Талқыда – түйткілді мәселелер
Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында бірқатар маңызды мәселе қаралды. Комиссия төрағасы Қадиша Оспанованың төрағалығымен өткен отырыста халық арасында психоактивті заттарды тұтынудың және есірткі қылмыстарының алдын алу, спорт саласын дамыту, денсаулық сақтау, жедел медициналық жәрдем станциясын салу, өңірлік денсаулық кеңесін құру және облыстың жаңа өңірлік символикасын бекіту мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан комиссия төрағасы Қадиша Оспанова бүгінгі таңда есірткі қылмысының сипаты өзгеріп келе жатқанын атап өтті.
– Негізгі қауіп енді дәстүрлі ұйымдасқан қылмыстық топтардан ғана емес, интернет пен мессенджерлер арқылы жұмыс істейтін жасырын желілерден туындап отыр. Қылмыскерлер криптовалюта, байланыссыз жеткізу және басқа да заманауи тәсілдерді пайдаланады. Әсіресе, синтетикалық есірткінің таралуы алаңдаушылық туғызуда. Сондықтан, бұл бағыттағы алдын алу және қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі түрде күшейту қажет, – деді Қадиша Базарбайқызы.
2025 жылғы тамызда ҚР Премьер-Министрінің өкімімен есірткінің алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін 14,5 пайызға азайды. Сонымен қатар, синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына, интернет арқылы таратуға және есірткіні заңсыз өсіруге қарсы жұмыстар күшейтіліп, есірткі зертханалары мен фитозертханалар мен фитолабораториялар анықталды. Интернеттегі есірткі жарнамасына қатысты сайттар мен аккаунттарды бұғаттау, күмәнді қаржылық операцияларды тоқтату және профилактикалық рейдтер жүргізу жалғасуда, – деді ол.
Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» директоры Зульфикар Әбілқасимов психоактивті заттарды тұтынудың алдын алу, тәуекел тобындағы азаматтармен жұмыс және наркологиялық есепте тұрған адамдарды медициналық сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, қазіргі таңда 7,5 мыңға жуық адам наркологиялық есепте тұр. Бұған қоса, есірткі қолдану немесе есірткілік масаң күй фактісі анықталған адамдардың саны да өскен. Атап айтқанда, осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 255 адамнан 424 адамға дейін өскен. Анықталған жағдайлардың басым бөлігінде каннабиноидтар тіркелсе, тағы 6 жағдайда α-PVP қолданылғаны белгілі болған.
Есірткінің алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Биылғы бірінші жартыжылдықта мамандар 1 221 профилактикалық іс-шара өткізіп, 13 125 адамды қамтыған. Бұл ретте профилактикалық жұмыстың тек есірткі қолданудың алдын алумен шектелмей, тұрғындардың, әсіресе жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталғаны маңызды.

Сонымен бірге, материалдық-техникалық базаны жаңарту мәселесі де назарда. Желтоқсан айына дейін Мұқанов көшесіндегі наркологиялық орталық корпусының күрделі жөндеуін аяқтау жоспарланып отыр. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационар 92 төсекке есептелген. Жаңартылған корпусты қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, жиһазбен, техникамен және оңалтуға арналған мүкәммалмен толық жарақтандыру үшін 194,15 млн теңге қажет.
– Бүгінде жұмыс белсенді республикалық штаб құрылған. Осы орайда, облыс әкімінің басшылығымен өңірлік штаб жұмыс істейді. Бұл бағыттағы жұмыстың ауқымын соңғы статистика да аңғартады. Полиция мәліметіне сәйкес, биылғы алғашқы жеті айда 356 келі синтетикалық есірткі және оларды заңсыз өндіруде пайдаланылуы мүмкін 4 тоннадан астам прекурсор тәркіленген. Бұл көрсеткішке психобелсенді заттардың өзге түрлері кірмейді, – деді ол.
Есірткіге қарсы форумдар мен спорттық, ақпараттық шаралар ұйымдастырылуда. «STOP-Граффити» рейді арқылы Қарағандыда 2 мыңнан астам, Теміртауда 872 есірткі жарнамасы жойылған. Ашық сот отырыстары, деректі фильмдер көрсетіліп, подкасттар мен психологиялық тренингтер өткізіліп, вейпинг, темекі шегу және лудоманияның алдын алу жұмыстары қолға алынған.

Есірткі қылмысының цифрлық ортаға ауысуы, жасөспірімдердің «закладчик» пен «дроппер» ретінде тартылуы, ата-аналардың құқықтық сауатын арттыру және ауылдық жерлердегі мамандарды қолдау өзектілігін көрсетеді.
«Үміт» қоғамдық қорының директоры Гүлмира Смаилова мен «Адал Азамат» өңірлік кеңсесінің кеңесшісі Дана Санаубаева да азаматтық қоғамның осы бағыттағы бірлескен жұмыстары туралы пікір білдірді.
Сонымен қатар, депутаттар жастармен жұмыс жүргізудің әлі де күшейтіп, жүйелеуді қажет ететін бірнеше бағытын атап өтті. Депутат Ермек Әбілдиннің пікірінше, форумдар, акциялар және өзге де іс-шаралармен қатар, жастармен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді жұмыс форматтарын дамыту маңызды. Бұл бағытта профилактикалық жұмысты бір реттік шаралармен шектемей, жүйелі түрде жүргізуге басымдық берген жөн.
– Жастардың тәуелділіктерге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында нашақорлыққа қарсы форумдар мен спорттық, ақпараттық шаралар ұйымдастырылуда. 2026 жылдың басынан бері 59 ірі іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық жас қамтылған. Жастар ресурстық орталығы жанындағы фронт-кеңсе түсіндіру, рейдтік және волонтерлік жұмыстарды үйлестіреді, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
– Бүгінде жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Алайда, ендігі міндет – негізінен бір реттік іс-шаралардан жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс форматына көшу. Мәселен, жыл бойына жоспарланған тренингтер циклін, тәлімгерлік бағдарламаларды және жастармен тұрақты өзара байланыс орнатуға мүмкіндік беретін басқа да форматтарды енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.
Тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жұмысқа да ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте проблеманы ерте анықтау, алдын алу және әр жасөспіріммен жеке жұмыс жүргізу тетіктерін күшейту керек. Қажет болған жағдайда бұл процеске тиісті мамандарды да тарту маңызды.
Тағы бір маңызды бағыт – ақпараттық жұмыс. Жастар аудиториясының қызығушылығы мен сөйлеу мәнеріне бейімделген медиаконтентті тұрақты түрде ұсыну қажет. Спорт саласындағы көшбасшыларды, волонтерлерді және белсенді жастарды салауатты өмір салтын насихаттайтын тұрақты амбассадорлар ретінде кеңірек тартқан жөн.
Бұдан бөлек, жастардың қажетті жағдайда көмекке дер кезінде жүгінуіне, проблемалық жағдайлар немесе есірткі тарату фактілері туралы хабарлауына мүмкіндік беретін қолжетімді әрі құпия кері байланыс арналары болуы керек, – деді Ермек Әбілдин.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе 2027-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру және спорт саласындағы проблемаларды жүйелі шешу жөніндегі перспективалық жоспар. Қазір облыста 1 384 спорт нысаны жұмыс істейді, халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылуы 69,1 пайызды құрайды.
Жоспар аясында жалпы құны шамамен 3,2 млрд теңге болатын 20 нысанды жөндеу, ауылдарда модульдік спорт құрылыстарын дамыту, жеке инвестициялар мен демеушілік қаражатты тарту көзделген. Қарағандыдағы «Спорттық кластер» жобасы да маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Жоспардың негізгі бөлігі бұқаралық және инклюзивті спортты дамытуға, балалар мен жастарды спортқа тартуға бағытталған. Сонымен қатар, жоғары жетістіктер спортындағы 131 спортшы мен 91 жаттықтырушыны қолдау, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру, материалдық-техникалық және кадрлық базаны нығайту, цифрландыруды күшейту және қалалар мен аудандардағы аяқталмаған нысандарды аяқтау қарастырылған.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратовтың айтуынша, биылғы басым бағыттардың қатарында құрылысы аяқталмаған және проблемалық спорт нысандарын ретке келтіру, ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту және осы салаға бюджеттен тыс қаржы тарту мәселелері бар. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – спорт нысандарының қолжетімділігін арттырып, ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылым алшақтығын азайту.
Депутаттар денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаевтың амбулаториялық ем қабылдайтын азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша медициналық көмек көрсету және оларды қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысын қолдады. Бұл бастама аталған санаттағы тұрғындарға қолданыстағы медициналық көмектен бөлек, қосымша қажетті ем-дом мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға бағытталған.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жаңа өңірлік жедел медициналық жәрдем станциясын салу болды. 1972 жылы салынған қазіргі станция бүгінгі жүктемеге толық сәйкес келмейді. Мұнда жыл сайын жедел жәрдем бригадалары 430 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетіп, санитариялық авиация арқылы 700-ге жуық ұшу орындалады.
Жаңа нысанның жалпы аумағы 7,9 мың шаршы метр болады деп жоспарланған. Ол қаланың «Оңтүстік-Шығыс» бөлігінде орналасады деп болжанып отыр. Қазір жаңа даму жобаларын іске асыруға мораторий қолданыста болғандықтан, депутаттар Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұсынысын қолдады. Шектеулер алынғаннан кейін жобаны «кілтпен» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын құрылыс жобаларының тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Депутаттар халық денсаулығын қорғау жөніндегі Өңірлік кеңес құру туралы ұсынысты да қолдады. Кеңес әкімдік жанындағы жұмыс алаңы ретінде мемлекеттік органдардың осы бағыттағы қызметін үйлестіріп, халық денсаулығына әсер ететін ведомствоаралық мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді тек бір ведомствоның аясында емес, кешенді түрде қарастырып, нақты шешімдер қабылдауға бағытталған.
Сондай-ақ, депутаттардың қарауына облыстың жаңа өңірлік рәмізі ұсынылды. Байқауға алты автордан барлығы 17 эскиз түскен. Нәтижесінде жеңімпаз деп Станислав Аппазовтың жобасы танылды.
Салалық басқарманың мәліметінше, жаңа рәмізде өңірдің табиғи, экономикалық және мәдени әлеуеті көрініс тапқан. Яғни, жаңа символика облыстың өзіндік ерекшелігін айқындап, оның даму мүмкіндіктерін танытатын негізгі белгілерді бір композицияға біріктіреді.
Барлық мәселелер қыркүйек айында өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізіледі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



