Баған

Өзінің кім екенін тану үшін…

Жуырда қазақтың бір нарқасқа азаматының «Ульяновка деп айтпаңдар, ондай атау жоқ, бұл – Бұқар жырау ауданы» – дегенін естіп, «дұрыс-ау» – деп ойланып қалған едім.

Расында, өзімізді танитын кез келді. Қазақты былай қойғанда, бүкіл түркі әлемінің абызына айналған Бұқар бабамыздың атын иеленген аудан жер бетінде бізде ғана. Осыны мақтанып айта бергім келеді, айта бергім. Қазақ халқының рухани кемелденіп, бүгінге аман жетуіне елеулі шапағаты тиген Бұқар баба рухы алдында бәріміз қарыздармыз.

Ал, бұқаржыраулықтар екі есе қарыздар. Өйткені, біз Бұқар бабаның мәңгілік мекені болған қасиетті топырақты басып жүрміз.

Осындай киелі жерде салт-санаңды жаңғырту, оның түп-тамырын тану, ежелгі атауын қайтарып беру – міндет.

Биылғы бір қуанышты хабар – аудандағы бірнеше білім ошағының бұрынғы атауы өзгеретін болды. Оларға ел дамуына еңбегі сіңген, тарихта өз орны бар тұлғалар есімі беріледі.

Мысалы, республикалық ономастикалық комиссияның шешіміне сай, ауданның Центральная орта мектебіне – заңғар жазушы Сәбит Мұқановтың, Новоузенка орта мектебіне – Мәшһүр Жүсіптің, Кузнецкая орта мектебіне – Жүсіпбек Аймауытовтың, Ленин орта мектебіне – Ыбырай Алтынсариннің, Гагарин орта мектебіне – Талғат Бигелдиновтің, Елтай орта мектебіне – Ахмет Байтұрсыновтың, №1 қазақ тірек мектебіне – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілетін болды.

Ал, Петровка орта мектебі тарихшы этнограф ғалым Әлкей Марғұлан есімімен аталмақ. Ендігі бір мәселе – Петровка елді мекенінің атауын ауыстыру.

Ол тарихи тұрғыда көнерген. Оған заманымыздың оқымыстысы, ғұлама ғалым, бірегей тұлға Әлкей Марғұланның есімі лайық.

Сонымен қатар, Қарағанды облыстық ономастика комиссиясына Ботақара кенті мен Үштөбе ауылынан бірқатар көшенің атауын қайта атау жөнінде құжат жолданды.

Жалпы, облыста тарихи маңызы жоғалған көшелер мен нысандардың атауын өзгертуге ауқымды жұмыс атқарылуда. Жыл басында қоғамдық тыңдау барысында мақұлданып, бірнеше көше атауын ауыстыру бойынша ұсыныс бекітіліп, Елордаға жіберілген еді.

Осы халықтық тыңдаудың нәтижесінде көп жылдан бері кейінге қалдырылып келе жатқан Қарағанды қаласының Ленин даңғылы Абай атына ауысатын болды. Бұл – биылғы ұлы ақын мерейтойына үлкен сый.

Бәлкім біздің бұл тірлігіміз тарихи тұлғалар үшін керек емес те болар. Олар онсыз да тарихта халқына, ұрпаққа деген адалдығымен аты қалған. Бұл іс-шара оларға емес келешек ұрпаққа керек. Өзінің кім екенін тану, үлгі-өнеге алу, рухани жаңғыру үшін – ауадай қажет!

Айдар ОСПАНОВ,

Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button