Өрт ошақтары ауыздықталды

Шаруа баққан ауыл адамдарының көңілі жаз маусымында шабындықтар мен мал жайылымдарының тілсіз жау – өрттен аман болуына алаңдайтыны белгілі. Алайда, табиғат құбылыстарының әсерінен туындайтын дала өрттері адамдарды еріксіз әбігерге салып жататыны – әр жыл сайын қайталанып тұратын жағдай. Осындай ахуал соңғы аптада айрықша белең алды.

Ұлытау ауданына қарасты Шеңбер селолық округі аумағындағы Арғанаты таулары төңірегінде, сонымен қатар, Исалық, Көксай қыстақтары маңы мен Қостанай облысымен шекаралас жатқан дала алқабында найзағай түсуі себепті орын алған өрттерді сөндіру мемлекеттік өртке қарсы қызмет пен ауыл азаматтарынан айтарлықтай күш-жігер мен ымыра-бірлікті талап еткені анық. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара отырып, бірлесе әрекет етудің нәтижесінде тілсіз жауға тосқауыл қойылды. Жайылымдар мен шабындықтардың біршама бөлігі жарамсыз күйге түскенімен, өрттің одан әрі өршімеуіне, ел игілігінің сақталып қалуына негіз қаланды.

Осы орайда, аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы маңызды мәселеге ерекше мән беріп, өрт сөндіру жұмыстарының ұйымды ұйымдастырылуы мен жүйелі жүргізілуін өз бақылауында ұстады.

Міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қараған аудан орталығындағы №32 өрт сөндіру бекеті мен күрделі кезеңде көмек қолын созуға Жезқазған қаласынан жедел жеткен №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің табандылығы мен төзімділігі де атап өтуге лайықты. Шынымен де, №32 өрт сөндіру бекетінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты М.Исмағұлов пен Жезқазған қаласы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты М.Рүстем бастаған жігерлі жігіттер ауылдың атпал азаматтарымен тізе қосып, жан аямай әрекет етті.

– Өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруға машықтанған, жоғарыда аталған мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне ауыл тұрғындарының атынан шынайы пейілмен алғыс айтқым келеді. Жауапкершілік салмағын сезіне білу – өресі биік адамның еншісіндегі іс. Олар сол деңгейден көріне білді – дейді Шеңбер селолық округінің әкімі Сағат Сұлтанов.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген екен байырғы бабаларымыз. Өрт ошағы бір жерде ауыздықталса, іле-шала екінші жерден бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да, ауыл әкімдігі аудандық төтенше жағдай бөлімімен бірлесе отырып, ахуалды тұрақты қадағалауда ұстауға – мүдделі.

Өз тілшімізден.