42500 теңгені қалай алуға болады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел азаматтарына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл қаражатты төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдармен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да ала алады. Оның қалай жүзеге асатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді.
– 42 500 теңгелік әлеуметтік төлемді алуда көпшілікке мынадай өтінішіміз бар: Біріншіден, мәліметіңізді дұрыс толтыру керек. Өзіңіздің есепшотыңызды дұрыс көрсетіп, ЖСН нөмірін дұрыс белгілеу керек. Екіншіден, соңғы екі айда болсын сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік төлем болуға тиіс. Себебі бұл төлем бір кассадан төленіп жатқан жоқ. Мемлекеттік сақтандыру қорынан аударылып жатыр. Бірақ осындай әлеуметтік төлемдері мүлде жоқ азаматтар да бар. Яғни бейресми жұмыс істеп жүргендердің еңбек шарттары жоқ, олар салық төлемеген. Сондықтан бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтарға президент рәсімделу ғана жеткілікті екенін айтты. Рәсімделу деген не? Ол үшін Бірыңғай жиынтық төлемді бір мезгіл төлесеңіз жеткілікті. Ол сома қала тұрғындары үшін 2651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1325 теңге. Осыны бір төлесеңіздер 42500 теңгені ай сайын алатын боласыздар, – деді Біржан Нұрымбетов.
Бірыңғай жиынтық төлемді “Халық банк”, “Форте банк”, “Жусан банк”, “Сбербанк”, “БЦК” және “Каспи банктің” мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. Немесе 5505 нөміріне хабарлама жазып, қала тұрғыны болсаңыз латын әріптерімен «gorod ESP» деп ЖСН белгілейсіз, ауыл тұрғыны болсаңыз «selo ESP» деп ЖСН белгілейсіз. Осыны жібергеннен кейін төлемдеріңіз есепке түседі. Осыдан соң 42 500 теңгені алуыңызға болады.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік төлемді алу үшін ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Бар болғаны электронды өтініш беріледі. Жұмыс беруші тарап өз қызметкерлерінің тізімін ұсынады. Сондай-ақ, азаматтарға табысынан төтенше жағдайға байланысты айырылғанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Барлығы өтініште көрсетілген деректердің негізінде қабылданады.
Халық арасында egov.kz порталының жұмысына байланысты түсінбестіктер туындаған еді. Электронды сандық қолтаңбасы жоқ азаматтар порталға тіркеле алмай, сарсаңға түсті. Әйтсе де, бұл қолайсыздық та өз шешімін таппақ. Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгені алу үшін арнайы сайт жасалатынын мәлімдеді.