Күйдәуір

– Дәулетбек сексенге келіп жатыр екен… Соған мына Шет жұрты кеш жасап жатыр екен… Күй кешін…

Бұл ауылда айтылып жатқан ду.

Дәулетбек дегені менің құлағыма жағады.

Өйткені, мен білген Дәулетбектердің жаманы болған емес. Сорлысы өзіммен қатар жүріп, қалам сілтеген кешегі Таңаттың Дәулетбегі болар. Алайда, оның өзі менен көш ілгері тұр емес пе?!.

– Уау, сонда бұл қай Дәулетбек? – деймін іштей.

Мен білген Дәулетбекті жалпақ қазақ та білсе керекті. Сәдуақастың Дәулетбегін айтып отырмын, әрине. Түптеп жіберсем, шынымен Сәдуақастың Дәулетбегі екен…

Осының алдында ғана Мағауияның тоқсан жылдығын атап өткенбіз. Көп күткен тойларымның бірі еді. Алайда, өткен соң ғана бірақ білдім. Содан-ақ тойдың қалай өткенін білуге болар… Кейін қарап отырсам Мағауияны шерпе күйдің ірі өкілі деп күлдібадамдай салыпты. Шын мәнінде ол ұлы күйші еді ғой. Оркестрдің тартқан симфониясын Мағауия сол қу таяқпен-ақ ойнап беруші еді ғой. Домбыраның құдіретін солайша бүкіл әлемге паш еткен Мағауияның тойы менің біреу біліп, біреу білмеген Ақадырдағы алпыс жылдығым сияқты Балқашта өте салыпты.

Мағауия Хамзиннің есімі мен үшін сакральді есім. Соны осы тойы бекітеді деп күткем. Мағауияның ұлы күйші екенін мен ғана айтып отырған жоқпын. Менен бұрын Ахаң – Ақселеу айтқан. Соны айтатын, соны қайталайтын ауыздың болмағаны бармақ шайнатады.

Орындаушылық шеберлігі жағынан Мағауиядан асып туған дәулескер жоқ. Бір ғана «Бестөрені» алайық. Кешегі Әбікеннен бастап бүгінгі Қайроллаға дейін орындаған дәулескерлеріміз қаншама?!. Бәрін қойып, айтып отырған Қайроллаша тартудың өзі бір арман болса керек қазақ баласына.

Сол керауыздығымыз Әбікен тойынан да көрінген. Тіпті, Әбікеннің туған күнін айтпай-ақ қояйық, туған жылын да білмей-ақ тойлайтын хәлге жетіппіз. Біреулеріміз жүз жиырмаға толды деп, тағы біреулеріміз жүз жиырма беске келді деп тойладық-ау деймін. Сол Әбікенді бойына сіңірген, Әбікеннің көйлекшең жиені Әріннің Игені осы Қарағандыда отырды-ау. Ең құрығанда сол кісіден сұрауға да болатын еді ғой.

Қазақтың екінші Тәттімбеті деп күлтелеген Әбікенге көрсетіп отырған құрметіміздің сиқы осы. Тіпті, оның туған топырағы Шалтасқа – ат ізін де салмадық-ау. Бет сипауға да жарамадық.

Ол тойда да не айтылғанын іштей сеземін. Қашқан, пысқан деген әңгіме айтылған болар. Қорқақ, қашақ деп ойлайды. Қорқақ қашуға да үлгермейді. Өліп кетеді. Ал қашақтар міндетті түрде қайта оралады. Кай Цезарь сынды.

Әбікен ұлы күйші деді ме екен?!

Ай, күмәнім бар…

Енді, міне, Дәулетбек күйшінің кеші өтеді екен…

 Шері Шетте…

Шерлі Шетте…

Шежірелі Шетте…

Халқымыздың шертпе күйі – мың өліп, мың тірілген өнеріміздің бірегейі. Өлген сайын күлден жаралған феникс құстай өршелене түседі. Қалың өрттен кейін қаудан жамырамаушы ма еді?! Күй өнеріміз де сондай. Оның да өсу, өршу, құлдырау кезеңдері болады.

Қазақтың Ахаңы, қазақтың Ақселеуі күйдің үш мың жылдық тарихы бар дейді. Оның өзінде бойлауық деп кесіп айтады. Ал, тарихшыларымыз қазақ баласының тарихын алты жүз жылға жеткізе алмай жүр.

Соған қарамастан Тәттімбеттен қайтамыз. Кетбұғыға жақындай да алар емеспіз. Қорқыттың сарынын құр бебеу көреміз.

Күй сакральді өнер деп жүрміз. Сөйтеміз де ән бірінші, күй бірінші деп қызылтанау боламыз. Сакральді-ақ болған соң күй бірінші. Дүниеге келгендегі адамның айқайы ырғақ емес, дауыс қана. Елдің бәрі Аққыз күйшіні ғана біледі. Шын мәнінде ол кісіден де талай ән қалған. Солардың ешқайсы да қазіргі шедевр деп жүрген әнсымақтардан сорлы емес еді.

Шертпе күйдің дәуірлеу тұсы – Кенесары заманы. Қосбасарларды жұрт қалақпен де, шанақпен де сарнатқан. Қу тақтайы болмағанда ыңылдарына жүгінген.

Өйткені, бұлар рухты күйлер болатын. Бұлар бой тіктететін күйлер болған.

Бұл күйлер кісі таңдамаған. Төресің бе, қарашасың ба? Бәрібір…

Содан да барып төрелер де қу тақтайға емінген. Хан Абылай хан болмағанда міндетті түрде күйші болатын еді. Наурызбай күйші десең, осының есі дұрыс па деп қарайтындар бар…

Жұрттың бәрі Дина деген күйшіні біледі. Аққызды білуіміз де ертеден. Әпикені де кейін біліп жатырмыз. Құдайға шүкір, құрақтайын желкілдеп өсіп келе жатқан ізбасарлары баршылық

Соған қарамастан оларды ошақ басынан ұзатқымыз келмейді. Қар күй тартпаған деген не сөз? Бұл қу тақтай қазақтың алтыншы қаруы емес пе?! Ал, қазақтың қай қары қолына қару алмап еді?! Қазақтың ханын аттан түсірген қаракөздері аз ба еді?! Бір ғана Кәрсөн Болған ананы, болмаса Бопай ханымды айтсақ та жеткілікті болар…

Шыңғыс дәуірінде де күйіміз дәуірлеу керек еді. Алайда, оның жаңғырығы алысқа кете алмады. Кенесары заманындағы деңгейге көтеріле алмады. Себеп – біреу. Олар өз жері үшін соғыспады. Отандары үшін соғыспады. Өзгенің жерін өз жеріміз қыламыз деп соғысты.

Өзгенің жерін алу үшін бес қару да жеткілікті болатын. Алтыншы қару өз жеріңді қорғау үшін керек-тін! Бұл сабақтастық ғасырларды көктеп әлі келеді. Дәл осы алтыншы қару бүгін керек! Шыңғыс бабамыздың дәуірінен кейінгі кезең бөлшектену мен ұсақтанумен келеді. Өздері көшіп, ұланғайыр жері қалды. Өздерінің аңсарларын ертегілерде қалдырды. Ал, сол ертегілерде бабаларымыз айдаһарлармен соғысып жатар еді. Бәрін қойып, «Ертөстік» ертегісін еске түсірсек те жетер еді. Бабаларымыз не қып айдаһарлармен соғысып жүр деп сұрақ қоя білмейміз. Ол не қылған айдаһар демейміз?! Сол сауалдардың жауабы Арқаның бойлауық күйлерінде тұр. Шетте өтетін Дәулетбектің кешінде Арқаның осы бойлауық күйлері ойналуы керек. Мен Шет өңірінен шыққан алпыс шақты күйшіні білемін. Күйшілер отбасы ғана емес, күйшілер әулеті де әлі үзілмей келеді. Кешегі Боқанның Шыныбегі, оның баласы Сапуанның, немересі Медеттің, шөбересі Ерболаттың құйқалы өнерін қалың жұртшылық біле бермейді. Сөзге тиек етіп отырған Дәулетбек күйшінің баласы Қайролланың, немересі Жүсіптің жүре күйші емес, туа күйші екенін кім біліп жатыр?! Осының бәрі айтылуы керек. Осы тойда, осы кеште бәрі ашық айтылсын. Дәулетбекті Елбасы тыңдаған дейміз. Дұрыс, оны да айтайық. Алайда, айтатын нәрсе Дәулетбек те – ұлы күйші. Мына Ақтоғай өңірінен шыққан Омаштың Жақсылығы бар. Кешегі Мағауияның алдын орап жүретін. Сол соқталы тұлғаны Аққыздың шәкірті деуден аспай жүрміз. Шын мәнінде ол кісі де – ұлы күйші. Оны да айтайық. Қашан мерейтойы келеді деп жүре бермей. Айтар нәрсе, дәл осы Дәулетбек Сәдуақасұлымен бірге тұтастай күйдәуір кетіп барады. Жақсылық пен Дәулетбек сол дәуірдің қос қанатындай көрінеді маған. Бұлар тұнық күйшілер. Бұлар туа күйшілер. Бұларға сарын Көктен келетін болса керек. Қайролла Сәдуақас, Қалкен Қасым солардың сарқыншағындай көрінеді маған. Уақытты байлап тұра алмайсың. Алайда, осы бір тұнық күй заманын ұзартуға әбден мүмкіндігіміз бар. Қайролла, Қалкендер барда… Қазір оқыған, ноқат танитын кәсіби күйшілер келіп жатыр. Солар қорқынышты. Өйткені, олар күйді нотамен игерген. Елді де сол нотаға байлап қояды. Ал, Арқаның бойлауық күйлері – азат күйлер. Олар біздің күндемізді көтере алмайды.

Төрехан МАЙБАС,

этнограф-жазушы.

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.