Жаңалықтар

Қазақстанда АӘК көрсету тетіктері жетілдіріледі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсету тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Өз сөзінде министр бір жарым жылдан аз уақыт ішінде АӘК көрсету тетіктері екі рет жетілдірілгенін атап өтті.

2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК тағайындау критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50% – дан 70% – ға дейін (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін) көтерілді.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделі енгізілді, ол мыналарды қарастырады:

–  4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу (әр балаға айына орташа 11 112 теңгеден);

– АӘК көрсету (балаларды қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне айына орташа 11 117 теңгеден);

– табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) ұсыну (1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтық; 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектеп формасы мен оқуға керек-жарақтар, мектепте тамақтану, жеңілдікпен жол жүру).

Бұдан басқа, отбасының АӘК-ке мұқтаждығын анықтау кезінде учаскелік комиссиялардың рөлі мен жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт талаптарын міндетті түрде орындау және отбасының жұмысқа қабілетті мүшелері жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасына төлемдерді тоқтату арқылы әлеуметтік көмек алушылардың жауапкершілігі күшейтілді.

АӘК алушыларға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін кең мүмкіндіктер берілді: тегін оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттар мен микрокредиттер беру.

Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, АӘК көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіру мыналарды көздейді: әлеуметтік топтаманы әлеуметтік қызметтер порталына көшіру, шартсыз ақшалай көмек алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамту, өмірлік қиын жағдайдан шыққанға дейін отбасын сүйемелдеу.

– Президенттің тапсырмасы бойынша біздің министрлік әлеуметтік топтаманы әлеуметтік қызмет көрсету порталына көшіру бойынша жұмысты бастады. Алушылар мен жеткізушілер бірыңғай цифрлық алаңда тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Алушылар әлеуметтік топтама жиынтығындағы тауарларды өз бетінше таңдай алады, – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚ-нің басшысы.

Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдірудің келесі кезеңінде заңнамаға шартсыз АӘК алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамту бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл әлеуметтік келісімшартқа қол қоймаған (16%) және объективті себептер бойынша жұмыспен қамту шараларымен қамту мүмкін емес, бірақ оларға әртүрлі, оның ішінде білім беру, мәдени, медициналық, психологиялық, құқықтық сипаттағы қызмет көрсетуді қажет ететін адамдар.

– Барлық отбасы мүшелерінің денсаулық скринингі, жүкті әйелдерді міндетті түрде есепке қою, өмірлік қиын жағдайда психологтарға міндетті түрде бару, балаларды білім беру мекемелеріне тіркеу, балаларды тәрбиелеу бойынша қашықтықтан оқыту курстары бұған мысал бола алады. Бұл жұмысты осындай отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығарғанға дейін сүйемелдеп жүруге арналған әлеуметтік қызметкерлер қызметтерін жаңғыртумен бірге жүргізу қажет. Негізгі құрал «Отбасының цифрлық әлеуметтік картасы» ақпараттық жүйесі болады. Оның пысықталған нұсқасын осы жылдың күзіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығару бойынша ведомствоаралық көмек барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен  ұйымдарға ақпараттық жүйеге қол жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі, – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button