Жаңалықтар

28. Жаңа элеватор: диқанға – демеу, экспортқа – тіреу

Осакаров ауданы – ертеден егіншілікпен аты шыққан өңір. Кеңес уағында мұнда астық совхоздары дүрілдеп тұрды. Бүгінде сол игі дәстүрді жергілікті жұрт сақтап қалды. Мәселен, биыл аудан диқандары 400 мың гектардан аса аумаққа дән септі. Қуаңшылық пен пандемия қос бүйірден қысса да, түсім жағынан облыста алдыңғы лектен көрінді. Әрине, бар дүниені ұқсату да маңызды. Алтын дәнімен атағы алысқа жайылған өңірге бір жаңа элеватордың қажеттігі кейінгі кезде айрықша сезіле бастаған-ды. Міне, биыл сол істің орайы оңынан келіп, аудан орталығында 25 мың тонналық элеватор ашылды.

ҚЫСҚА МЕРЗІМДЕ САЛЫНДЫ

Элеваторды «Сарыбел НАН» ЖШС тұрғызды. Осакаровка кентінің шетінен орын тепкен. Теміржол тұйығы бар. Бір мезетте 25 мың тонна дәнді дақылды сақтауға арналған қоймалары тұр. Элеватор ашылған кезде серіктестік директоры Виталий Прокоп келешек жұмыс бағытына тоқталған-ды.

– Элеватор жобасы алты жыл бұрын ойластырылды. Нарықты ұзақ зерттедік. Соңғы екі жылда нарық түбегейлі өзгергені белгілі. Астық трейдерлері бағаны көтеріп жіберді. Бұл элеватор Нұра және Осакаров аудандары арасындағы логистикада 200 млн. теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Виталий Прокоп.

Кәсіпорын Осакаров және Нұра аудандарының, сондай-ақ, қоңсы Ақмола облысының Аршалы ауданының диқандарымен жұмыс істейді. Яғни, аталған өңірлерден жеткен астықты қабылдап, тазалап, сұрыптап, экспортқа жөнелтумен айналысады. Жақын шет ел мен республиканың оңтүстік өлкелеріне жібереді. Элеватор қадасы қағылған тұста ел құрылыстың биыл аяқталарына күмәнмен қарапты. Директордың орынбасары Асхат Жайлығұлов элеватордың рекордтық уақытта салынғанын айтады.

– Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталды. Бір мезгілде 200 адам жұмыс істеді. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды тарттық. Қараша айының соңына таман барлық жұмыстар тәмамдалды, – дейді директордың орынбасары.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, элеватор қоймаларында бір мезетте 25 мың тонна астық сақтауға болады. Асхат Айдосұлы бір жылда бұл қоймаларды екі мәрте толтыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

 – Орақ науқаны кезінде қоймаларымыз бір толса, ол бидай экс портқа жөнелтілгеннен кейін тағы да бидай қабылдаймыз. Сонда элеватор бір жылда 50 мың тонна астықты жөнелтуге қуатты деп айтуға болады, – деді Асхат Айдосұлы.

ЗАМАНАУИ ЖЕЛІМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН

Элеватордың өз зертханасы бар. Заманауи үлгіде жабдықталған. Келген астықтың сапасы тексеріледі. Бұрын қалай еді?! Зертхана қызметкерлері қалағын алып, келген «КамАЗ-дың» алдынан жүгіріп шығып, қорабына мініп жататын. Қазір ол кезең келмеске кеткен. Зертханашы жылы бөлмеде отырып, арнайы түтік бекітілген жабдықпен қажетті бидай көлемін қораптың шетінен іліп алады. Зертхана меңгерушісі Мадина Садырбаева түтіктен түскен бір уыс бидайды жіті зерттейді.

– Бидайды жан-жақты тексереміз. Дән сапасы, көлемі бойынша сұрыпталады. Зиянкестер мен өзге де кеселдерден амандығын анықтаймыз. Содан кейін қабылдау-қабылдамау туралы, қабылданса, сұрпына қарай қай қоймаға жөнелту туралы нұсқау береміз, – дейді зертхана меңгерушісі.

Зертхана тексеруінен ойдағыдай өткен жүк көлігі таразыға тұрады. Таразыдағы мамандар көлікті өлшеп, өнім салмағын тіркейді. Таразыдан түскен көлік астық төгетін бункерге барады. Жер астынан қазылған қос бункер бір сағатта 400 тонна бидай қабылдап үлгереді. Бункерге түскен дақыл конвейер арқылы кептіру қондырғысына жеткізіледі. Кептіру желісі неміс технологиясы негізінде тұрғызылған. Бір мезгілде 1500 тонна бидайды кептіруге шамасы жетеді. Жалпы, элеватордағы жұмыс жүйесі толығымен автоматтандырылған. Барлық процесті әр нүктеде бір адам бақылап отырса, жеткілікті.

ДИҚАН ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕДІ

Кәсіпорынның 70-80 вагон сыятын теміржол тұйығы бар. Бұл тұйық та серіктестік күшімен салынған. Экспортқа жөнелтілуі тиіс дақыл осы теміржол арқылы шекараға, басқа да бағыттарға жол тартпақ. Тәулігіне 2 мың тонна астық жөнелте алады. Қазір бидайды жинау процесі қарқынмен жүргізіліп отыр.

– Біз бидайды көтеріңкі бағамен қабылдап отырмыз. Диқандар тарапынан да қызығушылық зор. Келесі жылға дейін сынақ жұмыстарын жүргіземіз. Бұйыртса, Барыс жылының ортасына таман элеваторды толық қуатына шығарсақ деген мақсатымыз бар, – дейді Асхат Айдосұлы.

Компанияның келешекке құрылған жоспары да ауқымды. Кәсіпорын иелігінде 10 гектар жер бар. Яғни, қосымша нысандар тұрғызатын жер кез келген диқан бар жиған-тергенін қиянға тасымай, іргедегі элеваторға ың-шыңсыз өткізе салмақ. Ерекше қуанған диқанның бірі – Сергей Кононоров.

– Диқанның жұмысы жеңіл деп айтуға болмайды. Біздің де жұмысымыздың қызығымен қатар, шыжығы да мол. Жазды жөнімен пайдаланбасақ, аш қалдық. Сол жаз бойы жарғақ құлағымыз жастыққа тимей өсірген егінімізді күзде шашау шығармай жинап алсақ, бізден бақытты жан жоқ. Жинағанымызды бір түйірін рәсуа қылмай өткізсек, тіпті, тамаша. Жаңа элеватор осы проблеманың түйінін тарқатады деп ойлаймын, – дейді Сергей диқан.

Иә, бейнеттің зейнетін көргенге не жетсін?! Ерте көктемнен жер аударып, жаз бойы күнге қақталған шаруа үшін өнімін өткізу де көп машақаттың қатарынан еді. Бейнеттің аз болса жеңілдегені деп білдік. Бұл да тәуелсіздік жылдарында аяғынан қаз тұрған кәсіпорынның тағы бір жаңа жобасы…

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Элеватор. 2. «Сарыбел НАН» ЖШС директорының орынбасары Айдос Жайлығұлов. 3. Зертхана меңгерушісі Мадина Садырбаева бидай сынамасын алды. 4. «КамАЗ» кезекті рейстен келді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button