Бетперде сән үшін емес, жан үшін

Облыста коронавирустан болған пневмония диагнозымен 514 науқас тіркелген. Олардың 39-ы жансақтау бөлімінде болса, 28-і қарқынды ем алуда. Стационарлық және провизорлық ауруханаларда жатқандары да бар. Барынша сақтық шараларын сақтау туралы жиі айтылғанымен, бейқамдық салдары өкінішке қарай, осындай жағдайға алып келді. Аймақтың бас санитарлық дәрігері Қанат АСҚАРОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып өткендей, билік бетперде киюді, әлеуметтік қашықтықты сақтауды ескерткенімен, еш нәтиже шықпай тұр.

 

Бизнес өкілдері де бұл ескертулерді жүре тыңдайтын тәрізді. Бас санитарлық дәрігердің қаулысында жазылған сақтық шараларының күзетіндегі арнайы мобильдік топ біразына айыппұл салып, біразының қызметін тоқтатса да, ресми деректер індет жұқтырғандардың дені қоғамдық тамақтану орындарында болғаннан кейін анықталғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, адам көп шоғырланатын қоғамдық көліктерде жолаушылар өз алдына, жүргізушілер мен кондукторлардың да бетперде кимейтіні расталған.

– Бүгінгі күнге дейін карантин шаралары жеңілдетілген соң жұмысын қайта бастаған 150 нысанның талап нормаларын сақтамағаны анықталды. Олардың дені қоғамдық тамақтану сауда орындары. Қоғамдық көліктерде де жұқтыру жағдайы жоғары, – дейді Қанат Қырғызбайұлы.

Жағдайдың ушығуына байланысты енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көпшілігі онлайн-режимде ғана көрсетіледі. Егер техникалық мүмкіндік болмаса, уақыты таңғы сағат 9:00-ден 14:00-ге дейін шектеледі. Ал, қалаішілік жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар сақтық шараларын одан әрі күшейте түсуі тиіс.

Қалаішілік автобустар таңғы сағат 6:00-ден 21:00-ге дейін жүрсе, жолаушылар қоғамдық көлікке тек алдыңғы есіктен ғана кіреді. Ал, шыққанда алдыңғы және артқы есіктерін бір мезетте ашу арқылы жүзеге асырылады. Такси қызметі де осыған дейінгі тәртіп бойынша бір адамнан, болмаса, кәмелетке толмаған екі баламен ғана жүруге рұқсат етіледі.

Жаппай коронавирус инфекциясын жұқтыру дәмхана немесе мейрамханаларда отбасылық іс-шараларда болғаннан кейін жиі орын алуда. Егер, індет көрсеткіші бұдан әрі жоғарылар болса, қоғамдық тамақтану орындарын жеткізу режиміне ауыстыру туралы мәселе қарастырылатынын айтты Қанат Асқаров.

Осы орайда, бетперде кию қаншалықты маңызды екеніне тоқталды бас санитарлық дәрігер. Дұрыс пайдаланған кезде ол ауыз бен мұрынның шырышты қабатын микроағзалардың түсуінен қорғайды. Демек, індет жұқтырмаудың бірден-бір әрі оңтайлы тәсілі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Гүлмира Сүлейменова Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күнін қысқартуына байланысты бұған дейін қызмет түрлерін алу үшін онлайн кезекке тұрғандардың телефондарына арнайы хабарлама келетінін айтады. Егер, кезегіңіз 14:00-ден кейін болса, қайыра кезекке тұру керек болады және белгіленген уақытта ғана көрсетіледі. Зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар қажет қызметтерді жеңілдікпен кезекке тұру арқылы ала алады. Мұндай жұмыс тәсілі тек облыс орталығында ғана.

Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталар болсақ, індет жұқтырған 2080 науқас тіркелген. Оның мыңнан астамы жазылып шықса, 10-ы қайтыс болған.

Қанат Қырғызбайұлының мәліметінше, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған 1035 инфекциялық орын тағайындалса, қазірдің өзінде 958 орын бос емес.

Салтанат ІЛИЯШ.