Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер карантин аумағына кіре ала ма?

Карантин аумағында көлік және жолаушы тасымалы қалай реттеледі? Вахтада болған азаматтар үйлеріне қайта ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға облыс әкімінің баспасөз қызметі жауап берді. 

Қоғамдық көліктер жұмыс істейді ме?

 Карантин режимінде қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Алайда, такси қызметіне рұқсат етілген. Бірақ олар  бірқатар шарттарды сақтау қажет. Біріншісі – жедел әрекет ету орталығына қызметкерлер тізімін ұсыну тиіс.  Екіншісі — күн сайын жүргізушілердің денсаулығын тексеріп, автокөлікті жуу және дезинфекциялау. Үшіншісі – бір адамнан артық жолаушы тасымалдамау және оны көліктің артқы орындығына отырғызу. 

«Республиканың басқа облысында вахтада болдым. Үйіме қалай оралуыма болады?»

Бұл мәселе сіз вахталық әдіспен жұмыс істейтін облыстың аймақтық штабымен бірге пысықталады. Бір реттік рұқсат қағазы рәсімделіп, үйіңізге қайта аласыз.

 Облыс аудандарының арасындағы көлік қатынасы сақтала ма?

Жүк тасымалдауға рұқсат етілген. Транзиттік көлікке карантиндік аймақтың ішінде тоқтауға және адамдарды отырғызуға тыйым салынады. Сондай-ақ, пошта тасымалы, медициналық көмек, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және арнайы автокөлік (азаматтық қорғау, өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі), коммуналдық апаттық қызметтердің көлігіне жол жүруге рұқсат етілген. Бұдан бөлек, жерлеу катафалкаларына (жедел әрекет ету орталығымен алдын ала келісе отырып), инкассаторлар көлігіне жол жүруге рұқсат беріледі.

Азық-түлік және медициналық тауарларды тасымалдауға арналған көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылмайды. Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жұмысқа және кері қарай орталықтандырылған жеткізуді ұйымдастыруы тиіс. Көлік санитарлық өңдеуден өтуі қажет.
Шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемелерге шығуға рұқсат етіледі.
Карантиндік аймаққа перзентханадан шығарылғандар (растайтын құжат қажет) кіргізіледі. Жеке куәлігі бар екі адам ілесіп жүруіне мүмкіндік беріледі.
Барлық жүргізушілер мен жолаушылардың жеке қорғаныс құралдары: маскалар, антисептиктер болуы тиіс. Инкассация қызыметінен басқасы санитариялық бақылаудан өтуге міндетті.

Елді мекеннің ішінде жеке көлікпен жүруге бола ма?

 Маршруттар шектеулі: жұмысқа және кері қарай (жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда), жақын жерде орналасқан дүкенге, дәріханаға, банк бөлімшесіне. Көлігіңізге жанармайды үйіңізге жақын станцияда құйыңыз.

 Жеке басын растайтын құжатты үнемі өзімен бірге алып жүру керек пе?

Иә. Карантин режимі кезінде азамат өзімен бірге жеке басын растайтын құжатты алып жүруге және оны лауазымды адамдардың талап етуі бойынша бұлжытпай көрсетуге міндетті.

Жеке куәлік мерзімі біткен жағдайда не істеу керек?

Төтенше жағдай режимі кезеңінде жеке басын сәйкестендіру үшін мерзімі өткен құжатты: жеке куәлігін, ҚР азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, шетелдіктің тұруға ықтиярхатын қолдануға рұқсат етіледі (ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2020 жылғы 18-19 наурыздағы хаттамасына сәйкес).