Жаңалықтар

Елжан Біртанов: “Карантин шаралары коронавирустың таралуын азайтты”

Қатаң карантиндік шаралар елдегі вирустың таралу қарқынын 52%-дан 12%-ға дейін азайтты. Осының нәтижесінде, санитарлық және медициналық қызметкерлердің жұмыс ауыртпалығы азайып, науқастарға және олармен байланыста болған адамдарға дер кезінде көмек көрсетілуде. Бұл туралы  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Десек те, министр ел аумағында вирус жұқтырған адамдардың күннен күнге көбейіп келе жатқанын да атап өтті.  Болжам бойынша, індеттің белең алуы сәуір және мамыр айларына дөп келеді. Әсіресе, сәуірдің алғашқы жартысы ауыр өтеді. Бұл аралықта елде 3500 адам коронавирус жұқтыруы мүмкін. Ал, жаз айларында оның қарқыны бәсеңдейді. Бірақ, толық тоқтамайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, күзде індет қайталануы мүмкін.  Сондықтан да, елімізде   коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеу мақсатында 3920 инфекциялық,  7300 провизорлық төсек орын дайындалған. Бұдан бөлек 180 ауыр науқасты қабылдауға қабілетті жансақтау бөлімшесі әзірленген. Онда 170 жасанды тыныс алу аппараты, қан оксигенациясының экстракорпоральды мембрананалы 38 аппарат бар.

«Алайда пациенттер жұқпалы аурулар ауруханасында орташа есеппен 3-4 апта өткізетінін, елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорындар мен қызметтердің командаларында – медицина қызметкерлері, полиция, Қарулы Күштерде инфекцияның пайда болу қаупін ескергенде Қазақстанда әзірге көбірек төсек орын мен арнайы аурухана керектігі байқалады. Сонымен қатар ол ауруханалар инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талабына сай болуы керек. Онда боксталған палаталар, вентиляцияның ерекше жүйесі, жансақтау бөліміндегі орындар болуы тиіс. Мұндай тез тұрғызылатын емханалардың Қытайда қалай пайдаға жарағанын көрдік. АҚШ пен Италия, өзге де еуропалық елдердегі қарапайым емханаларға қандай жүктеме түсіп отырғанынан да хабардармыз. Көптеген ел науқастар мен медициналық персоналдар үшін инфекциялық қауіпсіздік технологиялары сақталмаған нысандар мен спорттық құрылымдарды пайдалануға мәжбүр», – дейді министр.

Елжан Біртанов осы мәселені ескере келе Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның ірі үш қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласында жедел тұрғызылатын үш инфекциялық аурухана (200-300 орындық) салу керектігі туралы ұсыныс енгізгенін мәлімдеді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты.

«Біздің құрылыс компаниялары бұл мәселеде үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Құрылысты 15-20 күннің ішінде аяқтау жоспарланған. Жылдам технологиялар, дайын блок-модульдік шешімдер, заманға сай инфекциялық қауіпсіздік жүйелері қолданылады. Қажетті медициналық және зертханалық жабдықтар орнатылады. Мұндай шаралар еліміздің коронавирус пандемиясының салдарын ғана емес, болашақта мүмкін болатын індеттерді жоюға мүмкіндік береді», – деді Елжан Біртанов.

Басқа материалдар

Back to top button