Спорт

Үлкен мүмкіндік олжа әкеле ме?

Қазақстандық футбол клубтары келер маусымда UEFA Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнайды. Командалардың 2020-2021 жылғы маусымына қатысуға сертификат беру жайлы шешім федерацияда өткен комиссия отырысында мақұлданды.

Онлайн-конференция түрінде өткен жиында, еуропалық жарыстарға қатысатын қазақстандық командалардың Fair Рlay ережесін орындауы ескерілді. Сондай-ақ, UEFA Чемпиондар лигасының жаңа маусымына қатысуға «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Қайрат» (Алматы), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайсар» (Қызылорда) футбол клубтарына сертификат берді. Алайда, «Астана» клубы «Астана Арена» стадионын 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, FIFA аккредитациясы бар зертханадан сынақтан өткізуі тиіс. Сонымен қатар, «Қайсар» клубы да «Ғани Мұратбаев» атындағы стадионын жөндеп, сынақ қорытындысын 2020 жылдың 1 тамызына дейін тапсыруы керек.

Биыл Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында іріктеу сатысындағы ойындар бір кездесуден тұрады. Кездесулер жеребе бойынша анықталмақ. Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеуі 8-11 тамыз аралығында өтсе, Еуропа лигасында 20 тамызда өткізіледі деп жоспарланған.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button