Ақ халаттыларға – алғыс
Қарағандылық жасотандықтар медицина қызметкерлеріне «Алғыс пакеттерін» сыйлап қуантты. Ондағы заттар күні бойы ыстықта арнайы киімдер киіп, бетперде және қолғаптармен жүруге мәжбүр дәрігерлер қауымының қиындығын жеңілдетуге арналған.
Акция «Nur Otan» партиясының бастамасымен отандық дәрігерлерді қолдау аясында өтті. Партияның облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты өкілдерінің атсалысуы арқасында еріктілер, меценаттар, партияның белсенді мүшелері, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
– Бірнеше күн бойы біз Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасы базасында инфекциялық провизорлық госпитальды араладық. Онда күн сайын 2 ауысымда 120-дан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олар ауыр науқастарға уақытылы және сапалы көмек көрсетуге және инфекцияны жеңуге атсалысып, алдыңғы шепте көш бастап отыр. Әрбір пациенттің өмірі үшін күресіп, жұқтырғандармен үнемі қарым-қатынаста болғандықтан, өздері ауырып қалып жатыр. Пакетке қолға арналған крем, ылғалды майлықтар, сондай-ақ иммунитетті күшейтетін бал, лимон, минералды су, табиғи сусындар және басқа да өнімдер салынды, – дейді «Jas Otan» Жастар қанатының өкілі Айжан Қуанышева.
Жасотандықтар акция барысында пакет сыйлаумен ғана шектелмей, партия мүшелерінің атынан дәрігерлерге алғыс білдірді. Науқастанғандардың сауығуын және барлық қазақстандықтарға зор денсаулық тілеген жастар қарағандылықтарды бетперделер киюге, карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Ербол ЕРБОЛАТ.