Сақ болыңыз! Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарауда

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қоғамдық көліктің жұмысы туралы ЖАЛҒАН ақпарат таратылуда: скриншоттарда белгілі бір уақытта «Денсаулық сақтау» деген жазуы бар автобустардың нөмірлері көрсетілген. Бұл ақпарат жалған екенін хабарлаймыз! Карантин кезеңінде қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды.

Карантин облыстың барлық аумағында 7 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап енгізіледі. Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Бұқар Жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Ботақара, Көкпекті, Ғабиден Мұстафин, Петровка елді мекендерінде кәсіпкерлік және халықтың өзге де тіршілігінің айрықша жағдайлары қарастырылған карантиннің ерекше тәртібі қолданылады. Бұл қалалар мен аудандардың тіршілік әрекетіне жауапты кәсіпорындарды қоспағанда, барлық ұйымдардың қызметі тоқтатыла тұратынын білдіреді. Өз қызметкерлерін тасымалдау үшін әрбір ұйым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін қызметтік автокөлік ұйымдастыруы тиіс. Арнайы жазулары бар автобустар қала бойынша жүреді, оларды тек нақты кәсіпорындардың қызметкерлері ғана пайдаланады. Барлық басқа тұрғындар үшін бұл көлік қолжетімсіз!

COVID-19 жағдайы және карантин туралы барлық нақты ақпарат Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында және Facebok Instagram,  Telegram әлеуметтік желілеріндегі  ресми парақшаларда жарияланған. 

Карантинді бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанына назар аударамыз. Ереже бұзушыларға айыппұл (10 АЕК немесе 26 510 мың теңге) немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады..

Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін заң бұзушылар ҚР ҚК 274 бабы бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.