Бәрекелді!

«Неге солай?»…

Жезқазған қаласындағы Достық үйінде «Жезкиік», «Ана туралы баллада», «Неге солай?» тағы да басқа өшпес әндерімен тарихта аты қалған Жақсыкелді СЕЙІЛОВ туралы көркемфильмнің алғашқы көрсетілімі өтті.

Сценарий авторы, режиссер Кенжебай Ахметов. Өзі – жазушы, драматург, аудармашы, ұлағатты ұстаздың бұл алғашқы түсірген киносы емес, бұған дейін «Наза» фильмі де көрерменге жол тартқан болатын. Ал, фильмнің қоюшы операторы талантты жас Қанат Мыңбай.

Қазақта өзі екі «Жезкиік» бар. Бірі Кәкімбек Салықов болса, екіншісі Жақсыкелді Сейілов. Өйткені екеуі бір-бірін толықтырып тұр. Кәкімбек «Жезкиіктің» сөзін, Жақсыкелді музыкасын жазды. Осыдан барып өмірге ұмытылмас ән келді.

Жақсыкелді Сейілов – әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Ұмытылмас тұлға.

«Неге солай?» фильмі Жақсыгелді Сейіловтің балалық және бозбала шағына жетелейді. Сонау 50-60-жылдардағы қазақтың дарқан даласына сапар шеккізеді. Сонымен бірге кино композитордың артынан ерген, бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқан аңызға нүкте қояды. Өйткені біреулер «Жақсыкелді туа бітті зағип болған» десе, бірі басқа жағдайда болды деседі. Туындыда нақтылық бар. Сөйтсек, бала Жақсыкелді «шешек» деген кеселдің кесірінен жанарынан айырылған екен.

«Ана туралы баллада» әнімен әрленген фильм әсері халықты тәнті етті. Сол уақыттағы ауылдағы атаның батасы, ананың аялы алақаны мен көпті көрген әженің ауырып жатса да көшуге қамданған жас отбасына барып «жол болсын!» айтуы, әкенің балаға деген зейіні, жас маманға деген мектеп директорының қамқорлығы туындыны аша түседі.

Алғашқы көрсетілімге келген Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров фильмге ақ жол тіледі. Сонымен қатар ол: «Ұлытау өңірінің ғана емес, жалпы қазақ елінің мақтанышы Жақсыкелді Сейілов туралы фильм осымен тоқтап қалмайды. Қолдау көрсетуге әзірміз», – деді.

Жезқазған, Ұлытау өңірінің зиялы қауым өкілдері, Жақсыкелді Сейіловтің көзін көріп, әріптес болған замандастары фильм авторларына ризашылық білдірді. Айта кету керек, рөлдерді сомдаған әртістер негізінен ауылдың қарапайым тұрғындары.

Кеш қонақтары Жақсыкелді Сейіловтің жары Зейнеп, туған бауыры Бақтыгелді, баласы Жанбота шығармашылық ұжымға алғысын жеткізді.

«Әкемнің жаңа өмірі басталды. Ол – экрандағы өмірі. Кенжебай ағамызға, актерларға тек шығармашылық табыс тілейміз!», – деді Жанбота Сейілов.

Кеш соңында режиссер Кенжебай Ахметов алдағы уақытта бұл фильмнің заңды жалғасы ретінде «Қаракөзді» түсіру жоспарда бар екенін айтты. Өйткені, Жақсыкелдінің үлкен сахнадағы ғұмыры «Каракөз» ансамблімен байланысып жатыр…

Ал, «Неге солай?» көркем фильмі арнайы жоспарланған таныстырылымдардан кейін кинотеатрларда көрсетілетін болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button