Індеттен ібіліс қана қорықпайды
Аймақтағы қатаң карантин шараларына қарамастан, құдалық, сырға салу секілді той-томалақтар толастамай тұр. «Ел құлағы – елу» демекші, осындай кішігірім отбасылық мерекелердің жасырын түрде өтіп жатқанын жиі естиміз… Нәпақасын тойдан түскен түсіммен айыратын өнерпаздар нандарынан қағылғандарына наразы, әрине. Ал, жалпы қауым бүгінгі жағдайда той өткізуге мүлдем қарсы. Себебі, той – ауру тарату «көзі». Бұдан бөлек, кейбір қоғамдық демалыс орындарының қойылған талапқа елең етпей, жұмыс істеп жатқаны да әшкереленуде…
Қазір Қарағанды облысы аумағында қатаң түрдегі карантин шектеулері енгізілген. Бірақ, көшеде, қоғамдық көлікте бетперде киген елдің қарасы тым аз екендігі байқалады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар бетпердесіз ішке кіргізбейді. Оларға тұтынушылар жиі бас сұғатындықтан, жауапкершілік жүгін сезінген сыңайлы. Ал, басқа жерде карантин талаптарына пысқырып жүргендер шамалы…
Деніміздің саулығын ойлап әрі «Бетперде тақпасаң, 83 мың теңге айыппұл салады» дегенді естіп, отбасымызбен қос-қостан бетперде тіккіздік. Бірақ, қоғамдық көлік кондукторлары жолақыны алса болды, басқамен шаруасы жоқ.
Облыс аумағында құрамына облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және басқа да органдардың өкілдері кіретін мобильді топ пен жедел әрекет ету орталығы қоғамдық демалыс орындарында карантин ережелерінің сақталуын тексеру рейдтерін өткізуді жалғастыруда. Олардың айтуынша, ортақ талапты бұзушылар әлі де анықталуда.
Мәселенің мәнісін тереңірек зерделеу мақсатымен облыстық полиция департаментіне хабарласқан едік. Департамент баспасөз қызметінің басшысы Жанатай Сембеков қажетті шаралардың атқарылып жатқанын айтты. «Біз мобильді топтардың құрамына кіреміз. Облыстың бас санитар дәрігерінің нұсқаулығы бойынша жұмыс істейміз. Заң бұзушылық туралы хабарлама келсе, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері және журналистермен оқиға орнына барып, жағдайды қадағалауға аламыз. Заң жүзінде жедел әрекет етеміз. Тиісті деректі облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жібереміз» – деп ағынан жарылды.
Ал, нақты заң бұзушылық деректері жайлы облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің басшысы Айгүл Шатекова айтып берді.
– Облыс аумағында барлығы 45 мобильді топ (2020 жылғы 19 шілдеге дейін) 2 468 объектіге жедел бақылау жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде, 143 объектіден заң бұзушылықтар анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 425 бабына сәйкес, бұзушылықтар бойынша 40 жеке тұлғаға, 10 жеке кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салынды. Айыппұлдың жиынтық сомасы 5,5 млн. теңгеден асып жығылады, – деді Айгүл Сансызбайқызы.
Жуырда мобильді топ БАҚ өкілдерімен бірлесіп, Ермеков көшесі, 33/1 мекен-жайында орналасқан «Спектр» түнгі клубының жұмыс істеп тұрғанын анықтаған. Тексеріс кезінде оның алаңында екі жүзге жуық адам болған. Тәртіп сақшылары мен БАҚ өкілдерін байқағандар дереу тарай бастапты. Десек те, көңіл көтерушілер арасында тәртіп сақшыларына бағынбай, журналистер қауымының жұмысына кедергі жасағандар да болған екен.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан жастардың ішімдік ішкені анық аңғарылады.
Тентек суға тойып алған клуб қонақтарының бірі Life 09 интернет-порталы операторы бейнекамерасының жарық түсіргішін жұдырықпен ұрып, сындырды. Бейнежазбада бұл әрекет таспаға анық түсіп қалған. Қоғамдық тәртіпке бағынбай, есерлік көрсеткен 20 шақты адам Михайлов полиция бөліміне жеткізіліп, хаттамалар толтырылды.
Интернет-портал редакторы Аяжан Кеңесбектің айтуынша, «Спектрдегі» жастар мобильді топ қызметкерлеріне қарсылық танытқан соң, қосымша күш шақырылыпты. «Өздері аяқтарынан әзер тұр. Елде – карантин, адамдар өмірден өтіп жатыр. Ал, клуб иелері Инстаграм парақшасында жастарды клубқа шақыратын жарнама жасаған. Онда «Бүгін арт-алаңда би кеші өтеді. Кіру – тегін, ішімдік және сусынды әркім өзі әкелуіне рұқсат» делінген. Мұны естіген жастар карантинге қарамай, осында ағылған. Жиылғандар арасында 18 жасқа толмағандар да бар.
Рейд барысында Бұқар жырау, 28 мекен-жайында орналасқан «То место» кальян клубы да жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Карантин ережелерін өрескел бұзған көңіл көтеру орындарының басшыларына 640 мың теңге (230 АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Талап – қатал, өмірден өтіп жатқан азаматтардың отбасыларына – обал. Біреу тәртіпке бағынбай, той тойлап жүр. Ал, енді біреу соның салдарынан сырқаттанып, ауа жетпей ауруханада жатыр…
«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» депті бір данышпан. Басында бұл індеттің бар екеніне сенбедік. Кейін, төтенше жағдай алынған соң, той қуып кеттік. Қазіргі жағдай – мынау. Қаншама адам ажал құшып, аурулар саны артуда. Бұл – майдан! Қарусыз майдан. Осыны ұғатын мезгіл жетті. Әрқайсымыз өзімізге өзіміз бекем болып, қойылған талаптарды сақтамасақ, жағдай – күрделі.
Ал, осы жолы әшкере болған ойын-сауық отаулары – ібіліс-ойнақтың ордасы. Індеттен ібіліс қана қорықпайды.
«Бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығару» – басты қажеттілік. Мұны ескеру – азаматтық парыз.
Жәлел ШАЛҚАР.