Күннен қуат алатын күн жақын
Арқаның тас төбесінен түскен күн мен аңызақ желінің қуат көзіне айналатын кезі туды. Бұйырса, санаулы уақыттан кейін Саранда Орта Азиядағы ең ірі күн электр стансасы жұмысын бастайды. Сөйтіп, жасыл экономиканың аймақтағы ілкімді жобасы ел игілігіне қызмет көрсетпек. «SESSaran» ЖШС компаниясы мұрындық болған іс – озық жобалардың бірегейі. Қуаттылығы 100 МВт күн электр стансасының құрылысы 2017 жылы маусымда бастау алған-тын. Енді, санаулы уақыттан кейін жұмысын бастайды. Бұл жобаның ең бір артықшылығы – оның Орта Азия бойынша ең ірі станса болатындығында. Жалпы, жоба 160 гектар аумақты алады, онда 370 мыңнан астам фотовольтаикалық панельдер орнатылып, олар күн энергиясын электр қуатына айналдырады. Айтпақшы, станса құрылысының былтырғы жылы «ЭКСПО– 2017» Халықаралық көрмесі аясында қолға алынғанын атап өткен абзал. Ендеше, бұл да «ЭСКПО»-ның елге тигізген бір шарапаты деп білген жөн.
Жоба Еуропалық одақтың өкілдері Яна Зонненшайн (Чехия), Арнольд Беренс (Германия) және Душан Подгорски (Словакия) бастамасы бойынша жүзеге асырылуда. Базалық серіктестер «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжиниринг» (Германия) компаниялары. Жобаның құны – 139,5 миллион еуроны құрайды, бір жылдық жобалық қуаттылығы – 145 млн. кВт/с.
– Күн паркінің аумағы 20 инвекторлық қосымша стансаларды орнатуды қарастырады, олар электр қуатын тұрақты тоқтан ауыспалыға айналдырады. Сондай-ақ, желінің жағдайы туралы ақпаратты жинақтап, күн сайын мониторинг жүргізеді. Бұл – «Смартгин» соңғы өте ақылды машиналар. Мысалы, егер қандай да бір бөлшек бұзылса, ақпарат қоймаға автоматты түрде жеткізіледі. Ол өздігінен жаңа бөлшекке тапсырыс бере алады, яғни, барлық процесс толығымен автоматтандырылған, – деді Евгений Гребенников. Сонымен, ақылды технология арқылы экологиялық таза, шығыны аз, пайдасы зор станса қуаттың сарқылмас көзіне айналмақшы.
Бұл арада Саранның таңдалып алынуы да кездейсоқ емес. Жоба жетекшілерінің айтуынша, осы алаңдағы қазақстандық климаттық жағдай күн электр стансасы үшін барынша тиімді көрінеді. «Мұндағы локация жақсы, өте тегіс алқап, құрылысқа ыңғайлы» дейді олар. Сондайақ, жоба авторлары барлық электр қуаты «SES Saran» ЖШС және «KEGOC» компаниясының есеп-қаржы орталығы арасында жасалған келісім-шартқа сай тұрақты бағамен сатылатындығын атап отыр. Мұндай станса 30 жылдан астам уақыт қызмет етеді, ал электр қуатының құны бір деңгейде қалмақ екен. Жергілікті билік тарапынан жобаға барынша қолдау жасалған. Компания басшысы жергілікті биліктен қолдаудан кемдік көрмегенін ерекше атайды. Бұдан бөлек, инвесторлар жоба жұмысын бастаған соң Саран қаласына да әлеуметтік негізде қолұшын беруді жоспарлапты. Олар өздеріне алған міндеттемелерін орындауға мүдделілік танытуда.
Жобаның бас ғылыми кеңесшілері жобаның Париж конвенциясына қосылған үлес болатындығын да айрықша атаған еді. Жалпы, инвесторлар жобаның 8 жылда ақталып, елге тигізер үлесінің орасан боларына сенімді.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»