Бас тақырыпМәселе

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы жаңа ғимаратқа мұқтаж

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайына жаңа ғимарат қажеттігі туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Залдар мен қоймалар бірнеше су тасқынынан аман қалды. Ал, қыста мұнда өте салқын болады. Мұражайға экспонаттарды сақтауға арналған барлық стандартқа сәйкес келетін жеке ғимарат ауадай қажет. Мұнда 12 мыңнан астам жәдігер бар. Бұдан бөлек, тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқандығы тағы бар. Белгілі суретшілердің картиналары стандартқа сәйкес сақталмаған. Қызметкерлердің айтуынша, сақтау орындарында қажетті ылғалдылық пен қалыпты температура жасау қиын. Сондықтан, қылқалам туындыларының бүліну, тіпті, жойылып кету қаупі бар. Мәселе облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВҚА дейін жетіп, ол мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВПЕН бірге музейге арнайы келіп, жағдаймен танысқан. Осы өзекті мәселенің түйіні шешілетін күн де алыс емес.

фото: “Орталық Қазақстан” газеті

1988 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұражайға арналған жаңа ғимараттың құрылысына жер телімін бөлу туралы хаттар бұған дейін Қарағанды қаласы әкімдігіне бірнеше рет жіберілген.

– Біздің 1 075 шаршы метрлік ғимаратымыз мұражайға арналмаған. Үстімізде тағы 11 қабат бар. Оған барлық коммуникациясымен техникалық қабатты қосыңыз. Егер, біреу байқамай су құбырын жарса, судың бәрі бізге құйылады. Мұндағы жертөле де тозған. ПИК бұған қарсы күрескісі келеді, бірақ жалпы жағдай әлі сол қалпы. Бізде әрқайсысы 400 шаршы метр болатын 2 экспозициялық зал бар, 6 сақтау орны – өнер туындыларын сақтауға бейімделмеген, өйткені оларда белгілі бір ылғалдылық пен температура режимдері сақталуы керек. Орындар аз, тұрақты көрмелерге ие болу мүмкіндігі жоқ, көрмелер жыл сайын әр 10-14 күн сайын өзгеріп отырады. Экспозицияларды өткізу арқылы біз мұражай қызметтерін ұсынамыз. Олардың құны бар, көрмені монтаждау және бөлшектеу, экспозицияға дұрыс қызмет көрсетуіміз керек. Бірақ, мәселе – ғимаратта. Тар әрі ыңғайсыз, қажетті жағдай жасалмаған, құрал-жабдық жоқ. Өнер туындыларын сақтау үшін қажетті параметрлері бар жақсы, жаңа, бөлек ғимарат өте қажет, – деп бөлісті музей басшысы Бибігүл Құдабаева.

Тағы бір мәселе мұражайдың экспозиялық жұмысы үшін екі зал жеткіліксіз екендігін айтады мамандар. Себебі, қызметкерлерге тарихи туындылары туралы айту мен көрсету ыңғайсыздық тудырады. Олардың айтуынша, негізі бір қоймада экспонаттардың бір түрі ғана болуы керек. Мысалы, кенепке майлы бояумен салынған кескіндеме. Онымен акварель жұмыстары араласпауы тиіс. Олардың еріп кетуі әбден мүмкін.

– Иә, мәселе – өзекті. Бейнелеу өнері мұражайы әрдайым қауіп-қатерге ұшырайды, өйткені ол тұрғын үйде орналасқан және су тасқыны болады, содан кейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кенептерді қалпына келтіруге жіберу керек. Қалалық әкімдікке кезекті өтініш берген кезде бізге қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Трилистник» тұрғын үй кешені ауданында, ауданы 0,8 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі уақытта жеке тұрған мұражайдың құрылысына құжаттар мен жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Келесі жылы мәселе шешіле бастайды деп ойлаймын. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз, – деді Еркебұлан Жұмакенов.

фото: “Орталық Қазақстан” газеті

Айта кету керек, аталған ғимаратта бейнелеу өнері мұражайы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ал, бастапқыда бұл алаң мәдениет нысанына емес дүкенге арналған екен. Бірегей экспонаттардың жайы – осындай. Музей қызметкерлері барлық жағдайды жасауға тырысса да, тұрақсыз температура туындыларды бүлдіріп, реңін кетіретіні рас.

– Біз бір жыл шыдауға дайынбыз. Ең бастысы, жаңа ғимарат барлық параметрлерге сай келсе болды. Жер аумағымен, жеке залдарымен, барлық жабдығымен болуы тиіс. Өйткені, бізге жәдігерлердің болашақтағы тағдыры маңызды. Осы кезге дейін сақталып келген авторлардың туындыларын аман-есен болашаққа жеткізу – ортақ парыз. Мұнда музей қызметкерлерінің көпжылдық еңбегі жатыр. Соның бәрін ескеріп, жаңа ғимарат жылдамырақ берілсе, елге сапалы қызмет көрсетіп, мәдениетіміздің дамуына үлес қосудан шаршамаймыз, – деп атап өтті Бибігүл Сағынтайқызы.

Қолдағы бар дерекке сүйенсек, осы 1-2 жылда бұл мәселе шешімін табуы керек. Бөлінген жер тиісті органдардың базасына тіркеліп, құрылыс жұмыстары басталса, телпегіңді аспанға ата бер деген сөз. Себебі, мұндағы көрмелерде ел назарына ұсынылатын мыңдаған картина, мүсін, құжат, кескіндеме, графика, сәнді қолөнер үлгілері сынды түрлі жәдігерлер – аймақтың рухани шежіресі, еліміздің мәдени-рухани байлығының бір бөлшегі. Сондықтан, осы өнер туындыларына, рухани байлығымызға заманауи баспана сыйланса, тұтас бір кезеңнің өзекті мәселесі шешілер еді. Жақсы жаңалықтан үміттіміз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button