АймақСаран

Абай әнін шырқады

Саран қаласының полиция бөлімінде облыстың полиция департаменті қызметкерлері арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай оқулары» өтті. Ақынның рухани мұрасын насихаттауға тәртіп сақшылары өзіндік үлесін қосты.

Байқау шымылдығын Саран қаласының полиция бөлімі қызметкерлері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашты. Облыстың ПД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Қайыркен Әлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауды таныстырды. «Заманауи көзқарас» атты алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың қара сөздерінің біреуін таңдап, онда айтылған ойды өз пікірімен ұштастыра отырып баяндаудан сынға түсті. «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты екінші кезеңде Абай өлеңін нақышына келтіріп оқу бойынша сайысты. Байқаудың әділ бағасын беретін қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде, олардың көркем мәтінді таңдау талғамына, өлең оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, қара сөз бен өлеңді нақышына келтіріп оқуына, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударды.

Байқау қорытындысында жүлделі І орынды облыстың ПД Теміртау ПБ Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Асқар Әуесхан жеңіп алды. ІІ орынды Қарағанды қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция капитаны Айсәуле Жеңісқызы еншіледі. ІІІ орынға Қарағанды қаласының ПБ Орталық ПБ ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы Гүлназия Құралбек ие болды. Қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Байқау жоғары деңгейде өтті.

Ж.ЖҰМАШЕВА,

Полиция бөлімінің жетекші маманы.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button