Жаңалықтар

Қаржы алаяқтарынан қалай қорғануға болады?

Күнделікті өмірде онлайн-банкинг жүйесінде тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеуде картадан картаға ақша аударып жатамыз. Қаржылық байланыстарды SMS хабарламалардың келуі арқылы растау – күнделікті іс десек те болады. Дегенмен, банктен келіп түсетін SMS-хабарламаларды рұқсатсыз ашудың қаржы алаяқтарының құрығына түсіруі мүмкін екенін білесіз бе? Бұл жөнінде Fingramota.kz кеңінен айтып береді.

«Сіздің қауіпсіздігіңіз – сіздің қолыңызда»

Жалпы, телефоныңыздағы SIM-карталарды ауыстыру арқылы банк шоттарынан ақша алу немесе төлем картасындағы ақша қаражатын шығарып алу – оңай. Бұл – SIM-свопинг (SIM-картаны ауыстыру) арқылы жүзеге асады. Ол – жәбірленушінің телефон нөмірін тауып, өзін сол нөмір иесі ретінде көрсетіп, ұялы байланыс операторымен байланысу арқылы SIM-картаны қайта қосуды сұрайтын «жүйе». Егер бұл қадам сәтті жүзеге асса, алаяқтар аккаунтпен тіркелген телефон нөмірін толық бақылауға алады. Әрине, SIM-свопингті картасында ірі сома болуы мүмкін дейтін клиент үшін қолданады. Өкініштісі сол, осындай алаяқтықтың кесірінен ұрланған ақшаны қайтарып алу – қиын. Сондықтан, SIM-свопинг құрбаны болған адамның құқық қорғау органдарына жүгінуі – міндетті. Сондай-ақ, болған оқиға туралы өзіңізге қызмет көрсететін банкке, ұялы байланыс операторына және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарлауыңыз керек.

Алаяқтықтың бір тәсілі телефон нөмірін ауыстыру арқылы жүзеге асады. Таныс нөмірден (банктен немесе өзге қаржы ұйымынан) қоңырау шалып, мысалы, төлем картасының деректемелерін хабарлауды немесе нөміріңізге жіберілген SMS–хабарламаның кодын атауды сұрайды. Қауіпсіздігіңіз үшін екенін растап, сол арқылы картадағы және шоттардағы өз қаражатыңызға қауіп төндіреді.

Оған кез келген нөмірді «қолдан жасауға» мүмкіндік беретін заманауи технологиялар көмекке келетінін де ескерте кеткен абзал. SIM-свопинг «Сіздің қауіпсіздігіңіз – сіздің қолыңызда» қағидатымен жұмыс істейтіндіктен, қаражатыңыздың қауіпсіздігі өзіңіздің сақтығыңыз бен қырағылығыңызға байланысты. Сондықтан, өзіңіз жайлы құпия ақпаратты ешкімге хабарлауға болмайды. Ең дұрысы – әңгімені аяқтап, ақпаратты нақтылау үшін қызмет көрсететін банкке қайтадан қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ, банктің жақын орналасқан бөлімшесіне барып, алаяқтық әрекет туралы өтініш жазған жөн.

Алаяқтықтың құрбаны болғандар не істеу қажет?

Fingramota.kz мәліметінше, алдымен, өз банкіңіздің менеджеріне шұғыл хабарласу арқылы өтініш жазып, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

Сондай-ақ, шоттарыңызға қол жеткізе алмай, картаңыздың қызмет көрсетуі істен шықса, банкке жүгінген дұрыс.

Олқылықтар орын алмас үшін банк сервистеріне тіркелген телефон нөміріңізді интернетте көрсетпеген ыңғайлы. Оған қоса, түрлі конкурстарға қатысу үшін промоутерлер тарататын сауалнамаларда немесе әлеуметтік желілерде де карта нөмірін көрсетпеу өзіңізге тиімді болмақ. Сондай-ақ, телефон нөміріне электрондық поштаның, әлеуметтік желілердің аккаунттарын және электрондық әмиянды тіркемеген жөн.

Жалпы, қаржы алаяқтары үшін жеке шотыңыз жөніндегі деректерге қол жеткізу телефоныңыз арқылы оңай жүзеге асатынын біліп жүргеніңіз дұрыс.

Осылайша, олар барлық қосымшаларға, оның ішінде мобильді банкингке қол жеткізе алады. Сондықтан, жеке смартфоныңызды қараусыз қалдырмаңыз. Көбіне қарапайым әрі тиімді ережелерді сақтау қаржыңызды алаяқтардан қорғауға мүмкіндік береді.

Аяулым Совет.

Басқа материалдар

Back to top button