Ержан НҰРЛЫБАЕВ: «Жедел-жәрдемге уақытында жүгінген жөн»

Қарағандыда COVID-19 науқастарына арналған 250 төсектік пульмопровизорлық госпиталь ашылады. Оны Майқұдық шағын ауданындағы №1 қалалық аурухана базасында жабдықтайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Соңғы аптада кесел жұқтырғандардың саны күрт өсті. Егер бұрын тәулігіне орташа есеппен 50 адамнан ауруханаға жатқызылса, қазір 70-тен жоғары. Сондықтан, тағы бір аурухана жабдықтау қажеттілігі туындады, — деді Ержан Нұрлыбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта барлығы 1897 адамнан коронавирус ауруының белгілері тіркеліп, 600-ден астам науқас сауығып шықты.

– Бүгінгі таңда Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалалары COVID-19 тіркелген аймақтар қатарында. Ал, аудандар бойынша Бұқар жырау және Абайда індеттің тіркелу көрсеткіші жоғары. Сондай-ақ, соңғы төрт күн ішінде пневмониямен ауырған пациенттердің ауруханаға түсуі жиілеуде. Өкінішке орай, асқынған жағдайдағы пневмониямен келетін науқастардың арасында егде тартқан және қарт адамдар саны басым. Асқынған жағдаймен тіркелген, стационарларда жатқан пациенттерге талдау жасай отырып, негізгі себептерді анықтадық. Бұл көп жағдайда медициналық көмекке кеш жүгінудің әсерінен болып отыр. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясымен ауырған 29 пациент жан сақтау бөлімінде жатыр. Олардың тоғызы ӨЖЖ аппараттарына қосылған, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, жедел-жәрдемге уақытында жүгінген жөн. Ал, науқастар өздерін ауыр сезінгенде ғана жедел жәрдем шақырады. Осы санаттағы тұрғындар арасында пневмонияның әсерінен өлім-жітім жиі тіркелуде. Сондықтан, облыс тұрғындары ЖРВИ-дің алғашқы белгілерін байқағаннан-ақ емханаларға жүгінуі қажет.

Осы орайда емханалардың әрқайсысында ЖРВИ және пневмония бөлімдері ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Түскен пациенттермен айналысатын бөлімдер оларды қашықтықтан емдеп, үйге шығарады. Жұмыс жылдамырақ жүру үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктері қосымша 20 көлік бөлген. Шақыртуларға шығып, емделушілерге кеңес беретін жедел-жәрдем көліктері емханаларға бекітілген.

– Жедел жәрдемнің кешігіп келетінін жасырмаймын. Бірақ, оның өзіндік себебі бар. Соңғы апталарда емханалар мен стационарлардағы шақырулар саны 20% — ға артты,– деді ол.

Басқарма басшысы облыс тұрғындарына үй жағдайында өзін-өзі емдеумен айналысудың қажеті жоқ екенін ескертті.

– Аурудың белгілерін байқаған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспаған жөн. Өйткені, ол асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе, бұл басқа да аурулары бар ересек адамдарға қатысты. Дәрігердің рұқсатынсыз өзін-өзі емдеу – тыныс алу мүшелері мен жүректегі қан тамырлар жүйесі жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Әлеуметтік желілерде КВИ науқастарына иньекция салмайды, сондықтан стационарларда дұрыс емдемейді деген пікірлер айтылуда. Бірақ, коронавирустық инфекция кезінде көктамыр арқылы дәрі жіберу өкпенің ісінуі және басқа да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан, емделушінің жағдайы әзірге таблетка түріндегі препараттармен емдеуге мүмкіндік берсе, біз осы әдісті қолданамыз, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Аяулым СОВЕТ.