ҚарқаралыБас тақырып

Қарқаралы ауданында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде

Қарқаралы ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды. Қазандықтар мен жылу желілері жөнделіп, бірқатар ауылдардағы мектептерге жаңа модульдік қазандықтар орнатылуда. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарға қажетті көмір қоры жасақталып, электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр,деп хабарлайды аудан әкімдігі.

Суреттер облыс әкімдігінен

Ауданда 117 әлеуметтік-мәдени нысан және 38 көппәтерлі тұрғын үй бар. Қарқаралы қаласындағы нысандарды алты жергілікті қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Қазір олардың барлығы қысқы кезеңдегі жүктемеге дайындалуда.

№3 қазандықтың жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал №6 қазандыққа қуаты 2,5 МВт жаңа КСВР қазандығы орнатылды. Қаладағы өзге қазандықтарда да қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Әлеуметтік нысандардың жылумен қамтылуына да ерекше көңіл бөлінуде. Аудандағы 43 білім беру ұйымының ішінде Қарабұлақ, Бақты, Қарағайлы және Ақбай-Қызылбая ауылдарындағы мектептерге модульдік қазандықтар орнатылып жатыр.

Жылыту маусымында тұрақты жұмыс істеу үшін отын қоры да алдын ала дайындалуда. Алдағы қысқа аудан тұрғындары мен бюджеттік ұйымдарға 72,2 мың тонна көмір қажет. Халық үшін көмір екі теміржол тұйығы мен үш қойма арқылы жеткізіледі. Бюджеттік мекемелердің де қажетті отын қорын жинақтау жұмыстары жүргізілуде.

Қысқы кезеңде электр желілеріне түсетін жүктеменің артуына байланысты энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. «Қарағанды Жарық» компаниясы екі қосалқы станцияда жөндеу жұмыстарын атқарып жатыр. Ал «ҚАЭК» ЖШС 7,1 шақырым электр желісі мен бес трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізуде.

Жұмыстар барысында №1024 КТҚ жөнделіп, 102 ақаулы тірек ауыстырылды. Сондай-ақ екі қосалқы станцияда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Аудандағы қазандықтар, жылу және электр желілері, әлеуметтік нысандар мен басқа да инженерлік инфрақұрылымның қысқа дайындығы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button