Жаңалықтар

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылған

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту үшін квота қарастырылған, – деп хабарлады  “Хабар” арнасы.

Бүгінде Қарағанды облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 47 мүмкіндігі шектеулі адам еңбек етіп жатыр.

Әсет Қасым Халыққа қызмет көрсету орталығында алты жыл қызмет атқарып жүр. Қазір тәлімгер лауазымындағы азамат жас мамандарды оқытумен айналысады. «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмыс орнында барлық жағдай қарастырылған», – дейді Әсет.

Әсет Қасым, №4 Халыққа қызмет көрсету бөлімінің тәлімгері:

– Жарым жандардың еңбек етуіне барлық жағдай қарастырылған. Еңбек етемін дегендердің қолын ешкім қақпайды. Кез келгені келіп жұмысқа орналаса алады. Ең бастысы, тестілеуді тапсыру, жақсы дайындық пен жұмысқа деген құлшыныс қажет. Бұл жерде екінші топтағы мүгедек адамдар қызмет ете алады, тек заңды жақсы біліп, халықпен тіл табысуы жақсы болса болғаны.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының филиалы облыстағы мүгедектер қоғамдық мекемелерімен жұмыспен қамту бағытында келісімшартты бекітеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үкіметтің сайтына өз еркімен түйіндемесін жіберіп, бос орындар жәрмеңкесіне қатысуларына болады.

Қаламқас Қадырбаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:

– 2018 жылы қала мен аудандарда 98 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 57 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар қала мен аудандарда жұмыс орындар үлестемесі бар. Өткен жылдан бері мүгедек адамдарға арнайы жұмыс орындарын ашу үшін республикалық бюджеттен субсидия бөлінді.

Қарағанды облысында 65 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 15 мыңнан астамы жұмыспен қамтылған. Жүзден астам мүмкіндігі шектеулі жан мемлекеттік бағдарлама аясында бизнестің негіздерін оқып шықты. 40 адам бағдарлама арқылы шағын несие алып, өз ісін домалатып отыр.

 

Басқа материалдар

Back to top button