Әдеби білімнің басы – Әліппе

Әліппе – әдеби білімнің басы. Оны мектептегі әдеби білім берудің бірінші кезеңімен де түсіндіруге болады. Мәселен, 1-кезең (1-4 сыныптар), 2-кезең (5-8 сыныптар), 3-кезең (9-11 сыныптар) сынды үш кезеңнің әрқайсысының өз мақсат-міндеттері бар.

Бірінші кезеңнің негізгі мақсаты – баланы оқуға, жаза білуге және мәтінді мазмұндауға үйрету. Бұл кезеңде көркем туындыға деген бала ынтасы қалыптасып үлгеруі керек. Демек, бұл – Әліппенің» мақсаты.

Екінші кезеңнің негізгі мақсаты – оқушыға көркем сөздің көркем туындыдағы рөлін, маңызын таныту, ондағы авторлық көзқарасты танып-білуге үйрету, көркем шығарманың әр жанрдан тұратынын түсіндіру, ол туралы өз ой-пікірлерін айта білуге дағдыландыру, шағын әдеби айтысқа жетелеу, әдеби талдау дағдыларын қалыптастыру.

Ал, үшінші кезеңнің негізгі мақсаты – оқушыны өз бетімен көркем туындыны оқуға, талдауға баулу, оқушыға әдебиет тарихынан, әдебиет сынынан, әдебиет теориясынан білім беру, көркем туындыны әдебиеттану ғылымын басшылыққа ала отырып талдауға үйрету.

Әліппені оқытудың да үш кезеңі бар: «Әліппеге дейінгі кезең», «Әліппе кезеңі» және «Әліппеден кейінгі кезең». «Әліппе кезеңіңде» бала қоршаған ортамен, мектеппен танысады, сөйлеуге үйренеді. Аталмыш кезеңде баланың тілі мен сөздік қорын дамыту жұмыстары жүргізіледі. Жазу машықтары, яғни, қол үйрету жаттығулары үйретіледі. Баланың әріптермен, олардың дыбыстарымен танысатын кезеңі – «Әліппе кезеңі». Бала әріп элементтерін жазумен, сызумен айналысады. Дыбыстар арқылы бала буын құрайды, буыннан сөз құрайды. «Әліппеге дейінгі кезеңінде» бала өз бетінше жазу жазады, берілген тапсырмаларды, ертегі, әңгімелерді оқи бастайды.

Дәл осындай кезеңдер қазіргі «Сауат ашуда» да бар. Бұрынғы Әліппе мен қазіргі Сауат ашудың бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?

Олардың мақсат-міндетінде айырмашылық жоқ. Бірақ, оқыту әдістемесінде өзгешелік бар. Мәселен, 1-сынып оқушылары Әліппені оқып бітірген бірінші жартыжылдықтан соң, Әліппемен қоштасатын. Екінші жарты жылдықта Ана тілі пәнін оқуды бастайтын.

Ал, Сауат ашу пәнінде Әліппе мен «Ана тілі» мазмұны қатар қамтылады. Балалар «Сауат ашу-1» бөлімінде Әліппе мазмұнын, «Сауат ашу-2» бөлімінде «Ана тілі» мазмұнын оқиды. Сауат ашудың Әліппеден әдістемелік тұрғыдағы басты айырмашылығы, мұнда бір әріпті үйренуге төрт-бес сабақ арналады да, сол уақыт аралығында балаға өздігінен ізденуге үйрететін түрлі тапсырмалар беріледі. Екінші бір айырмашылығы – Сауат ашу «оқылым», «тыңдалым», «айтылым» және «жазылым» тәрізді деңгейлерден тұрады да, бір әріпті үйрену осы төрт деңгей бойынша жан-жақты қарастырылады.

Бұл айырмашылықтардың жаңартылған білім мазмұны негізінде пайда болып отырғандығы мәлім. Бірақ, жаңартылған білім мазмұны элементтерін Әліппе мен Ана тілін оқытудың бұрынғы әдістемесіне иіп әкелудің үлкен нәтиже берері хақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұрынғы Әліппе мен Ана тілінің аты да, заты да қайта оралуы тиіс. Заты болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған және заманауи талаптарға сай болуы керек!

Жанар РҮСТЕМОВА,

 Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті.