Азаматтық белсенділік танытатын кез

Саналы таңдау жасау – адам өміріндегі маңызды кезең. Ол оның азамат ретінде қалыптасқанын, өз көзқарасының бар екендігін білдіреді. Сондықтан, сайлауды таңдау мүмкіндігі деп қабылдаған жөн. Қазір бізде ел Президентін таңдау арқылы өз болашағымызды таңдауға мүмкіндік беріліп отыр. Мен үшін сайлау өзімді Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Барлық жастар үшін солай деп ойлаймын.

Қаңтар оқиғасы жастардың саясаттан алыс екенін көрсетті. Қазір жағдай өзгерді деуге келеді. Жастар саясатта қандай жаңалықтар, не өзгерістер болып жатқанын біледі. Оларды бұдан да белсенді болғанын қаласақ, жастарды әлсіз, осал топ ретінде көретін ойдан арылуымыз керек. Қазақстанда, ТМД елдері кеңістігінде жастар әлі күнге дейін әлсіз топ ретінде қарастырады. Басқа елдерде жастарды елдің негізгі дамытушы күші ретінде қабылдайды. Тек бізде ғана жастарға, студенттерге үнемі көмектесу керек, олар әлсіз деген түсінік қалған. Бұл түсініктен шығу керек. Жастар өз бетінше шешім қабылдап үйренуі керек. Бүгінгі қазақстандық жастар қазіргі деңгейінен де жоғары болып, елдегі үрдістерге белсенді араласуы маңызды. Әрине, кез келген жас үшін білім алу мен баспана негізгі мәселе екені рас, кімнен сұрасаңыз да соны айтады. Дегенмен, тереңінен қозғар болсақ, жастар жай ғана адам емес, елдің дамуына қатысы бар азамат болуды мақсат еткені жөн. Солардың есебінен қазіргі мемлекеттік қызмет аппараты жаңаруы тиіс. Осы сайлау кезінде әр жас өзінің пайымы мен көзқарасына қай үміткердің бағдарламасы жақын келсе, мақсаттары үндес болса, сол адамға дауыс беруі керек.

Саяси сарапшы емеспін, дегенмен де осы сайлаудан кейін өзгеріс күтемін. Әлбетте, ол сайлаудан кейін ертесі не болады деген сөз емес. Десе де маңызды өзгеріс болады деген ойдамын. Негізінде өзгерістерді қазірдің өзінде байқауға болады. Біз конституциялық реформаны қолдап дауыс бергенде соның бастауын жасадық. Мәселен, мен бала құқығын қорғайтын уәкілдің болуын бұрыннан айтқан едім. Адам құқығын қорғау институты барлық дамыған елде бар. Оны енгізді. Былай қарағанда бұл Конституцияға енгізілген бірнеше жол болса да кейін соған сүйеніп, нормативтік актілер қабылданады, тиісті шаралар жүзеге асырылады.

Өзім денсаулық саласында жұмыс істеп жүргендіктен, денсаулық және білім беру салаларында өзгерістер бар екенін айта аламын. Оқу орындары студенттеріне жағдай жасауға ден қоюда. Жемқорларды анықтау мен ұстау жағынан да ашықтық бар екені білінеді.

Жалпы өзгеріс дегенде мемлекеттік құрылымда немесе министрліктердегі емес, жалпы қоғамдағы өзгерістерді айтқан жөн. «Еститін мемлекетпен» қатар, айта білетін мемлекет құруымыз қажет. Санадағы өзгеріс өзіңді сол елдің азаматы ретінде, оның бүгіні мен болашағына қатысың бар екенін саналы түрде сезінгің де келеді. Сондықтан, сайлаудағы бүгінгі таңдау ертең өз балаларыңның болашағына әсер ететінін ұғынатын кез келді.

Александр УРМАШОВ,

Қарағанды медицина университетінің комплаенс-офицері

Ortalyq.kz