Облыс әкіміРесми

Әкім мен БАҚ диалог алаңында

БАҚ өкілдерімен диалогқа дайындығын жиі айтатын аймақ басшысы кеше журналист қауыммен тағы бір мәрте жүздесті. Zoom платформасы арқылы бейнебайланыстағы тілшілер өңірдің өзекті мәселелерін көтерді. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК ең алдымен, аймақтағы ахуалға тоқталды. Соның ішінде, бүгінде бұқараның алаңын күшейткен қашықтан білім берудің мән-жайы кеңінен баяндалды. Ел ішін кезген індетпен күрес, алдағы кезеңдерге дайындық туралы мәлімдеді. Сонымен бірге, карантин кезіндегі өндіріс пен шағын және орта кәсіпкерліктің де тынысы жария етілді. Сұрақ-жауап форматында өрбіген онлайн жүздесуде тілшілер көптің көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап алуға тырысты…

ОҚУШЫЛАР САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Қоғамдағы күрделі жағдай барлық саланы жаңаша ойлап, басқаша қадам жасауға мәжбүрледі. Індетті жеңуде «ақырын жүріп, анық басуды» қажет ететін әбден егжей-тегжейлі ойластырған сақтық шаралары ғана тиімді екенін кейінгі айлар көрсетіп берді.Осы орайда білім беру ісін цифрландыру қарқын алғаны да мәлім. Қазіргі уақытта аймақта ғана емес, елдің барлық қиырында қашықтан білім берудің қыр-сырын меңгеруде. Қажетті құрал-жабдықтармен, байланыс операторларымен интернет жүйесін жақсарту жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

– Қазір жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы – үлкен мәселе. Бізде шалғайдағы елді мекендер, ауылдар көп. Ол ауылдардың өздері де шағын. Сондықтан, осы жайттарды ескере отырып, шағын жинақы мектептердің 193- інде білім беру, әдеттегідей, дәстүрлі түрде жүреді.

Жалпы, облыста 505 мектеп оқу үдерісіне дайын. Облыста интернет жеткізетін барша байланыс операторларымен байланыс сапасын күшейту жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл арада мәселе интернетті 3G, 4G деңгейіне жеткізу тұр. Біздің аймақтың ерекшелігін баршаңыз жақсы білесіздер. Тұрғындардың 79 пайызы қалада тұрады, 11 қала, 9 аудан бар. Демек, оқушылардың көп бөлігі қалада. Қалаларда интернет анағұрлым жақсырақ. Яғни, оқушылардың басым бөлігі, 90 пайыздан астамы білім үдерісі кезінде сапалы интернетке қол жеткізеді, – дейді Жеңіс Махмұдұлы.

Сәрсенбі күні мұғалімдердің дәстүрлі тамыз мәслихаты өтеді. Оған барлық елді мекендер қосылады. Білім беруде туындаған проблемалар талқыланбақшы.

ОБЛЫСТА КОРОНАВИРУСТЫ АНЫҚТАУДЫҢ 180 МЫҢ ТЕСТІ ЖАСАЛДЫ

Аймақ басшысының айтуынша, Қарағанды коронавирусты анықтау тестін ауқымды жүргізген республикадағы 4-5 облыстың қатарында. Осы уақыт аралығында тұрғындарға 180 мың тест жасалған. Бұл – облыстағы тұрғындардың 14 пайызы.

– Осындай ірі көлемде тестілеудің нәтижесінде инфекцияны анықтаудың көрсеткіші де өзге аймақтарға қарағанда айтарлықтай жоғары болды. Мұндай тестілеуді ауқымды жүргізудің өзіндік себебі бар. Өйткені, аймақта шахта, кен орындары секілді ірі өндіріс ұжымдары орналасқан. Сол себепті инфекцияның ошағын анықтау үшін тестілеудің толық скринингін көптеген кәсіпорындарда жүргіздік. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы, «Новоцинк» ЖШС, «Шұбаркөл көмір» АҚ-ында әрбір үш аптада әр вахтаға кірер алдында және вахтадан соң жаппай скрининг жасалды. Анықталған инфекция жұқтырғандардың көпшілігі симптомсыз науқастар, – деді аймақ басшысы.

Жеңіс Махмұдұлы алпауыт өндіріс ошақтары «Нұрқазған» кенішінде белең алған оқиғадан соң азаматтардың барынша қауіпсіздігі үшін вахталық жұмыс тәртібіне көшкенін айтады. Бірақ, жұмыскерлерді тестілеу әлі де жалғаспақ.

– Тестілеу індеттің ошағы, одан әрі қалай әрекет етуіміз қажеттігі туралы түсінік береді. Содан соң стратегияны анықтаймыз. Өкінішке орай, облыста көп адамнан айырылып қалдық. Бұл вирус қарапайым адамдарды, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерді, құқыққорғау қызметкерлерін де алып кетті. Облыстың барлық дәрігеріне атқарған жұмыстарына сәйкес үстемақы төленуде. Шілдеде толық берілді деуге негіз бар. Сонымен берге, індеттің ошағында ғана емес, бірақ аса үлкен жүктемемен жұмыс істеп, індетпен күрескен дәрігерлерге де демеушілер, облыстық бюджет есебінен қолдау көрсетілуде. Індеттің алғашқы кезеңінде инфекция жұқтырған дәрігерлерге де өтемақы төлеу заңнамаға сәйкес жүзеге асады, – деді әкім.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРТУ ТӘУЛІГІНЕ 220-ҒА ТҮСТІ

Індеттің шарықтау шегінде, маусымның соңы, шілденің басында облыста тәулігіне жедел жәрдемді шақырту 4 мыңнан асса, оның 2600-ге жуығы жұқпалы респираторлы вирустық инфекция, пневмониямен екен.

– Қазіргі таңда тәулігіне мұндай шақыртулардың саны – 200-220. Бұл жұқпалы респираторлы вирустық инфекциямен жедел жәрдем шақыртудың қалыпты көрсеткіші. Індет басталғанға дейінгі қаңтардағы дерек те осындай. Орташа статистика – осы, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

ЖЕТІ АЙДАҒЫ КӨРСЕТКІШ ЖАМАН ЕМЕС

Аймақ басшысы экономикада өткен жылмен салыстырғанда жеті айда 1 пайыз өсім қамтамасыз етілгенін айтты. Облыс экономикасының 50 пайызын индустрия құрайтынын ескерсек, өнеркәсіпте өсім 3-4 пайыз шамасында деп болжанады. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім 3 пайыздан астам. Халықаралық нарыққа экспортталатын тауарлардың да бағасы бір қалыпты. Құрылыс нарығында да тұрақтылық бар.

– Облыста құрылыс саласының өсімі – 12 пайыз. Ал, азаматтардың баспана құрылысындағы көрсеткіші бұдан да жоғары. Облыста жыл соңына дейін құрылыс 140-149 пайызды құрайды. Ал, Қарағанды қаласында құрылыстың көлемі екі есеге артады, –деді аймақ басшысы.

Инвестиция 6 айдың қорытындысында 100 пайыздан асып жығылыпты. Жекелеген, шетелдік инвестициялардың көлемі көбейген. Жыл соңына дейін мұндай өсім сақталады деген болжам айтылды.

Облыста 44 инвестжоба бар. Жобалар экономиканың әр саласын қамтып отыр.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button