Қоржында тағы бір ұпай

Премьер-Лига командалары арасындағы ел чемпионатының ІХ туры өз мәресіне жетті. Елордалық «Астана» мен қарағандылық «Шахтер» командалары арасында өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

«Шахтерліктер» ойынның бірінші бөлігін әдеттегідей тең ұстаған еді. Ойынның 62-ші минутында алаң иелері «кеншілердің» осал тұсын тауып, 1:0 есебімен алға шықты. Әріптесінің берген добын қақпаға тоғытқан Сотириу Пиерос еді. Араға 10 минут салып, қарағандылық шабуылшы Айдос Тәттібаев таразы басын теңестірді. Ойын соңына дейін таблодағы көрсеткіш сол күйі өзгерген жоқ. Есеп 1:1.

Бір ұпай еншілеген елордалықтар турнир кестесінде 2-ші тұрса, жерлестеріміз 7-ші орынға табан тіреді. Қарағандылықтар 24 қыркүйекте талдықорғандық «Жетісу» командасымен кездеседі деп жоспарлануда. Ойын «Жетісу» стадионында өтпек.

Ербол ЕРБОЛАТ.