Жол жөндеу қарқыны артты

Қарағандыда жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы 83 шақырым жол қалыпқа келтіріледі. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қала бойынша жұмыс сапары барысында құрылыс және абаттандыру қарқынын тексерді. 

Қарағандыда төрт жаңа жол пайда болады. Құрылысшылар қазірдің өзінде Волочаевская, Приканальная, 134-ші есептік кварталдағы, 14-ші шағын аудандағы автостанциядан Шығыс автожолына дейінгі көшелердегі жөндеу жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар, Магнитогорская көшесінен Карл Маркс көшесіне дейінгі жолды, 7-ші магистральді және М-14 қиылысын қайта жаңарту жұмыстары басталды.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 23 жол орташа жөндеуден өтеді. Біз 812 жұмыс орнын құрдық. Сонымен қатар, аулаларда үлкен жұмыс атқарамыз, асфальтты ауыстырамыз, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатамыз. 285 аулада жаңа жарықтандыру жүйесі пайда болады, – деді қала әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов.

Облыс әкімі жолдарды асфальттаудан басқа жаяу жүргіншілер жолына да назар аударуды тапсырды.

– Автоәуесқойлар үшін жол жүруге жағдай жасаймыз. Бірақ, жаяу жүргіншілер туралы да ұмытпау керек. Жол бойында жаяу жүру мүмкіндігі болуы керек. Адамдар аялдамаларға дейін жайлы жолмен жету үшін жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандырыңыздар, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл бағытта жұмыстар басталып та кетті. Ал, бұл дегеніміз қала бойынша 100 шақырымнан астам жол реттеледі.

Аймақ басшысы Магнитогорская көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары басталған Майқұдық шағын ауданындағы жұмыс барысын тексерді. Биыл «Көгілдір тоғандар» шағын ауданына дейін төрт жолақты жолды аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыстар келесі жылы да жалғасады.   

Жеңіс Қасымбек теннис орталығының құрылыс алаңында да болды. Бұл жерде қала тұрғындарының серуендеуіне арналған орын болады. Сондай-ақ, қазір қалада сорғы станциясы бар жылу магистралі қайта жаңғыртылуда. Бұл жылу шығынын азайтуға және Оңтүстік-Шығыс аумағының 60 мыңнан астам тұрғынын сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.