Жоғалған бала отбасына оралды
Биылғы жылдың 25 шілдесі күні сағат 16:28-де Қарағанды қаласы полиция басқармасы (ПБ) жедел басқару орталығына қала көшелері ауласының бірінен 8 жасар баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Анасының сөзінен бала аулаға әдеттегідей ойнауға шыққаны белгілі болды. Белгіленген уақытта үйге оралмағандықтан, анасы алаңдаушылық білдірген.
Алғашқыда баланы анасы өзі іздеген, таба алмаған соң жаны қысылған әйел “102” телефон номеріне хабарласып, полицияның көмегіне жүгінеді. Оқиға орнына жедел жеткен Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері баланың түр-түсі мен киген киімін анықтап, маңайды жіті шолуға кіріседі. Дереу жедел іздестіруші мобильді топ құрылып, оның құрамына облыстық полиция департаменті, Қарағанды қаласы ПБ жеке құрамы, патрульдік полиция полкі және Оңтүстік-Шығыс ПБ жеке құрамы жұмылдырылған болатын.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде оның екі досымен бірге Федоров су қоймасына кеткені белгілі болды. Көрген адамдар мен бірге ойнаған балалар да табылды. Олар балалардың қала жаққа бет алғанын айтты. Тәртіп сақшыларынан құралған жедел іздестіру тобы жоғалған баланы қала орталығынан тауып, үйіне аман-есен қайтарды.
«Біздің Оңтүстік-Шығыс ПБ қызмет көрсету аумағында 30 білім беру мекемесі орналасқан. Оларда жиырма мыңнан астам кәмелетке толмаған жасөспірім білім алады. Қазіргі таңда Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының қызметкерлері тұрғындармен жаз мезгілінде кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға және карантин уақытында шектеу шараларын қатаң сақтауға қатысты алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде» – дейді Қарағанды қаласы ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Аткеев.
Жоғалып табылған жеткіншектің анасы баласын іздеу кезінде жедел және кәсіби тұрғыда әрекет жасаған полиция қызметкерлеріне өзінің шексіз аналық алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.
Нағима ӘШІМҚЫЗЫ,
Қарағанды қаласы полиция басқармасының баспасөз хатшысы.