Руханият

Алаштың «Алтын жүрегі»

Қалалық М.Әуезов атындағы орталық кітапханасы «Өлке тұлғалары» тележобасы аясында «Кітапхана – рухани байлық мекені» атты онлайн-кездесуді ZOOM платформасы арқылы өткізді. Кеш қонағы ҚР Білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының және ҚХА «Бірлік» алтын медалінің иегері, Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.

Іс-шараны кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханова тізгіндеп, бұл күнде елім деп талмай еңбектеніп жүрген мейманның жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Бекзат Қомарұлы еркін форматта өз еңбек жолының өліара кезеңге дөп келіп, көп қиындықты еңсергенін тілге тиек ете отырып, студенттік шағынан бергі өмірін есті естеліктерге орап, ыстық әңгіме өрбітті.

– Көпбалалы шаңырақта өстім. 13 перзенттің жетіншісімін. Өзімнің 2 ұл, 2 қызым бар. Әкем марқұм 40 жасында өмірден өтіп, тағдыр түрлі қиындықпен сынады. Бірақ, ата-анамыздан алған толымды тәрбие бізді адастырған жоқ. Бір-бірімізді сүйеп, қамқор болдық. Оларға деген махаббатым, ауылымды сүюге жетеледі. Осылай елге, ұлтқа деген махаббат қалыптасып, Әлихан, Әлімхан сынды ұлт перзенттерінің қайраткерлігі рух беріп, елдің баласы болып өстім. Бүгінде өздеріңіз көргендей сол халқымның махаббатына бөленіп, елдің еңсесін көтеруге күш салып жүрмін, – деді Бекзат Қомарұлы.

Сонымен қатар, осындай жетістікке жетуге кітап оқу мен білім алудың көп пайдасы тигенін айтып, кітапхананың адамзат мәдениетіндегі алатын орнының биік екеніне де тоқталды.

Қалалық кітапхана бөлімшелерінің қызметкерлері онлайн түрде сұрақ қойып, тұщымды жауап алды. Алдағы уақытта Бекзат Қомарұлы «Тұлға» сыйлығы құрамына кітапханашылардың кіретінін айтып, бір қуантты. Дайындаған кітап көрмесін таныстырып, карантин кезінде кітап алып оқудың оңтайлы жолдарына тоқталды.

Қазақтың белгілі ақыны Бағдат Мүбәрәк жүрекжарды лебізін айтып, «Дұға» өлеңін жалындата оқыса, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов Бекзат ағаның азаматтық тұлғасына кеңінен тоқталды. Айтыскер ақын Мақсат Аханов өзінің ыстық пейілін арнау жырына арқау етсе, қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Рауан Мекентай да жастардың атынан кеш қонағына алғыс айтып, оның әр игі ісінен үлгі алатынын жеткізді. Кешке қатысқан басқа да жас ақындар мен қонақтар тұщымды сөз сөйлеп, тебірене өлең оқыды.

Кеш қонағының өнегелі өмірінен бейнежазба көрсетіліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітап көрмесі ұсынылды.

Оқырмандарды рухани кемелдікке, адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне жекелеген адамдар тарапынан жасалатын игі істермен таныстыру мақсатында өткізілген кеш жоғары деңгейде өтіп, тың дерекке толы болды.

Кештің жаңалығы һәм нәтижесі Бекзат Қомарұлының ерекше ұсынысы болды. Ол өлеңдері елдің аузында жүрген Бағдат Мүбәрәк ақынның жырларын жатқа оқудан жас буын арасында өтетін сайыс өткізу. Демеушісі – Бекзат аға. Сайыстың ережесі алдағы уақытта бекітіледі. Бұл жоба аясында жылына 4 ақынның жырларын жатқа оқу байқауы өтпек. Алғашқысы – Бағдат шайыр. Ақынға осыдан асқан бақыт бар ма?..

Бекзат Қомарұлы осылайша, өзінің нағыз Алаштың Алтын жүрегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button