Бас тақырыпЖаңалықтар

Ауылдағы жол мәселесі тек асфальт төсеумен шектелмейді

Ауыл үшін жол жай ғана асфальт емес. Аудан орталығына жетудің, баланың мектепке баруының, жедел жәрдемнің уақытында келуінің, шаруаның өнімін нарыққа жеткізудің жолы. Сондықтан, ауылға асфальт төселсе, өзгеріс тек жол бетінде емес, тұрғындардың күнделікті тіршілігінде сезілуі керек.

Коллажды жасаған Арайлым КӨКТАЕВА

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының дерегінше, биыл облыста ауылішілік жолдарды жөндеуге басымдық беріліп отыр. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Дубовка, Шабанбай би және Қайнар ауылдарындағы жолдар жөнделуде. Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бірақ, мәселенің өзі маңызды, ауылға келген асфальт оның тұрғындарының өмірін қаншалықты жеңілдетеді?

Биыл облыста тек ауыл ішіндегі көшелермен қатар, елдімекендерді аудан орталықтарымен және өзге ауылдармен байланыстыратын жолдар да жаңартылуда. Жалпы, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 500 шақырымы әртүрлі деңгейде жөндеу көрген.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 78 шақырымы орташа жөндеуден, 3 шақырымы күрделі жөндеуден, 2 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде. Мәселен, ұзындығы 19 шақырым болатын «Саран-Шахтинск» жолының 16 шақырымында асфальт-бетон жабынының үш қабаты төселіп үлгерген. Қалған 3 шақырымды биыл аяқтау жоспарланған. Ал, «Шахан-Жаңаталап» жолының 5 шақырымдық бөлігінде қайта жаңғырту жүргізілуде. Оның 2 шақырымында жол негізі ауыстырылып, асфальт-бетон жабынының үш қабаты төселген.

Жол жөндеу – ұзындықпен өлшенетін көрсеткіш. Ал, ауыл тұрғыны үшін басты өлшем, сол жолмен жүргенде бұрынғы қиындықтың азаюы. Жолдың жағдайы жақсарса, шаруаның өнімін аудан орталығына жеткізуі жеңілдейді, тұрғынның қалаға қатынауы оңайлайды, тасымал шығыны азаюы мүмкін. Бұл шағын бизнес пен ауыл шаруашылығына да әсер етеді. Мұны Бұқар жырау ауданындағы Суықсу ауылының мысалынан анық көруге болады. Шалғай елдімекенге дейін асфальт жолдың төселуі жергілікті тұрғындар үшін қатынасты жеңілдетіп, шаруашылықтарды дамытуға жаңа мүмкіндік беріп отыр.

Суықсу – тіршілігін жермен байланыстырған еңбекқор жұрт мекендеген ауыл. Мұнда мал шаруашылығы дамып, ет, сүт өнімдері мен қымыз өндіріледі. Ұзақ жылдар бойы Қарағанды қаласына өнім жеткізудегі басты кедергілердің бірі жолдың сапасы болды. Топырақ жолмен қатынау тұрғындарға оңайға соқпады: көліктер жиі бұзылып, жолға кететін уақыт ұзарды, техниканы жөндеуге жұмсалатын шығын көбейді. Ауыл тұрғындары бұл мәселені облыс әкімінің жеке қабылдауында көтерген. Өтініштен кейін аталған жолды орташа жөндеу бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылданды.

Жолдың жаңаруы, әсіресе, шаруалар үшін маңызды болды. Суықсу ауылындағы шаруа қожалығының иесі Хамит Қамбарұлы жаңа жолдың салынуы шаруашылықты кеңейтуге деген сенімді арттырғанын айтады.

– Ауылымызда бұрын-соңды асфальт жол болған емес. Қалаға қатынау қиын еді, көліктер жиі бұзылатын. Жол жөнделетінін естіген соң мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа трактор сатып алдым. Енді шаруашылығымды кеңейтуді жоспарлап отырмын. Бұрын жолдың нашарлығынан техникаға қаржы салуға жүрексінетінбіз, өйткені оның пайдасынан шығыны көп еді, – дейді ол.

2026 жылы облыстық маңызы бар «Қарағанды-Калинино-Ақбастау-Суықсу» автомобиль жолы орташа жөндеуден өтетін нысандар тізіміне енгізілді. Жоба аясында жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын екі учаске жаңартылады. Оның 4 шақырымы республикалық автожолдан Ақбастау кентіне дейінгі аралықты, тағы 5 шақырымы Ақбастаудан Суықсу бағытына дейінгі бөлікті қамтиды. Нысанда жол төсеміндегі ақауларды жою, жаңа асфальт-бетон жабынын төсеу, жол жиектерін нығайту, су өткізу құбырларын жөндеу, жол белгілерін орнату және жол таңбаларын салу сияқты кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақбастау мен Суықсу арасындағы бес шақырымдық учаскеге асфальт төсеу толық аяқталған.

Сурет облыс әкімдігінен

Абай ауданында да жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары бірнеше елдімекенді қамтып отыр. Дубовка ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылдан бері жолдарға орташа жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылдағы 27 көшенің 10-ына жалпы ұзындығы шамамен 9 шақырым жаңа асфальт төселген. Қалған көшелерге қиыршық тас төселуде. Ауылдағы жол мәселесі тек асфальт төсеумен шектелмейді. Жаңбыр және еріген қар суын бұру үшін жалпы ұзындығы 1389 метр жабық нөсер кәрізі салынуда. Республикалық трасса бойына ұзындығы 2,8 шақырым жаңа қоршау орнатылған.

Жол инфрақұрылымын жаңарту Абай қаласында да жалғасуда. Биыл мұнда Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі мен Әлия Молдағұлова көшесінің жалпы ұзындығы 2,2 шақырым болатын бөлігі қайта жаңғыртылуда. Жоба бойынша жаңа тротуарлар салынып, көшелердің маңы абаттандырылып, көгалдандырылады. Екі қиылыс кеңейтіліп, олардың өткізу қабілетін арттыру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі уақытта жұмыстың негізгі бөлігі жолдың жаңа негізін қалыптастыруға бағытталған. Екі шақырымға жуық учаскеде ескі топырақ 1,5 метрге дейінгі тереңдікте алынып, жол негізі тау жыныстарымен нығайтылған. Инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру және қорғау жұмыстары бүкіл учаскеде аяқталған. Жаяу жүргіншілер бөлігі де қатар жасалуда. Жоспарланған 4 шақырым жиектас құрылысының 2,5 шақырымы орнатылып, брусчатка төсеу басталған.

Бұдан бөлек, биыл Абай қаласында орташа жөндеумен Жеңіс даңғылы, Сәкен Сейфуллин көшесінің айналма жолға дейінгі бөлігі, Ермеков көшесі және қалаға кіреберіс жол жөнделуде. Жолмен бірге айналма жол, аялдама қалталары және оған іргелес аумақтар да абаттандырылуда. Жалпы, биыл Абай қаласында орташа жөндеумен қамтылған қалалық жолдардың ұзындығы 10,7 шақырымды құрайды.

Жол инфрақұрылымын жаңарту Топар кентінде де жалғасуда. Шерубай-Нұра су қоймасының бойындағы туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайы жақсарған. Өткен жылы су қоймасының оң жағалауындағы 2,6 шақырым жол орташа жөндеуден өтсе, биыл туристік нысандарға кіреберісті қамтамасыз ететін 11,9 шақырым жол жөнделген. Топардың коммуналдық жағажайына апаратын жол да кеңейтіліп, қиыршық тас төселген. Көлік тұрағы ұйымдастырылып, жағажай аумағы тазартылып, кеңейтілген. Бұл жол жөндеудің тұрғындар қатынасынан бөлек, туризм мен демалыс инфрақұрылымына да әсер ететінін көрсетеді.

Ауылдардағы жол жөндеу жұмыстарының тағы бір мысалы Шабанбай би елдімекені. Ауыл әкімінің айтуынша, биыл Жалаңтөс батыр және Шомақбаев көшелерінің жолдары жөнделеді. Жалпы ұзындығы – 1,5 шақырым. Бұл көшелерге асфальт толық төселеді.

– Ауылда барлығы 9 көше бар. Оның екеуі қазірдің өзінде асфальтталған. Биыл тағы екі көшеге асфальт төселеді. Қалған бес көше жөндеуді қажет етеді. Олар келесі жылдарға жоспарланып отыр, – деді Шабанбай би ауылының әкімі Дархан Жақыпбек.

Шабанбай бидегі жағдай ауылішілік жолдарды жөндеудің бір күнде аяқталмайтынын көрсетеді. Бірнеше көше жаңарғанымен, қалған жолдардың мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Қай көшеге бірінші кезекте асфальт төселетіні оның жағдайы мен басымдығына қарай анықталады.

Жалпы, биыл облыстық маңызы бар 11 жол учаскесінде жалпы ұзындығы 78 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Бұл жолдарға екі қабат асфальт-бетон төсеу жоспарланған. Мұндағы мақсат – жол төсемінің беріктігін арттырып, пайдалану мерзімін ұзарту.

Жол жұмыстарының сапасын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бақылайды. Орындалған жұмыстарды қабылдау үшін орталықтың оң қорытындысы қажет. Жолға пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстарға техникалық және зертханалық бақылау жүргізіледі. Егер кемшілік анықталса, мердігер оны жоюға міндетті.

Ауылға бірнеше шақырым жол жөнделді екен деп, ондағы жол мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Биыл Дубовка, Шабанбай би және Қайнар ауылдарында ауылішілік жолдар жөнделіп жатса, облыстық маңызы бар жолдардың ондаған шақырымы жаңартылуда. Мұның барлығы елдімекендер арасындағы байланысты жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және тұрғындардың қатынасын жеңілдетуге бағытталған.

Жол жөндеудің шын нәтижесі – автобус бұрынғыдан жеңіл жүргені, аудан орталығына жету уақыты қысқарғаны, шаруаның жол азабын тартпауы, бала мектепке бара жатқанда батпақ кешпеуі. Сондықтан, «асфальт төселді ме?» деген сұрақтан гөрі «асфальт төселгеннен кейін ауылдың өмірі өзгерді ме?» деген сұрақ маңыздырақ.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button