Моцарт

Төрт жасында клавесин мен скрипкада ойнауды жете меңгерген, бес жасында музыка жаза бастаған, алты жасында Мюнхенге, Венаға алғашқы концерттік сапарына шыққан, жеті жасында музыкалық импровизациялары мен белгілі орындаушылармен жарысқа түскен, 9-10 жасында Бельгия, Франция, Англия, Голландия, Швейцарияда концерт қойған, 14 жасында алғашқы операсы Милан театрында қойылған, 15 жасында Бельгия мен Верона музыкалық академиялары мүше етіп қыбалдаған, 18-ге толғанша 30 симфония, 13 квартет, 14 соната жазған, 36-ға жетпейтін ғұмырында 17 опера, 50 симфония, 70 балет, толып жатқан концерттер жазған Моцарт бүкіл әлем мойындаған композитор.

Алаштың қанын ойнататын «Түрік маршын» бүгінде қазақтың қара домбырасымен нәшіне келтіре ойнайтын өнерпаздар көп.

Дальтон

Осыдан 250 жыл бұрын туған ағылшан химигі, Франция және Ұлыбритания Ғылым академияларының корреспондент мүшесі Джон Дальтон Манчестердегі әдеби-философиялық қоғамның мүшесі, кейін хатшысы, төрағасы болған. Сұйықтықтың булануы қысымға, температураға, тағы басқаларға тәуелді екенін зерттеген, химиялық элементтерді таңбалау жүйесін ұсынған, «атомдық салмақ» ұжымын енгізген, бірнеше элементтің атомдық салмағын анықтаған.

Кейін адам жанарында жиі болмаса да ұшырасатын дальтонизм деп аталатын ақауды алғаш байқап сипаттама берген. Халық түс айыра алмауды «дальтоник» дейді. Жүргізушілердің медициналық жарамдылығын тексергенде осы дальтонизм бар-жоғын бірінші кезекте айырады. Белгілі жағдай – дальтоник болсаң бағдаршамдағы қызыл, сары, жасыл түсті айырмайсың.

Джон Дальтон басқа ғылыми еңбектерімен емес, нақ осы дальтонизмді анықтап бергені үшін аты қалған. Бұл көз ақауы Дальтонның есімімен аталатыны содан.

Дж. Лондон

Жоқшылық тақсіретін кішкентайынан тартқан Джон есейе бастаған бойда сан алуан қара жұмыс істейді, жұмыссыздар армиясының Вашингтонға жорығына қатысады, АҚШ-ты, Канаданы кезеді, кезбелігі үшін абақтыда да отырады, әлеуметтік қызметі үшін де қамалады, Жер шарын айналып шығу саяхатына да қатысады. 17 жасында жазу өнеріне кіріседі. Алғашқы очеркі («Жапония жағалауындағы тайфун») басылып, содан соң әңгімелері, хикаялары, романдары бірінен соң бірі жариялана бастайды. Д.Лондонды қазақ тіліне ең көп аударылған американ жазушысы деуге болады. Қазақ тілінде оның «Ақ азу», «Жолдағы жолаушы», «Солтүстік жорығы», «Өмірге құштарлық», «Тыртық адам», «Мың дюжина», «Мартин Иден» секілді кітаптары жарық көрді. Оның шығармаларын Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Мәжит Дәулетбаев, т.б. аударғанының өзі Д.Лондонның қалам қуатын аңғартады.

Маржан терген Мағаш СЛАНБЕКҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.