Жаңалықтар

Сенатор – ел ішінде

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Рысқали ӘБДІКЕРОВ өткен аптада Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. 23 наурыз күні сенатор Шахан кентіндегі жылу желісінің және орталық қазандықтың жұмысымен танысты.

Кәсіпорын басшысы өндірістің құрал-жабдықтарын көрсетіп, алдағы жоспары туралы айтып өтті. Одан кейін Рысқали Әбдікеров жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Жиынға Шахтинск қаласының әкімі Ә.Халтонов, Шахан кентінің әкімі Ғ. Өмірбеков қатысты.

Жергілікті тұрғындармен кездесуде депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының маңызды бағыттарымен таныстырды және Сенаттың атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Елдің әлеуметтік жағынан өсіп-өркендеуіне бағытталған бағдарламалар негізі сөз болды.

Депутатқа бірқатар сұрақтар қойылды. Соның бірі – кент тұрғындарын алаңдататын мәселе – көмір өндіретін «Долеон» ЖШС-нің қазіргі кезде инженерлік-геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуі болды. Экологиялық зиянына байланысты бұған кент тұрғындары қарсылық білдіріп отыр. Сонымен қатар кенттегі тазартқыш құрылыстары мен канализация жүйесінің тозуы, электр тарифінің өсуі, облыстық маңызы бар «Қарағанды-Саран-Шахтинск» автожолын күрделі жөндеуден өткізу, «Шахан-Молодецкое» жолындағы көпір құрылысын бастау және Шахан кентінде жұмыс орындарын көбейту үшін жаңа кәсіпорындар ашу қажеттілігі туралы айтылды. Бұл сұрақтар жөнінде қала әкімі жауап беріп, бар проблемаларды орындауға шаралар қолданатындығын жеткізді. Кездесуден кейін Рысқали Әбдікеров кент тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады және орталық қазандықтан жылумен қамтамасыз етілетін көп қабатты үйлерді аралап шықты.

Келесі күні Рысқали Әбдікеров Қарқаралы ауданындағы ішкі істер бөлімінің жұмысымен танысты және аудан әкімдігінің ғимаратында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын талқылау кездесудің басты мақсаты болды. Депутат халық өмірінің деңгейін көтеруге, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында халық арасында жиі көтеріліп жүрген өзекті мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды. Кездесуден кейін Сенатор азаматтарды қабылдау өткізді. Тұрғындар көтерген «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы тас жолына жөндеу жүргізу, Қарқаралы қаласының электр желілерінің тозуы мен қала басында туризмді дамыту мәселелері бойынша төмендегідей жауаптар берілді: бірінші мәселе бойынша Қарағанды облысы әкімдігіне депутаттық сауал жолдап, оң шешімін табуға көмек көрсететіндігін жеткізді. Екінші мәселе бойынша жауапты облыстық басқарма басшыларымен бірлесе қаланың тозығы жеткен электр желілерін айырбастауға тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, іске асуын қадағалайтындығын айтты. Үшінші мәселе бойынша Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркі аумағында туризмді дамыту үшін бас жоспарды бекіту керек. Іссапардан барғаннан кейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізіп, бас жоспарды бекітуге ықпал жасайтындығын айтты.

Бұдан кейін Р.Әбдікеров Қаршығалы ауылдық округіне қарасты Көктас ауылына барып «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен мектеп пен отбасылық дәрігерлік амбулаторияны көріп, ауылдық клубта ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

Қарқаралы ауданындағы кездесуден кейін сенатор Бұқар жырау ауданына барды. Жұмыс сапарының бағдарламасына сәйкес Р.Әбдікеров аудан прокуратурасының қызметкерлерімен кездесіп, Мемлекет басшысы Жолдауының маңызды бағыттарын талқылады. Жолдауда белгіленген тапсырмаларды орындау жолында құқық қорғау органдарына зор міндет жүктеліп отырғаны атап өтілді. Бұдан кейін Р.Әбдікеров Бұқар жырау аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелерімен, аудандық соттың төрағасы С.Жұмабеков пен аудандық полиция басқармасының бастығы В.Штыбиннің қатысуымен кездесу өткізді. Кездесуде Р. Әбдікеров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерін атап өтті. «Ел азаматтарының бүгінгі міндеті Президент алға қойған мақсаттарды жүзеге асырып, нақы нәтижеге қол жеткізу» – деді Сенат депутаты. Әрі қарай Рысқали Қалиақбарұлы кейбір заңдардағы өзгерістермен таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу аяқталғаннан кейін Рысқали Әбдікеров азаматтарды жеке қабылдады. Сапар соңында Сенат депутаты Р.Әбдікеров Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған негізгі тапсырмаларды түсіндіру мақсатында «Руханият» қосымша білім беру орталығының педагогикалық ұжымымен кездесті. Мұғалімдердің мәртебесін, жалақысын, білім беру сапасын арттыру бойынша, сондай-ақ, ұстаздарға қажетті жағдайлар жасау, мектепке дейінгі білім беру қамтуын кеңейту жөнінде жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

Жазыкен ТОМПИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button