«Қыстың қамын жаз ойла…»
Коронавирус инфекциясына шалдыққандарды емдеуге арналған 5217 төсек қазан айында пайдалануға беріледі. Оның 396-сы – реанимациялық төсек. Сондай-ақ, облыста әрқайсы тәулігіне 6600 зерттеу жүргізетін 7 зертхана мен 21 компьютерлік томография кабинеті ашылады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль ТОҚСАНБАЕВ мәлімдеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының індеттің екінші толқынына дайындық жоспарын шілде айында облыс әкімі бекіткен. Соған сәйкес, 5 бағытта қызу жұмыс жүргізілуде.
Алғашқысы – облыстық денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дайындау. Бүгінде жабдықталған 44 госпитальдің 36-сы індет өрши түссе, пациент қабылдауға сақадай сай. Сондай-ақ, 5 медицина мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оларды да алдағы уақытта инфекциялық госпиталь ретінде пайдалануға болады.
Үкімет тапсырмасымен елімізде салынып жатқан 12 инфекциялықмодульдік госпитальдің біреуі Жезқазған қаласында. Құрылыстың 5560%-ы атқарылған. Яғни, 21 қазанға дейін медицина мекемесі толық пайдалануға берілмек.
Екіншісі – кадр мәселесі. Қазір аймақтың госпитальдарында 4 427 төсек орын болса, қазан айында 5217-ге жетеді. Әрине, оған кадрлар қажет. Ол үшін министрліктің бұйрығына сәйкес, бүгінде тапшы мамандықтарға қосымша оқудан өтіп жатқан дәрігерлер шақыртылады. Олар, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалаларына іссапарға жіберіліп, уақытша үй беріледі. Медицина қызметкерлерін оқытып, біліктілігін арттыру да жоспарда бар.
Ал, үшінші, яғни, материалдықтехникалық базаны қамтамасыз ету бағытында облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінген. Қолда өкпені жасанды желдететін 192 аппарат болса, республикалық бюджет есебінен тағы 151 данасы алынады. Сондай-ақ, 24 госпитальде медициналық-орталықтандырылған оттегі өткізу жұмыстары жүргізілуде. 1 қазанға дейін 808 қосымша оттегі нүктесі дайын болады. Жергілікті бюджеттен қызметтік автокөлік, цифрлық рентген аппараты сатып алынса, тағы да 40 цифрлық рентген аппараты 8 қазанға дейін әкелінбек. Республикалық бюджет есебінен толық автоматтандырылған 60 реанимобиль көлігі әкелінуі күтілсе, облыстың алыс аймақтарына бару үшін 3 медициналық кешен (ішінде рентген, УЗИ және тағы басқа аппараттары бар) алынбақ. Қолда қазір осындай 6 жылжымалы медициналық кешен бар.
Төртінші орында – дәрі-дәрмек мәселесі. Аймақ госпитальдерінде 1,5 айға жететін қор бар. Тамыз айында берілген тапсырысқа сай, «ЦК-формация» компаниясы дәрі-дәрмек жеткізуде. Алдағы жылдың наурыз айына дейін қор толыға береді. Яғни, 1,1 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілуі тиіс. Дәрігерлердің денсаулығын сақтау да назардан тыс қалған жоқ. Эпидемиялогиялық қоймада 80 мыңнан астам медициналық костюм, миллиондаған бетперде, қолғап бар. Бұл үшін тағы шамамен 50-60 миллион теңге бөлінеді.
Соңғы мәселе – жұртшылықпен кері байланыс.
– Кейде емделушінің жағдайы туралы ақпарат дұрыс жетпейді. Егер, індет өрши түссе, жедел желілер қызметі тәулік бойы жұмыс режиміне көшеді. Бүгінде тәулігіне індет жұқтырған 5-7 адам тіркелуде. Бірақ, оларда ауру белгілері жоқ. Әзірге жағдайы ауыр 7 адам бар. Бәрі қадағалауда, – дейді Гамаль Тоқсанбаев.
Жәлел ШАЛҚАР.