30 жылдыққа – 30 шақырым

Тәуелсіздікпен төл құрдас гимназиямыздың беделді ұстазы, біздің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанайдар ЗЕКЕНОВ – ел үшін күрескен қазақ батырларына арнап және Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай 30 шақырым жүгіруді қолға алған еді.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолында Қазақстанның бүгіні де тарихқа айналады. 20 жылдан аса жүгірумен айналысып, бар өмірін бала тәрбиесіне арнап келе жатқан Жанайдар ұстаздың жолы – ұлы жол.

2019 жылы Қарағанды қаласында ұйымдастырылған «Арманға жол» марафонында 21 шақырымға, 2020 жылы Ресей елінде қашықтан өткен «Күздік марафонда» бой көрсеткен ұстаздың атап айтар жетістіктері аз емес. Жанайдар Қасымжанұлы 2021 жылдың қыркүйек айында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұстаздарының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Қарағандыдан – Қарқаралы ауданына 220 шақырым эстафеталық алыс қашықтыққа жүгіру байқауына да қатысты.

Жанайдар Зекеновтің спортқа деген сүйіспеншілігі барлығына үлгі. Ұстаз бұл спорт түрінің өзіндік ерекшеліктерімен бөлісті:

Мен, ең алдымен, күш-қуатты отбасымнан аламын. Себебі, мені үнемі отбасым, ата-анам қолдап отырады. Екінші – спортқа деген сүйіспеншілік. Тағы жүгірсем, бұдан да жоғары нәтиже көрсетсем деген ойлар маған керемет күш-қуат береді. Уақытымның көбісін таза ауада өткіземін. Спорттың өмірге қаншалықты маңызды екені және оның тек физикалық даму үшін емес, сонымен бірге психологиялық және рухани даму үшін де қажет екенін білуіміз керек. Жүгіру – бұл ең жақсы психолог, оның көмегімен көптеген ішкі күйзелістер мен қиындықтарды шешуге болады. Мен кей кездері жүгіруді селқос, көңілсіз бастап, ал бір сарынды қозғалысты қайталаудан кейін күрделі мәселелердің себебін анықтап, олардан шығар жол тауып, бір сағаттан кейін саябырсып, тынышталып ораламын. Тағы бір айтарым, сайыстарда жүгіру маған күшті әрі төзімді болуға үйретеді, – дейді ұстаз.

Спорт көбіне жарыс күйінде өтетін әрекет. Біреуі жеңіледі, біреуі жеңеді. Жеңілсеңіз жеңуге ұмтыласыз. Жеңсеңіз – тағы биік шыңдарды бағындырсам деп армандайсыз.

Біз ұстазымызбен бірге қаншама қалалық, облыстық сайыстарға қатыстық. Үнемі жүлделі орындармен қанжығамыз майланып қайтады. Ол мұғалімнің бізге деген сенімінің, үнемі ақыл-кеңесін айтып, спортқа деген сүйіспеншілігімізді арттыруының арқасы деп есептеймін.

Дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастарды тәрбиелеудегі еңбегі үшін ұстазыма алғыс айтқым келеді.

Алуа ТӨЛЕУТАЙҚЫЗЫ,

Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның

10-сынып оқушысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.