Бас тақырып

Тарихты тану – тағылымды іс

Қазақ тарихының ашылмаған қатпары мол. Рас, осы күнге дейін біршама зерттеліп, зерделенді. Әйтсе де, заман талабы өткенге өзгеше көзбен қарап, басқаша бағалауды талап етеді. Ол үшін Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған бағыттарды жүзеге асыру керек. Мақала тек тарихшыларға ғана арналмаған. Онда тарихпен қатар ұлт мәдениеті, халықаралық байланыс, сот, өнеркәсіп, экономика тәрізді қоғамдағы өзекті салалар қамтылған. Мақаланы талдап, жүзеге асыру жолдарын талқылаған «Болашақ» академиясының ғалымдары дәл осындай байламға тоқталды.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында жеті бағыт бойынша алты ірі жоба ұсынылған. Әр жоба бойынша атқарылуы тиіс жұмыстардың ауқымы зор. Сондықтан, оны жүзеге асыруға қоғам болып жұмылу керек. «Болашақ» академиясының ғалымдары ортақ іске сүбелі үлесін қосуға дайын.

– Елбасымыздың мақаласында тарихқа әділ баға беру үшін архивтегі тың деректерді жарыққа шығару қажеттілігі айтылған. Дәл осы бағытта «Болашақ» академиясы ұзақ жылдар бойы ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Біздің ғалымдардың «Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» ғылыми жобасы осы күнге дейін еліміздегі, көрші Ресейдегі архивтерді зерттеп, қуғын-сүргін жылдарындағы зобалаң тарихтың ащы шындықтарын жарыққа шығарды. Тарихтағы аңтаңдақтарды анықтап, жазықсыз жапа шеккендердің рухын ақтау жолында еңбек етіп келеді. Жобаның аясында бүгінге дейін жиырма томнан астам еңбек жарыққа шықты. Алдағы уақытта да кешенді жұмыстар жалғасын табады, – дейді «Болашақ» академиясының ректоры Құралбай Меңлібаев.

Елбасы мақаласында айтылған тағы бір ауқымды бағыт – «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба. Қазақстан – кешегі Ұлы Түрік қағанатының қарашаңырағы. Бүгінде әлемге тарыдай шашылған түркі халықтарының басын бір арнаға тоғыстырып, саяси-экономикалық, мәдени байланыс орнату ісінде «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған бағыттың маңызы зор болмақ.

«Болашақ» академиясы бүгінде бірқатар түркі елдеріндегі жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатып, тәжірибе алмасу ісін қолға алған екен. Атап айтқанда, академия студенттері Түркияда, Ресейдің Башқұртстан, Алтай республикаларында және көрші Өзбекстан мемлекетінің университеттерінде академиялық ұтқырлық бойынша тәлім алуларына болады. Аталмыш мемлекеттің студенттері де дәл солай «Болашақ» академиясында оқу құқығына ие. Бүгінде «Болашақ» академиясында Өзбекстан Республикасынан келген студенттер білім алуда. Елбасы мақаласын талқылауға қатысқан шетелдік студенттер бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту бағытында бұл жобаның ықпалы зор боларын айтты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button