Шарапат аксиомасы гипотезаға орын жоқ
«Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» дейді қазақ. Мұндағы – шарапаты жағымды энергия, кесапаты керісінше, негатив болса керек. Өмірдің өзегі де – энергия. Энергия жоқ жерде, тіршілік те тоқтамақ. Адамның да тұла бойы тұнған энергия. Әр адамнан алуан қуат бөлінеді. Әркім маңайына әр түрлі әсер етеді. Қазақтың ықылымда айтып кеткен, шарапаты мен кесапаты, сірә, сол.
…Патша атану – жұмыр басты пенденің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Кездейсоқ адам патша, хан болмайды. Әрісі әлемдегі, берісі өзіміздің тарихқа үңілсек, мұнымыздың бекер еместігін ұғамыз. Одан қалды ауыз әдебиетіндегі ертегі, аңыздардағы хандардың бейнесі де солайша сомдалған ғой. Маңайына, еліне, жеріне пайдасы тиіп барып, мақсатына жетіп, содан елі хан сайлап жатпай ма? Қиын-қыстауда көрегендік танытып, көш бастап, елді мұратына жеткізбей ме?
…Жоғарыда айтқан, шарапат пен кесапаттың ара жігі осы арада ашыла түседі. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы замандас, құрбы-құрдас, үзеңгі жолдастарының естелігі сөзімізді аксиомаға әп-сәтте айналдырады. Бұл арада гипотезаға орын жоқ екен.
…Елбасының жастық шағы өткен, тұлға етіп шыңдаған Теміртауда көзкөргендері мен үзеңгілестері тұрады. Арада қаншама он жылдықтар өтсе де, сол кезеңдерде Нұрсұлтан Әбішұлының көпшілігіне көп көмегі тигенін әлі күнге айтады. Әсіресе, комбинаттағы қазақ жастарының оқып, тоқып, жақсы қызметтерге орналасуына өзі тікелей мұрындық болғаны – шарапаты деп біледі.
…Металлургия ардагері, Елбасының үзеңгілесі Ілияс Баймұрзаев ақсақал Ұлт Көшбасшысы Теміртауда қарапайым металлургтен басшылық қызметке көтерілген аралықта қазақ жасының бағы ашылып, бақыты жануындағы ықпалын растайды. Жүздеген жанның Елбасы шарапатын көргенін жоққа шығармайды. Қолынан іс келетін, білімді, алғыр қазақ жастарының өсуіне, басшылықта баруына әсері зор екен. Қарапайым тұрмыстағы түйткілдерді шешуде де жора-жолдастарынан аянып қалмапты. «Бір көмегі біздің отбасына да тиіп еді», – дейді Ілияс ақсақал.
Жұбайым Рахима металлургия комбинатының конвертерлық цехында краншы болып жұмыс істеді. Бір күні қысқартуға тап келді. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы үйге қонаққа келген еді. Рахиманың жұмысы туралы біз тіс жармадық. Бірақ үстел басында отырған басқа қонақтар айтып қалмасы бар ма? Нұрсұлтан Әбішұлы бірден телефонға жармасты. Біздің «Жоқ, керек емес. Әуре болма! Оның не?» дегенімізді де тыңдамай, зауыт бастығымен сөйлесті. «Егер Рахима жұмыстан кетсе, мен басшылыққа қойған цехтың бастығы Куськоны да өзім алып тастаймын» деп кесіп айтты. Содан Рахимаға «Ертең алаңдамай жұмысыңа бар. Бірдеңе болса, өзіме айт» деді. Айтқанындай, Рахима сол жұмысында қалды, өзі есеп айырысып шыққанша сонда еңбек етті, – дейді ақсақал.
Сөз арасында айта кеткен абзал-ды. Алпысыншы жылдары түсірілген, комбинаттың құрылысы, дамуы жөніндегі «Қазақ даласының көркі» деректі фильміндегі краншы жас қазақ қызы – осы Рахима апайымыз еді…
…Әбішұлының өзімен қатарлас құрбы-құрдастарының тағдырына бейжай қарамауы – оның кең пішілген кісілік тұлғасын, көшбасшылық дара қасиетін көрсетсе керек-ті. Біз сөз қылған тұлғаларға ғана тән қабілеттер қашан да атойлап тұрса етті…
1960 жылдан бері Елбасымен тонның ішкі бауындай етене араласқан Ілияс ақсақалдың естеліктеріндегі жас, алғыр, ашық Нұрсұлтан – сол қалпы, өзгермеген. Қарағандыға келгенде арнайы шақырып, достарымен арқа-жарқа күй кешетін Президенттің бұрынғы өздері білетін Нұрсұлтан екенін көріп келеді.
Нұрсұлтандар Украинадан, мен Магнитогорскіден оқып келдім. Домнадан алғашқы шойын алынғанда түрлі ауысымда бірге еңбек еттік. Қатар жүріп, қатар тұрдық. Нұрсұлтанға айына бір өтетін комсомол жиналысында «жастардың проблемасын сен айт!» деп жүктейтін едік. Сол уақыттың өзінде ол жанашыр, маңайына шарапатын тигізуге әзір-тін. Кейін маған да басшылық жақсы қызмет ұсынды. Бірақ, мен оның айлығы комбинаттағы жалақымнан аз болған соң, бармап едім, – дейді Ілияс Баймұрзаев.
Бүгінде сексеннің екеуіндегі қарт металлург Тұңғыш Президенттің жақсылық жасаудан аянып қалмағанына – тірі куә.
…Алпыс жылдық отбасылық ғұмыры комбинатпен қатар өрілген Ілияс ақсақал мен Рахима апай өткен күндер естелігін елжіреп еске алады.
…Жақсыдан – шарапат. Сол шарапат талай тағдырға қуат екен.
…Бұл – шарапат аксиомасы емей, немене?!
СУРЕТТЕ: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үзеңгілестерімен бірге. Сол жақтан екінші қатарда бірінші отырған – Ілияс Баймұрзаев.
Қызғалдақ АЙТЖАН.