Жаңаарқалық «ЖОМАРТ ЖҮРЕК»

Қайырымдылық қызмет идеясы мен меценаттықты насихаттау мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған «Жомарт Жүрек» бірегей жобасының байқауына қатысуға туған жер, өскен өлкесін өркендетуге өз үлесін қосып жүрген 4 үміткер өтініш білдірген еді. Қортындысында Қуаныш Тұтқышбаев — «Туған өлке», Нұргүл Орынбасарова – «Ерен ерлігі» аталымы бойынша жүлдегер атанды.

Жеке кәсіпкер Қуаныш Тұтқышбаев елді-мекенді абаттандыруға, саябақ, аллея, ескерткіш, балалар ойын алаңын қайта жаңартуға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт саласында демеушілік көмек көрсетуге бағытталған бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырған азамат, Байдалы би ауылдық округінің тумасы. Қуаныш Кенбейілұлы 5 миллион теңге өз қаражатына Атасу жалпы орта білім беру мектебінің үшінші қабатына жылу жүйесін тартып берді. Қазір мектептің бірінші қабатында орналасқан бірнеше бос бөлмені күрес және жаттығу залына айналдыру үшін қайта жабдықтауда.

Еріктілер қозғалысының белсенді мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Орынбасарова — ақиық ақын Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығы мен Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына арналған «10000 литр Жаңаарқа қымызын бір мезетте 1000 күбіге құйып, пісу» атты Жаңаарқа қымызын Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жобасы авторларының бірі. Карантин кезінде ақ жаулықты әжеден бастап, аудандағы қыз-келіншектің басын қосып 20 000 бетперде тігіп, тегін таратуды және Ораза уақытында күнде әр кәсіпкердің жағдайы төмен отбасыларға ауызашар беруін ұйымдастырды. Құрбан айтта шаруа қожалықтары құрбандыққа шалған малдың етін Nur Otan партиясының Жаңаарқа аудандық филиалына өтініш жасаған жандарға жеткізудің басы-қасында жүрді. Ауған соғысы ардагерлері мен ерекше балалар арасында байланыс орнатуға ұйытқы болды. Қоршаған ортаны гүлдендіру мақсатында «Гүл отырғызамыз» акциясын ұйымдастырды.

Нұргүл ӘУБӘКІРОВА,

аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

ЖАҢААРҚА ауданы.