Ресми

Қыс пен кеселден қысылмас үшін…

Аппарат мәжілісінде әдеттегідей аймақ үшін маңызды мәселелер талқыланды. «Қыс шанасын жаз сайлауға» кіріскен Қарағанды аймағының жылу беру маусымына дайындығы пысықталды әуелі. Содан соң эпидемиологиялық ахуал қозғалды. Үшінші – машина жасаудағы жобалар жария етілді.

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ КЕСТЕГЕ САЙ

Облыста жылу-электр орталықтарына, жылу, су және электр желілеріндегі жабдықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 8 жылу-электр станциясында 43 қазандық пен 16 турбина жөндеу көреді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов мәлімдеді.

– Өткен жылу беру маусымына тіршілікті қамтамасыз етудің барлық құралдары, қазандықтар мен әлеуметтік нысандар уақытылы дайындалды. Әлеуметтік нысандар және халық көмірмен 100% қамтамасыз етілді. Сапалы жұмыстың нәтижесінде өңірде жылу үздіксіз беріліп, төтенше оқиғалар орын алмады. Жылыту кестесінен ауытқулар кейбір энергия генерациялайтын ұйымдарда тіркелсе де, бұл тұтынушыларға жылу беруге әсер етпеді, – деді Ұлантай Үсенов.

Биыл 40,1 шақырым жылу, 377,5 шақырым су құбыры және кәріз, 24 шақырым электр желілері ретке келеді. Жөндеу жұмыстарына «Нұрлы Жол» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары арқылы қаражат бөлінді.

Қарағандыда «Теплотранзит» ЖШС 2,8 шақырым желіні, «Қарағанды Су» – 96 шақырым, «Қарағанды Жарық» – 29 шақырым және 32 қосалқы станцияны жөндеуден өткізді. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, барлық жұмыстар кестеге сай.

ІНДЕТТІ АНЫҚТАЙТЫН ЗЕРТХАНАЛАР АШЫЛАДЫ

Теміртау мен Балқашта коронавирустық инфекцияны анықтау жөніндегі ПТР-зертханалары ашылады. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке баяндап өтті.

Басқарма басшысының деректеріне сүйенсек, Теміртауда апта соңына дейін тәулігіне 1000 тест шығаратын зертхана жұмысын бастайды. Тамыз айында Балқашта да іске қосылады.

Ал, Жезқазған қаласында ПТР-орталығы жақында ашылды. Мұнда тәулігіне 500-ге дейін тест өткізіледі. Сол арқылы өңірде COVID-19 диагнозын жедел анықтауға мүмкіндік кеңейді. Облыста ПТР әдісімен барлығы 78 907 адам тексерілді.

Вирустың болжамды екінші толқынына дайындалу барысында өңір ауруханаларына қосымша жабдықтар сатып алынады. Қазірдің өзінде 45 ӨЖТ (өкпені жасанды тыныс алдыру) аппараты, 51 оттегі концентраторы бар. Олардың әрқайсысы екі пациентке шақталған. Сонымен қатар, үйде КВИ ауруының симптомсыз және жеңіл түрлерімен ауыратын пациенттерді бақылауға арналған 230 пульсоксиметр алынған.

Қазір ауруханаларда орташа және ауыр дәрежедегі коронавирустық инфекциясы бар 653 пациент ем алуда. Олардың 15-і жан сақтау бөлімінде, үшеуі ӨЖТ аппаратына қосылған. Облыстың 919 тұрғыны өзін-өзі оқшаулауда, оларды үйде бақылайды.

– Симптомсыз науқастар және ауруы жеңіл түрде өтетіндер қазір үйде емделіп жатыр. Ол үшін емханаларда осындай пациенттерді бақылау бойынша арнайы бөлімшелер ашылды. Бұл стационарларға жүктемені азайту үшін жасалған. Дегенмен, егер симптомсыз науқастарда өзін-өзі оқшаулауға жағдайы келмесе, немесе қауіпті топтан болса, ілеспелі аурулары болса, олар ауруханаға жатқызылады. Бұл жағдайлар үшін 737 төсек-орын қарастырылған. Науқастарға арналған төсектердің жалпы саны – 1 268, оның ішінде 41 реанимациялық төсек-орын бар, – деп хабарлады Ержан Нұрлыбаев.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, аймақта аурушаңдықтың өсу жағдайы тұрақсыз. Осыған байланысты 13 маусымнан бастап, кейбір шектеу шаралары қайта енгізілді. Қоғамдық көлік қозғалысы мен азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің жұмыс кестесі өзгерді.

– Карантиндік шараларды қатаң сақтау керек. Егер кәсіпорындар талаптарды бұзса, оларға ескерту жасап, әкімшілік айыппұл салып, сотқа беру қажет. Егер жағдай өзгермесе, қызметін тоқтату керек, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Облыста санитарлық талаптардың сақталуын 65 мобильді мониторингтік топ қадағалайды.

Машина жасауда ірі жоба жүзеге асады

Облыста экономиканы дамыту драйверлерінің бірі – машина жасау. Бұл салада жаңа өндірістер құру және кәсіпорындарды жаңғыртуда 15 жоба іске асырылды. Ол сабақтас салалардың дамуына серпін береді және жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Машина жасауда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде ең ауқымдысы – бұрынғы РТБ зауыты базасында іске қосылған Саран қаласында Yutong маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісі. Жыл сайын 1 200 автобус пен 500 арнайы техника және арнайы көлік шығару жоспарлануда. 400 жұмыс орны ашылады. Инвестор – Yutong компаниясы – автобус өндірісіндегі әлемдік көшбасшы. Алғашқы автобусты жыл соңына дейін шығару көзделіп отыр.

– Облыста 140-қа жуық машина жасау кәсіпорындары жұмыс істейді, оның ішінде, 20 ірі және орта кәсіпорындар бар. 5 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 62 млрд. теңге – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 млрд теңгеге артық. Өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау үлесі – 7%, – деп хабарлады өнеркәсіп және индустриялықинновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.

2010 жылдан бастап бүгінге дейін машина жасау саласында 40 млрд. теңгеден астам сомаға 15 жоба іске асырылды. Облыста шарлы крандар, көтергіш-көлік жабдығы, жарық диодты шамдар, әуе сүзгілері секілді жабдықтар шығарылады.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button