Руханият

Дарабоз

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ, МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ КЕҢЕС ЖҰМАБЕКОВ ӨТКЕН ЖЫЛЫ 70 ЖАСҚА ТОЛҒАНДА, ӨЗІ СЫРҚАТТАНУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ МЕРЕЙТОЙЫ РЕСМИ ТҮРДЕ АТАП ӨТІЛМЕГЕН ЕДІ. БИЫЛ СЕГІЗІНШІ ОНДЫҚҚА ҚАРАЙ ҚАДАМ БАСТЫ ӘРІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ТУРА 50 ЖЫЛ ЕКЕН. АҚЖАЙЫҚТАН ТҮЛЕП, АЛМАТЫДА ОҚЫП, ҚАРАҒАНДЫДА ЕҢБЕК ЖОЛЫН ДАҢҒЫЛҒА АЙНАЛДЫРҒАН ТҰЛҒАНЫҢ ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ОЛЖА САЛҒАН ҰЛАҒАТТЫ ЖОЛЫН НЕГЕ АЙТПАСҚА?!

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЯН

 1948 жылы Орал облысында туған ол 1968 жылы М.Әуезов атындағы академиялық театр жанындағы театр студиясын, 1985 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі Кеңес Нарымбайұлы – түрлі жанрдағы драмадан бастап, трагедиялық образдарды өзіндік өрнек, қолтаңбасымен, асқан шеберлікпен сомдайтын талантты әртіс. Диапазоны өте кең, оның репертуарында шағын рөлден бастап, көрерменнің есінде қалатын комедиялық рөлдер көп. Ол сахнада сомдаған бейнелер – көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, мойындалған образдар.

Ол – қабілетті драматург. Оның бірнеше шығармасы республикамыздың көптеген театрларында қойылып жүр. “Қаздауысты Қазыбек”, “Замана, неткен тар едің?!”, “Ата парызы” және Ә.Оразбековпен бірлесіп жазған “Тәттімбет” шығармалары. Осы қойылымдармен республикалық театр фестивалдеріне қатысып, жүлделі орындарға да ие болды.

Кейінгі жылдары “Адасқандар”, “Абай мен Әбіш”, қайта өңделген “Қаздауысты Қазыбек би”, “Көмекей әулие” тарихи драмалары – театр репертуарын байытқан қойылымдар.

 Актер Тараз қаласында өткен “Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады” І Халықаралық фестивалінде “Актер өнеріне қосқан үлесі үшін” аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

1986 жылы С.Жүнісовтің “Өліара” қойылымындағы бас кейіпкер В.Лениннің бейнесін сомдағаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанса, театр өнерін дамытып, мәртебесін өсіру жолында еткен еселі еңбегі ескеріліп, 1996 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағына ие болды.

2001 жылы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы, 2002 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, 2008 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет қайраткері” төсбелгісімен, 2018 жылы “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

«ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ…»

Халықтар достығы орденді Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында табан аудармай 50 жыл бойы талмай қазақ өнеріне, ұлт руханиятына қызмет етіп келе жатқан Арқаға аяулы, Қазақстанға кең танылған Кеңкең саxна саңлағы, театр тарланы ғана емес, ол – драматург, театр тариxын зерттеп, алдыңғы толқын аға-апа әріптестерінің есімдерін жаңғыртқан қаламгер.

Кезінде екі мәрте театр басшысы тізгінін ұстап, ұжымды жаңа қонысқа көшіріп, іскер ұйымдастырушылық қабілетін де танытты. Арқадағы қазақ өнерінің қарашаңырағына жеке ғимарат салынуына да өзі тікелей мұрындық болды.

2006 жылдың күзі болатын. Қарағанды облысына келген кезекті жұмыс сапарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ театрының болашақ ғимаратының макетімен танысып, символикалық алғашқы кірпішін өз қолымен қалады. Қарағандылық архитектор Қанат Мұсаев жобалаған макетті қарап тұрған Елбасы “Театр директоры қайда?”- деп, Кеңкеңді өзінің қасына шақыртып алады да, «Болашақ театр ғимаратының жобасы сізге ұнады ма?» деп сұрайды. Кеңкеңнің «иә» деген жауабынан соң, «менің де көңілімнен шықты, бұнда жұмыс істейтін сіздер ғой, сондықтан, ең бастысы, сіздерге ұнаса болды» деп, алғашқы қадасын қаққан болатын. Директор Кеңес те сөз реті келіп тұрғанда, «Театрдың жаңа ғимаратының ашылуына келіңіз!» дейді, «Шақырсаңыздар, келемін» деген Президент 2008 жылы желтоқсанда Қарағандыдағы қазақ драма театрының жаңа ғимараты қолданысқа тапсырылған күні арнайы келіп, жаңа сахнадағы бірінші қойылым – «Айман-Шолпан» комедиясын артистермен, көпшілік көрерменмен бірге тамшалады.

Сәкен театрында саxналанған жазушы-драматург С.Жүнісовтің «Өліара» пьесасы бойынша қойылған спектакльде Кеңес Жұмабеков ойнаған пролетариат көсемі Ленин образы аға буын көрерменнің есінде болар. Спектакльдің қоюшырежиссері, қазіргі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ерсайын Тәпенов пен сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мақат Рымжановтың сенімінен шығу Кеңес үшін оңай болған жоқ.

«Өліара» спектаклін республиканың қаншама театрлары қойса да, Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны – облыстық өнер ұжымдары ішінде жалғыз Сәкен театрының қойылымы еді.

Премьерадан соң академик Е.Бөкетовтің «Кеңестің Ленинін көргеннен кейін Ленин өзі қазақ болған ба деп қалдым» деген бірауыз сөзі артистің еңбегіне берілген ең жоғары баға болатын.

Театр тарланының көрермен көңілінен шығып, сыншылардың садағына емес, мадағына ілінген рөлдері 100-ден асады.

ӘРТІС БАЛА

Майшұңқырда туған Кеңестің балалық шағы Ақжайық бойындағы, Шалқар атты балықшылар аулында өтті. Әртістікті бала кезден армандаған. Шалқар жеті жылдық мектебінде оқып жүргенде сықақ айтатын, концерттерді жүргізетін конферансье бола жүріп, «әртіс бала» деген аты шықты.

Әкесі Нарымбай Шалқардағы поштаның бастығы болып жұмыс істейді. Күнде бас алмай оқитыны әкесі жаздырып берген «Балдырған» мен «Пионер» журналдары. Нарымбай қарияның да бір кезде осы Қарағандыда поштаның оқуын 6 ай оқып кеткені бар болатын. Бүгінде сол бір балалық бал дәурен күндерді Кеңкең былай деп еске алады: «Пионер» журналына «Мәжит» деген пьеса шықты. Орыс тілінің мұғалімі Назипа деген апайымыз сол пьесаны қойды да, маған жалқау баланың рөлін берді. Сабақтан қашатын бұзық бала, соны ойнаймын деп керемет «популярный» бала болып кеттім».

АЛМАТЫДАН – АРҚАҒА

Мектепті бітіре салып Алматыға тартты. Олар келгенде жоғарғы оқу орындарына құжат қабылдау аяқталып қойған. Театр студиясына кешігіп барып, әртістік қабілетінің арқасында әупірімдеп әзер деп өткені – өз алдына жеке бір әңгіме.

Сөйтіп, театр студиясындағы студенттік екі жыл өте шықты. Сол студенттік шағында сахнада алғаш тұсауын Әзірбайжан Мәмбетовтің кескенін Кеңкең аузынан тастамайды. Оқуға қабылданарда «бізге балаларды ойнайтын кішкентай бойлы актерлер де керек» деп тілдей қағаз жазып берген Әзекеңнің батасымен Кеңес бойының аласалығының арқасында екі жыл бойы «Әкем» театрда «Ана – Жер-Анада» Толғанайдың немересі Жеңісбектің рөлінде сахнаға шығатын. Сахнадағы сара жолы анау­-мынау емес, М.Әуезов атындағы академиялық мемлекеттік театрда басталғаны бүгінде бір ертегі сияқты. Бұл – 1966-1968 жылдар болатын.

Театр-студияны бітірген жазда үш ай академтеатрмен гастрольге шыққаны бар. Павлодарға, Семейге барып, «Ақан серіде» – Мұраттың рөлін ойнайтын. «Біраз тәжірибе жинақтап келсін» деп, Қарағанды театрына Әзірбайжан ұстазының жол сілтегені әлі есінде.

ОЛЖА САЛҒАН ОЛЖАТАЙ

– «Менің ә дегеннен творчествода жолым болып кетті. Ол кезде мұнда балаларды ойнайтын актер жоқ екен» дейді өзі. Кеңес келгенде Қарағанды театрында «Ажал мен Ажарда» – Олжатай, Байджиевтің «Әке тағдырында» – Жеңісбек, «Ана – Жер-Анада» – Жеңісбек, «Еңлік-Кебекте» – Жапал, «Қамбар батырда» – Жарқын, «Ай тұтылған түнде» – Ешмұрза бар жас балалардың, жас батырлардың рөлдері көп болды. Ол кезде театрда жас актерлер жоқтың қасы. Кеңкең алғашқы рөліне қандай құлшыныспен кіріскенін былайша әңгімелейді:

«Мен келген жылы С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» драмасы қойылды, осы қойылымда маған бірден Олжатайдың образын ойнау тапсырылды. Қойылымда мен балалардан таяқ жеп келем, анам Бөпішпен сөйлесіп тұрады. Бөпіш – анама қызығып жүретін жігіт ағасы, сырттай ғашық, бірақ, анам қарамай қояды. «Не болды, кім тиді?» деп сұрайды анам. Мен жылап, «балалар мені ұрды, әкең жоқ, жетімсің, жетімексің, Олжатайсың жолдан табылған, әкең жоқ» деп айтты деймін. Сол сәтте анам «кім оны айтқан, сенің әкең бар, ол мына тұрған Бөпіш» деді. Бөпіш мұндайды күтпеген, өзі ғашықтығын білдіре алмай, үйленгісі келіп жүрген біразға келген адам ғой. «Рас па, рас па, Ажар?» деп анама қарағанда, ол «рас» дейді. Сол кезде Бөпіш (Мұздыкең) «Иә, мен сенің әкең» деп құшағын жая ұмтылғанда, елжіреп кетіп, «әке!» деп барып мен де құшағына кіріп кетемін. Үшеуміздің құшақтасып тұратын жерімізде бүкіл зал ду қол шапалақтап тұрып алды ғой. Осы сцена менің өміріме өшпес із салды, шығармашылығыма жағылған шамшырақ еді»

ТЕАТР ЖЫЛНАМАШЫСЫ

Кеңкең атқарған игілікті істердің қатарында – Қарағанды қаласындағы «Бұл үйде тұрған…» деген сөздермен басталатын ескерткіш тақталар және сол тақталардың орнатылуы. Олардың саны – 19. Бірі – Қали Байжановтікі, бірі – В.Борисовтікі, барлық театрдан бір-бірден. Қарағандының Сәкен театрында қызмет еткен 14 адамға ескерткіш тақта қойылды. Мұздыбек Әбдікәрімов, Жәмила Шашкина, Зейнолла Жақыпов, Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекова, Зейнолла Көшкімбаев, Ағдарбек Ыбыраев, Торша Жабаев, Өмірзақ Асылбеков, Қайныкен Әлімбаева, Аманжол Сәлімбаев, Рамазан Баймағамбетов, Әсия Абылаева, Қарғаш Сатаев – осы тұлғалардың тұрған үйлерінің қабырғасына қойылған мемориалдық тақталардың барлығы да Кеңкеңнің бастауымен жүзеге асырылған шаралар.

ҚАРТ АКТЕРДІҢ МОНОЛОГІ

Ана бір жылдары Кеңкеңнің ұлы ұстазы Нұрмұхан Жантөрин араға біраз уақыт салып, театрға қайта оралғанда, сахнаға шығып, аспанға қарап тұрып, «Шәкен аға, Қаллеки, қайтып келдім, жебей көріңдер!» деп тізерлеп отырған күйі ұзақ күбірлеп сөйлегені көз алдында.

Биыл күзде ұстазының осы бір жан тебірентерлік көрінісін қайталап, қасиетті сахнада көрерменмен қоштасатынын айтады.

«Енді мен сахнаға көп шықпаймын. Мен шаршадым. Жо-жоқ, сенен шаршағам жоқ, қасиетті өнер! Осы уақытқа дейін өнерді сүйреп келсем, енді өнерге сүйретілгім келмейді. Тәуба деймін, соңымда сенетін жастар бар, қасиетті сахна соларға аманат» дейді сахна дарабозы Кеңес Нарымбайұлы.

 Сағат БАТЫРХАН,

халықаралық журналист.

 

Басқа материалдар

Back to top button