АбайАймақ

Бағдарлама орындалысы – ойдағыдай

Абай ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 42 жоба жүзеге асырылуда. Мұнда мектептер мен ауруханалар жөнделеді, жолдар ретке келтіріледі, жылу және су құбырлар желілері салынады. Аудан әкімі Бауыржан АСАНОВ онлайн-баспасөз мәслихатында бұл бағыттағы жұмыстардың аяқ алысы туралы сөз өрбітті.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Абай ауданына 1 млрд. 362 млн. теңге бөлінді. Жұмыс төрт бағыт бойынша жүргізілуде. Яғни, әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандарды жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инженерлік-көлік желілерін жөндеу және абаттандыру жұмыстары қолға алынуда.

– Абай қаласы мен Абай ауданының 9 білім беру мекемесі мен орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жүргізіледі. Сәрепті және Топар кенттерінде жолдарды орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстары аяқталды, – деді Бауыржан Асанов.

Бағдарлама бойынша 349 адам қамтылады. Оның 177-сі жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылады.

Аудан әкімі пандемия кезінде карантиндік шараларды сақтаудың маңыздылығын да еске салды.

– Статистика көрсеткендей, облыста және ауданда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себебі – санитарлық талаптардың сақталмауы. Тұрғындар отбасылық іс-шараларға баруды, қоғамдық көлікпен аса тығыз болмаса да қатынауды жалғастыруда. Ауданның барлық тұрғындарын мүмкіндігінше үйде болуға, бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын, – деді аудан әкімі. Бүгінгі күні Абай ауданында COVID-19 дертімен ауырудың 282 жағдайы тіркелген.

Өз тілшімізден.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button