Облыс әкіміРесми

Сұңқарлар қонды тұғырға

Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінң кәсіби мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің жыл сайынғы бұқаралық ақпарат өкілдеріне берілетін «Алтын Сұңқар» сыйлығы өз иелерін тапты. Бұл игі шара 2006 жылы бекітіліп, жыл сайын саланың үздіктеріне табысталып келеді. Осы кезге дейін 192 журналист пен 5 БАҚ ұжымы мәртебелі сыйлыққа ие болған екен.

Биылғы байқауға 120-дан астам үміткер қатысып, бақ сынаған. Қазылар алқасының шешімімен облыс әкімінің сыйлығы әр түрлі номинациялар бойынша жергілікті және республикалық БАҚ-тың 12 өкіліне табыс етілді.

Марапаттау салтанаты елдегі күрделі жағдайға байланысты облыстық «SARYARQA» телеарнасының түсірілім алаңында өтті. Шараға тек жүлдегерлер ғана шақырылып, жеке-жеке марапатталды.

Биылғы жылғы «Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» атты облыс әкімінің арнайы сыйлығын «Қарқаралы» аудандық газетінің ұжымы жеңіп алды. Өңір жұртшылығына ақпарат таратуда өздерінің тәжірибелілігін танытып келе жатқан аймақтың тарихы терең басылымына биыл 90 жыл толып отыр.

Арнайы сыйлықты аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек табыстап, газет ұжымын және биылғы жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтады. Журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор шығармашылық табыс тіледі.

– Былтыр мемлекет басшысының бастамасымен бұл күн «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» болып ресми түрде белгіленді. Сіздердің жұмыстарыңыз мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды. Қазіргідей күрделі кезеңде көбіңізге қашықтан жұмыс істеуге тура келіп отыр. Дегенмен, шығармашылық саланың адамдары үшін бұл жаңа ізденістер мен мүмкіндіктер кезеңі екені сөзсіз.

Осы ретте, Қарағанды журналистикасында өзінің қолтаңбасын қалдырған, марқұм Мағауия Сембай ағамызды айтпай кету мүмкін емес.

Сондай-ақ, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алған Сағат Батырханованы шын жүректен құттықтаймын! – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Жеңімпаздар арасында әріптестеріміз, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің қос қызметкері бар.

Көптеген сала майталмандары арасынан шашасына шаң жұқпай, оқ бойы озық келіп, «Стиль және функционалдылығы үшін» номинациясын қанжығалаған газетіміздің аға дизайнері, бет қаттаушысы Марал Әйнекова, 35 жылға жуық өмірін баспасөзге арнаған білікті маман. Заманның қиын кезеңдерінде де, өз кәсібіне деген шексіз махаббатының арқасында қажыр-қайрат танытып, газет жұмысының тоқтап қалмауына үлкен үлес қосқан өз ісінің шебері. Оның бұл жүлдесі маңдай терімен келген адал жеңіс. Марал Әйнекованың шебер жасалған түрлі тақырыптағы коллаждары мен бет қаттаудағы біліктілігі оқырмандар тарапынан баяғыда-ақ жоғары бағасын алған.

Ал, келесі «Дін тақырыбындағы үздік жарияланым» номинациясын жеңіп алған әріптесіміз Қасымхан Ғалым, өз жұмысына ұқыптылығы және талаптылығымен көзге түсіп жүрген жас журналист. Оны бұл марапатқа облыстық Дін істері басқармасының өздері ұсынған. Жас та болса дін тақырыбында жазылған өткір мақалаларын басқарма мамандары жоғары бағалап, болшағынан үлкен үміт күтетіндіктерін білдіріп, ынталандырып отыр.

«Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы «Қазақстанның Құрметті журналисі», осы салада 50 жылға жуық талмай еңбек етіп келе жатқан Батырбек Мырзабековке бұйырса, «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» номинациясына республикалық «Айқын» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Ләззат Қожахметова ие болды. «Объектив шебері» номинациясы 101TV.KZ. қоғамдық интернет-телеарнасының операторы және фототілшісі Олег Битнерге бұйырса, «Ауыл тақырыбындағы үздік жарияланым» номинациясын «Жаңарқа» аудандық газетінің жауапты хатшысы Салтанат Балтабай жеңіп алды. Ал, «Әлеуметтік тақырыптағы үздік жарияланым» номинациясын Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасы директорының кеңесшісі, бас продюссері Мақпал Орынбетова қанжығаласа, «Өндірістік тақырыптағы үздік жарияланым» номинациясымен облыстық «SARYARQA» телеарнасының «Жаңалықтар және бағдарламалар әзірлеу» бөлімінің редакторы Ботабек Тілегенов марапатталды. «Алғашқы жетістіктері үшін» номинациясына «Ekaraganda.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Анна Дябина (Строкова) ие болса, «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» аталымын облыстық «Бірінші Қарағанды» телеарнасы директорының орынбасары Жаслан Иса иеленді. Ал, « Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялау және насихаттау» номинацисы облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Фархат Кинжитаевқа бұйырды.

Барлық жеңімпаздарды мәртебелі марапаттарымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button