Бас тақырыпОблыс әкімі

Металлургтер шаһарында – маңызды бастамалар

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бастаған жұмыс тобы Теміртау қаласында болып, жаңа баспана алған отбасыларды қоныс тойымен құттықтады. Мұнда теміртаулық 83 отбасы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген көпқабатты үйгдегі пәтерлерге қол жеткізген еді.

Баспана – береке бастауы

 Мемлекеттік жалдамалы үйге түрлі әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдері, мемлекеттік тұрғын-үй қорынан пәтер алуға кезекте тұрған жетім өскен жастар, бюджеттік ұйым қызметкерлері қоныстандырылды. – Теміртаудың дамуы Елбасының ерекше назарында екенін білесіздер. Жалпы алғанда, биыл Теміртау қаласында көптеген игі істер жасалып жатыр. Қалалық саябақ, аулалар мен жолдар жөнделді. Келер жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде балабақша, емхана, спорт кешені сынды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы басталмақ. Теміртаулықтарды көптен бері мазалап жүрген жылу мәселесі де шешіледі. Әрине, әр адам үшін басты қажеттілік – баспана. Міне, бүгін «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша бірқатар теміртаулықтар баспаналы болуда. Алдағы жылдарда да бұл оң үрдіс жалғасын табатын болады, – деді Ерлан Қошанов.

Сөз соңында өңір басшысы көп жылдар бойы кезекте тұрып, баспанаға қол жеткізген отбасыларға пәтер кілтін табыс етті. Тіпті, кей жаңа қоныстанушылардың пәтерін де аралап көрді.

Баспаналы болған мұндай азаматтардың қатарында Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп интернатының еркін күрес жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманкелді Әбіров те бар

– Баспана кезегінде тұрғаныма биыл 10 жылдың жүзі болды. Аз уақыт емес, әрине. Десе де, бүгін аса қуанып тұрмын. Несіне жасырайын? Төртінші қабаттан 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Жалпы, отбасында алты адамбыз. Үш балам, жарым бар. Анам да қолымда. Сондықтан, облыс және қала әкімдігіне айрықша алғысымды білдіргім келеді, – деді Аманкелді Әбіров.

Бұл қаладағы тұрғын үй мәселесін шешу жұмысы одан әрі жалғасады. Ол шаралар «Нұрлы Жер», «7-20-25» бағдарламалары арқылы іске асырылмақ.

Баламасы жоқ бірегей бекет

Бұдан әрі Ерлан Жақанұлы бастаған жұмыс тобы жаңа учаскелік полиция бекетінің ашылу шарасына да қатысып қайтты. Бұл – құқық қорғау органдарының ашық форматта жұмыс жасайтын облыстағы алғашқы нысаны.

 Теміртау қаласының полиция басқармасы «Шығыс» полиция бөлімінің №3 аймақтық полиция пункті ресми түрде облыстық полиция департаментінің ғимараты саналады. Нысан учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, полиция бөлімінің өзге де қызметтері мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтардың жұмысына арналып ашылған. Бұған қоса, мұнда тұрғындарға құқықтық және консультативтік жәрдем көрсету бойынша қабылдау жүргізілмек.

Жаңа учаскелік бекет Теміртау қаласының 2-ықшам ауданы бойынша қызмет көрсетеді. Бұл ықшам аудандағы тұрғындар саны – 14307 адамды құрайды. Бекетте учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция, пробация қызметінің инспекторлары, жол полициясының қызметкерлері жұмыс жасайтын 6 бөлме бар.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай жаңа учаскелік бекет бірыңғай шыныдан жасалған. Алайда, бұл күнделікті өмірде кездестіре беретін қарапайым шыны емес. Оқ теспейтін шыны қолданылды. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың полиция қызметкерлеріне деген сенімін нығайтуға негізделген. Бүгінгі таңда мұндай бекет Қазақстан аумағында – жалғыз. Баламасы жоқ дей аламын. Еліміздің еш өңірінен кездестіре алмайсыз мұндай бекетті. Алдағы жылдары мұндай бекеттердің санын көбейту жоспарлануда, – деді «Шығыс» полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Аңсаған Мусин.

Қазандық қашан жөнделеді?

Бұдан кейін жұмыс тобы Теміртаудағы №2 жылу-электр орталығына ат басын бұрды. Мұнда аталған орталық қазандықтарының күрделі жөндеу жұмысы басталған. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында өңірімізге жасаған жұмыс сапары кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласының тұрғындарын жылумен қамту мәселесіне айрықша назар аударған болатын.

Бүгінгі таңда аталған орталықтағы 5-қазандықтың күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Жөндеу жұмысы барысында қиындықтар орын алыпты. Яғни, қазандықтың демонтаж жұмысы барысында тіреу бағандарының жарамсыздығы анықталған. Сөйтіп, жөндеу жұмысының ауқымы кеңейген. Десе де, қазандықты іске қосу барысы белгіленген уақыттан кешіккенімен, осы күні толық қолданысқа енгізіліпті.

Бүгінде 2-қазандықтың жөндеу жұмысы жалғасуда. 140 адам тәулік бойы демалыссыз тер төгуде. Бұл жұмыстарға 3 млрд. 600 млн. теңге қарастырылған екен. Сөйтіп, жөндеу жұмыстары 25 қарашада аяқталуы тиіс еді. Алайда, қазандық жағдайын тексеру барысында ақаулар анықталған.

Бұл ретте, жұмысты жылдамдату үшін Астана, Жезқазған, Қарағанды қалаларының мамандары, тіпті, Екібастұздың қызметкерлері тартылған. Оған жергілікті жұмысшыларды қосыңыз. Сөйтіп, 2-қазандықтың жөндеу жұмысына ірі 2 ұйым бел шеше кірісіпті.

Жұмысты уақытылы аяқтауға кедергі келтірген – қазандық қаңқасының пішін өзгертуі (деформация). Бұл – жаңадан әзірленген қыздыру бетін орнатуға кедергі. Оны алдын ала болжау да мүмкін емес еді. Себебі, мұндай ақаулар тек қазандықтың демонтаж жұмысы кезінде ғана анықталады. Тиісінше, осы күні жұмысшылар саны да, қажетті материалдар да жеткілікті. Тек, жұмыс қарқынын баяулатпау қажет. Бүгінгі таңда демонтаж жұмыстары 80% орындалған. Ал, қандайда бір төтенше жағдай орын ала қалатын болса, қосалқы су жылыту қазандықтары бар. Яғни, тұрғындар жылусыз қалмайды деген сөз.

– Маман тапшылығы болса, басқа да мамандарды аянбай жұмылдырыңыздар. Бірақ, бұл қазандықтың жөндеу жұмысы биылғы 5 желтоқсанда аяқталуы тиіс. Қала әкімі мен энергетика саласын қадағалаушы маман әр 3 күн сайын маған есеп беріп отырыңыздар. Мен бұл жұмысты тікелей бақылауға алатын боламын. Қолдарыңызда жұмыс кестесі бар. Оған үлгермей жатқандарыңызды да жақсы білемін. Бірақ, тездетіп кесте тәртібіне сай жұмыс жасауларыңыз қажет. 5 желтоқсанда осы жылу-электр орталығына тағы келемін. Соған дейін жөндеу жұмысы аяқталады деп сенемін, – деді Ерлан Қошанов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button