынатын өнім центнерінің төмен болуы да осыған байланысты. Сондықтан, тыңайтқыш пайдаланған дұрыс. Ал оны алуға ұсақ шаруашылықтардың жағдайы көтермейді, биылдың өзінде былтырғымен салыстырғанда 3 есеге өскен, дейді ол.

Тұқым тазалығы сақталған

Тұқым тазалығы тұқымның егуге жарамдылығының басты көрсеткіші. Облыс бойынша 109,0 мың тонна дәнді дақыл тұқымы құйылған, оның 92,7%-ы немесе 101,0 тоннасы жоғары репродукциялы. Яғни, элита 7,3 мың тонна, 1 репродукциялы – 36,1 мың тонна, 2 репродукциялы – 30,0 мың тонна, 3 репродукциялы – 27,6 мың тонна. 2021 жылға қарағанда 6,1 мың тоннаға артық.

83,6 мың тонна тұқым толық сараптамаға түсіп, 66,5 тоннасы тексеруден өтті, 100% кондициялы. Тұқымның осындай тазалық көрсеткіші өнімділігінің жоғары екендігін көрсетеді. «Диқандар үшін тұқым тазалығы маңызды. Біздің ауа райы қолайлы тұқымның бірі – Соратов 42. Бұл ақбидайдың тұқымы климатқа негізделген, 10 күн ерте өніп шығады. Кейінгі кезде елімізде бұл тұқымды пайдаланатындар сирек кездеседі. Ресей жерінде көп кездеседі екен» дейді Разақ Мұқанұлы.

Саратов тұқымы өте сапалы. Әрі құрғақшылыққа төзімді, өсімтал келеді. Дәні де толық. Егін шаруашылығымен айналысқаннан бері осы тұқымды Ресейден барып сатып әкелемін. Бүгінде пайдасын көріп отырмын. Қазіргі уақытта іргелес шаруашылықтар тұқымын сатып алып, пайдаланып отыр, – дейді, қарқаралылық диқан.

Тыңайтқыш тапшы болмай ма?

Қазір жердің де құнарлығы азайып, күші қайтқан. Жыл сайын адам атын естімеген өсімдік аурулары көбейіп келеді. Үлкен алқапты былай қойғанның өзінде бақшаңдағы дақылға да дәрі қажет.

Облыс бойынша 393,3 мың гектар егістік алқапқа 35,0 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 19,7 мың тонна тыңайтқыштарға келісім-шарт жасалып, 11,0 мың тоннасы жеткізілді. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 767,9 млн. теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 3,0 млрд. теңгеге қосымша өтінім берілді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдары 350,0 мың литр пестицид алуға келісімшарт жасады. Пестицидтерді субсидиялауға 1257,4 мың теңге қаражат қарастырылып, қосымша 2,1 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілді.

Техника және жанар-жағармай мәселесі

Басқарманың мәліметі бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 11327 трактор, 6078 тұқым сепкіш, 253 себу кешендері қатысады. 1404 бірлік ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу жоспарланып отыр.

Жыл сайын шаруалардың бас ауруына айналған жанар-жағар май мәселесі де шешімін тапқан сыңайлы. Литрі 198 теңге, 23,6 мың тонна арзандатылған дизельдік отын бөлінген. Бүгінгі күнге 78 ауылшаруашылық тауарын өндірушілермен 3834 тоннаға келісімшарт жасалды.

Ылғал

Тозғанды тыңайтып, игерусіз қалғанды игілікке жаратқанымызбен, өсімдіктің сусыз өспейтіні ақиқат. Былтырғы жылғы болған қуаңшылық әлі елдің есінде. Ерте көктемнен еңбекке араласып, ала жаздай арпалысқанымен күздегі астықтың түсімі диқандардың мазасын қашырып ақ бітеді. Аймақтағы ауа райы, топырақтың жай-күйі түйір дәнді тастай салып, таудай астық алуға мүмкіндік бермейді. Алдымен жерді өңдеу, ылғал жабу, қажетті минералды тыңайтқыштарды себудің механизмін толық қанды зерттеп білмей, мамандардың пікірін ескермей, жыл сайын еселеп өсіп келе жатқан егістік алқаптың көлемін арттырудан береке таппаймыз. «Тың игеру жылдарында тонналап астық бастырдық» деген бүгінде аңыз іспетті. Облыс көлеміндегі егістіктен түсетін астықтың центнері орта есеппен 6-7, әрі кетсе 14-15 центнерден аспайды.

Ылғалдың егістік алқапқа бірден-бір әсері мол. Түрлі климаттық жағдайларға байланысты жер жылдан жылға құрғап келеді. Наурыздағы қар мен жаңбыр әзірге жердегі ылғалды ұстап тұр. Осы сәтті пайдаланса дұрыс болары еді. Көлемді егістікті қолдан суару мүмкін емес. Сондықтан табиғи құбылыстарды жіті бақылап, пайдаланған дұрыс. Қар тоқтату кейінгі кезде жүргізілмейді. Ендігі бар үміт сәуір айының соңындағы «бүршік жарған», 9-шы мамырдағы «қызыл жұмыртқа», одан кейінгі «құралай», маусым, шілде айларының 15-16-17 күндеріндегі жаңбырдың әсері өте көп, – дейді агроном Мырзабек Аринов.
Егін алқабының көлемі мен астықтың түсімі артқаны халықтың несібесі. Алайда саннан гөрі сапаға мән берген дұрыс. Жоспарды орындау астық бағасының қымбаттауына әсерін тигізбегені абзал. Егістік көлемінің артуы халық күнделікті тұтынатын ұннан жасалатын өнім бағасының күн сайын шарықтауына сеп бола алса, нұр үстіне нұр болар еді…

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button