Руханият

Тәңірқұт (жалғасы)

(Жалғасы.

Басы өткен №123, №126 номерлерде)

Тәңірқұт

Қаншығы – кірекей.

Күшігі – қонжық.

Барыстың қаншығы – таутан.

«Алма апаннан аланды, таутан алар балаңды» /Мәтел/.

Күшігі – алан.

Арланы – барсақ.

Ел ішінде «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке» деген мәтел бар. Осы мәтелде жансақтық орын алған. Дұрысы: «Таутанын тастап барсақ/барысақ/, жаға болар ішікке».

Барсақ қазіргі ұғыммен қарайтын болсақ барынша сақ /аң/ деген мағынаны білдіреді. Шын мәнінде барыстың қырағысы /сағы/ арланы емес өлекшіні.

Қарсақтың қаншығы – мырсақ. Кей жерде мыршақ деп айтушылық та бар.

Қарсақ атауы аң атауы ретінде кейінде қалыптасқанға ұқсайды. Қарсақ деген сөз аңның ұрғашысына қаратылып айтылған сөз. Ендеше жоғарыдағы барсақ пен осы қарсақтың бастапқы мағынасы өзгерген бе дейміз.

Күшігі – жәутік.

Жәутік нашар деген сөз. Әдетте қарсақтың күшігі әлжуаз болып туады. Тілімізде жаман – жәутік тіркесі бар. Осындағы жәутік сөзі нашар деген мағынаны білдіреді.

Сілеусіннің қаншығы – ілбісін.

Ел ішінде ілбішін деп айту да кездеседі.

Күшігі – інсін.

Түлкінің қаншығы – қанжыр.

Тіліміздегі қанжырық сөзі осы қанжырмен түбірлес болар. Тура мағынасы – түлкінің қаншығы мағынасында да айтылуы әбден мүмкін.

Күшігі – жаутаң.

Арланы – алтын.

Алтынның тура мағынасы – бірінші айлакер. Көне түрік тілінде ал – айла, тын/тұң/ – бірінші. Қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген тұңғыш сөзінің мағынасы – бірінші деген сөз.

Борсықтың арланы – борақ.

Қаншығы – сасық.

Күшігі – әзборақ.

Борсық та күшігін соқыр туады. Әзборақтағы «әз» соқыр деген сөз.

Күзеннің арланы – шақар.

Қаншығы – шашал.

Күшігі – безек.

Мәлімнің күшігі – мәулен.

Мысықтың еркегі – мыршым.

Ұрғашысы – мырсын.

Күшігі – соқыр.

Ең соңында айтарымыз, қасқырға қаратылып айтылған бір мәтел бар. «Бөлтірігін алма шуланның, шұрқан салар қораңа» деген.

Қасқырдың кекшіл тағы екендігін білеміз. Оның ішінде шуланның, оның ішінде бөртенің кекшілдігі әлемет. Бұлар нағыз қырыпсалдар. Соған орай қазақ аңшылары апаннан күшік алса бәрін алған. Көз алдарында күшігі жүрсе кегін ұмытпайды деп.

 

Сонымен жазбамыздың соңына жеткен сындымыз. Қазақ атамыз итті жеті қазынаның біріне санаған. Қасқырды да өзінен алыстатпаған. Терісін ішікке жаратса, қыл ақыры өтін емдікке пайдаланған. Шешелеріміздің омырауынан сүт шықпай қалғанда ит емізгендері болған. Итемген есімі соған орай қойылса керек. Қасқыр өтіне жерік болған аналарымыз да аз болмаған. Есті қазақ бекерден бекер қасқыр ауламайтын болса осындай себептері бар.

БӨРІСЫРҒАҚ

Барып-барып жаяу сырғақ ирелеңдеп басылады,

Түк болмағандай күнің дағы түтеленіп ашылады.

Апта салып көз байлаған перделерің ғайып болып,

Бөрте менен көк серектен алтын шуақ шашылады.

Әуектің бұл саф тірлігі тоқтап қалған ашылады,

Серек біткен бір-біріне жақындап кеп қасынады.

Қолтық қызық басылған соң бөрте қалып соңында,

Айға қарап бөрі ұлиды, әуектің ең басындағы.

Бөрісырғақ сап басылған, әуек көшіп бара жатыр.

Түк көрмегендей,

түк білмегендей,

Маңғаз ғана дала жатыр.

                  Төрехан ӘКІМЖАНҰЛЫ

 

Менің туған нағашым Бітім Көшмағанбетұлы қазақы ұғымдағы аңшы еді. Ешуақытта қолына мылтық, автомат алмайтын. Ешуақытта джип, вездеход, аэрошана мінбейтін. Атпен шығатын, қолына құрық та алмайтын, жалаңқат алатын. Сол нағашымының қасқырдың құтын аламын деп бөлтірік асыраған жылдары болды. Нағашы атам Көшмағанбет көшелі адам еді. Сол кісі баласының осы ісіне қарсы болды. Бала да болсам сол бөлтіріктің тәрбиесіне мен де қатыстым. Оның тәрбиесіне бүкіл ауыл болып жұмылған. Сол бөлтірік бәрібір құтын бермей кетті. Бұл әңгімелер менің құлағымда содан қалған. Әйтпесе, қасқыр тұрсын киікке де шыққан адам емеспін.

Жұрт менің осындай тосын жазбаларыма қарап мені аңкөс, аңшы деп біледі. Қайталап айтайын, мен ешуақытта түз тағысына мылтық кезенген адам емеспін.

 

Боран, болмаса аяз жөнінде әңгіме қозғала қалса жадымызда Арқа жаңғырып қоя береді.

Ал менің жадым тітірініп тұрады. Өйткені менің бабам осы Арқаның алғашқы аязында ұшып өлген. Сол аязды Арқа жұрты күні бүгінге дейін Қырбастың қызыл шұнағы дейді. Қырбас деп отырғанымыз атақты Көкбөрі Жарылғап батырдың баласы, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың күйеубаласы.

Шұнақ деп қазақ баласы құлақ кемістігін айтады. Қырбас бабамыз аязға ұрынып  қамшымен қаққанда құлағы қолында қалған ғой…

Бұл кәдімгі желтоқсан айының басы. Бұл Кәмел Жүністегі ағамыздың «Жыл он екі айында» бар. Кәмекең күнін де анықтай түседі. Ақпан айының 4-5-і деп. Қазіргіше айтсақ ақпанымыз желтоқсан айы.

Осыдан кейін өтетін боранды амалымыз – текебұрқылдақ. Ол айтып отырған ақпан (желтоқсан) айының 17-22 аралығы.

Екінші аязымыз қаңтардың басына келген. Оны ауызекі тілде бетжабар дейді. Кәмел Жүністегі күн таласы деп жазады. Кәмел ағамыз оны қаңтардың 1-2-не келтіреді.

Үшінші аязымыз да осы қаңтарға келеді. Оны сары аяз, болмаса сарышұнақ аяз, болмаса сарышұнақ дейді.

Осы жерде еріксіз басыңызды шайқайсыз. Қазақ жылқыны ғана емес, аяздың өзін де түстеген бе деп. Өйткені қоңыр аяз дегені де бар.

Қаңтарда жүрген амалымыз осы сары аязымыз. Бұрындары бораны күндіз-түні көзіңді буып, аязы көтерілмесе түсе қоймайтын. Бүгінде соның бораны қалып, аязы кеткен сынды. Оны қазіргі ғаламдық жылымықпен ғана түсіндіруге болар.

Осы сары аязымыз қаңтардың 17-27-не келеді. Кешегі есепші шалдарымыз өзекті жанды бұл аяздан сары алып қалатын дейтін. Бұл не сары десек май деуші еді жарықтықтар. Сонан барып бұл май соратын аяз дер еді.

Осы сары аязымызды жаңсақтықпен, болмаса білместікпен бөрісырғақ деушілер шығып жатыр. Осы жерде барынша жұмсартып айтқанымызбен надандығымыздың иісі шығып тұрғанын несіне жасырайық.

Ең алдымен мұның амал екеніне ден қояйық. Амал болған соң-ақ оның  сакральды болғандығы. Адам баласы соны шешем деп-ақ келеді. Сонан да барып адасып жатқанымыз.

Сонымен бөрісырғақ дегеніміз не?

Әуелі осы бөрімізді анықтап алайық. Әрине, ол қасқыр. Әрине, ол қасқырдың арланы. Әрине, ол арлан болғанда жалы. Әрине, ол жал болғанда бөрісі.

Жал деп қасқырдың арланын айтамыз. Қаншығы – шулан.

Қасқырдың үйірін әуек дейміз. Осы әуекте шамамен жиырма-отыз қасқыр болады. Орманды қасқырлы орыс жұрты әуекті стая дейді. Әуекті бастаушыны вожак дейді.

Қалай екенін қайдам, біздер осы вожак сөзінің калькасын жасап көсем, көшбасшы деп жүрміз. Кешегі үлкендер оны әуекбасы деуші еді. Сондықтан алдағы уақытта осы сөзге назар аударсақ деймін. Оның үстіне бізде басқұрт деп айтушылық бар ғой.

Осы жерде көзі қарақты оқырманның «сонда абаданымыз не?» деуі әбден мүмкін. Абадан дегеніміз де әуекбасы деген сөз. Алайда…

Аңға қасқырлар әуек болып шықпайды. Олардың да қартайғаны, түрлі жарақаттан мүгедек болып қалғандары, аң қағуға жарамайтын көксеректері болады. Сондықтан олардың күш кемістігі білінгенде олар бірігеді. Әуектер күш біріктіреді. Бірнеше әуек топтасып, үлкен бір әуекті құрайды. Соны басқаратын әуекбасыны абадан дейді.

Орман қасқырлы орыс жұртында мұндай ұғым жоқ. Өйткені орманда жемтік жеткілікті. Оларда бәрі вожак.

Сондықтан абадан сөзіне құрметпен қарап, жөнімен қолданғанымыз дұрыс болады. Бабаларымыз «абадан байрақты» деп тегін айтпаса керек. Және оны сакральді сөз деп қабылдайды.

Тақырыбымыздан ауып барамыз-ау дейміз. Қайтып оралайық.

Көкейімізге келіп тірелген сауал әуек қайтып көбейеді деген сауал болса керек.

Шынымен, қайтып?

Жұптасып, әрине.

Жұптасып деп текке айтып отырғанымыз жоқ. Қасқырлар бір-ақ рет жұп құрады. Және әуекте мұндай бір-ақ жұп болады!

Міне, мәселе қайда?

Жұпқа түсетін қасқырдың арланын бөрі дейді. Арланның жал екенін білеміз, қарап отырсақ жалдың барлығы бірдей бөрі бола алмайды екен. Моғал тілмен айтсақ әуектегі қасқырлардың тұқым шашатыны біреу болады, сол біреуімізді бөрі дейді.

Тілімізде жиілігі жоғары бөрікөз, бөрімінез, басқа да бөрі сөзімен қатысты сөз тіркестері жеткілікті. Осы тіркестерден-ақ бөріде сакральдық қасиеттердің барлығы білінеді. Ол не қылған қасиеттер?

Ол ең алдымен әуектің иесі.

Бүгін де!

Ертең де!

Ол әуекті құрайтын қасқырлардың аналығын таңдай білуі керек.

Ол келешек ұрпағының жататын жерінен жаңылыспауы керек.

Ол қаритын қаншығын жазбай тануы керек.

Таңдау жеткілікті.

Мың емес, жүз емес, алайда жеткілікті.

Таңдау жасалғанда оны бөрте дейді.

Осы жерде естеріңізге ештеңе түспей ме? Бөрте деген түп апамыз бар емес пе еді? Ол апамыз жаһанды тітіреткен Темужиннің таңдауы емес пе еді? Кешегі Абылай, кешегі Кенесарының… мамасы емес пе еді? Мама сөзіне де шекеден қарап жүрген жайымыз бар. Қазақ баласы әжеден кейінгі әжемізді мама деген. Салыстырыңыз: мамабие, мамақаз, мамақазық. Үйші қауымдар жалпы ағаштың ұрғашысын мама деген. Содан барып ағаштың барша ұрғашысын мамағаш дейді.

Бөрінің бөртені таңдауы өте маңызды. Өйткені әуектің одан әрмен өсіп-өнуі осы бөртеге байланысты. Әуектің ертеңін осы бөрте шешеді.

Қандай жағдайда болсын бөрте «қысыр» қалмайды. Бір жағдайда тоғыз, енді бір жағдайда жалқы табуы мүмкін.

Неге?

Қасқырлар қоғамдасып өмір сүретін мақұлықат. Қоғам болған соң-ақ онда да кемістіктер болады. Кемел қоғам ешқашан да болған емес, болмайды да. Соның жарқын көрінісін осы әуектің мысалынан көруге болады.

Аңға топтасып шығады, түсірген олжаларын өзара бөліседі. Ол олжадан ешкім де сырт қалмайды. Әлі аңға жарамайтын қарақұлақтарын ешуақытта аш қалдырмайды. Әуек ең алдымен соларды қоректендіреді. Содан кейін аңға шығуға жарамайтындарды…

Сол аңға шығамын деп жарақат алып, мүгедек болып қалғандардың кезегі қарақұлақтардан кейін тұрады.

Осыдан кейін қасқырларды текті демей көріңіз!

Уау, сонда аңшылардың өздері қайда қалады?

Олар өздерін де ұмытпайды. Соны бөрте шешеді.

Айналадағы қорек жеткілікті болғанда тоғыз табады!

Қорек мардымсыз болғанда жалқы табады!

Бірақ ешқашанда жоғарыда айтқанымыздай қысыр қалмайды!

Қасқыр ешуақытта құтын босқа шашпайды!

Сондықтан да бабаларымыз оны тәңірқұт деген.

Әңгімемізге қайтып оралайық.

Қасқырдың тектілігіне көзіңіз енді жетеді!

Бөрі мен бөрте мойнына алған шаруаларын басқа мақұлықаттар сынды ашық, кез келген жерде жасамайды. Олар бұл жауапкершіліктерін жасырын жасайды!

Әуектен бөлініп, көзден таса жерде. Бір жаратушы ақпанның ақырған боранын осы бөрі мен бөрте үшін әдейі жіберген сынды көрінеді. Әуектің қалған көзінен жасырынуы үшін…

Осы амалды бабаларымыз бөрісырғақ деген. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.

Қасқыр баласын 63 күн көтереді. Содан барып қарақұлақтарын сәуір айының аяғында әкеледі. Қыс ішінде қасқыр (бөрте) күшіктеді деген әңгімені естімедік.

Қоңыраязымызды ұмытып барады екенбіз. Ол Үркер ауғанда түсетін шымшыма аяз. Ел ішінде үтаяз деп айтушылық бар. Өйткені ақпан кіргенде үт түсетіні белгілі.

 

БӨРІТОН

 

Тілімізде бөрітон/ды деген сөз бар. Мәшекең Жидебай батырды суреттегенде бөрітонды деп жазады.

Осы сөзді де алғаусыз қолданатынымыз байқалады. Оны өзіміз аңғара бермейміз.  Содан да барып қасқыр ішік мағынасында түсініп, сол мағынада қолданып жүрміз.

 

Шын мәнінде бөрітон да қазақтың тонына, оның ішінде сыртаңына (сырттон) жатады. Бөрітон деген сөз бөрі киім деген сөз.

Қасқыр ішік те қазақ баласының сыртаңы. Қасқыр ішікті екінің бірі киді десек те бөрітон жөнінде олай деп айта алмаймыз.

Бөрітонды екінің бірі кимеген. Ондай мүмкіндік бола да бермеген. Өйткені қасқырдың бәрі бөрі емес.

Бөрі дегеніміз жұпқа түсетін қасқырдың жалы. Ал қазақ аңшылары ешқашанда бөрі соқпаған.

Сонда қазақ баласы қайтіп бөрітон киіп жүр?

Бір әуекте жалы бар, шуланы бар отызға тарта қасқыр болады. Соның біреуі ғана бөрі. Жұпқа түсетіні.

Қалған жалдардың барлығы да бөріден үміткерлер.

Сол жалдарың бөрі болуы мүмкін бе? Мүмкін болса ол қалай өтеді?

Бөріден үміткер жал өзінің шешесімен (бөрте), қарындасымен (шулан), не апасымен (шулан) ешуақытта жұпқа түспейді. Қасқыр баласының тектілігін осыдан-ақ аңдауға болар.

Олай болса бөріден үміткер әуектен шығуға мәжбүр болады. Бөріден үміткер деген сөз өз алдына әуек құрушы деген сөз. Әуек құру үшін бөрте керек. Оны қайдан алады?

Басқа әуектен!

Жалпы, тіршілік дүниесінде нәпсісін қанағаттандыруға келгенде еркегі ұрғашысына қарағанда осал келеді. Бұл адам баласына да қатысты. Бұл қасқыр баласына да қатысты.

Содан барып әуектегі жалдардың барлығы бірдей болмаса да өз алдына әуек құруға ұмтылушылар ішнәра болады. Мұндай жағдайда әуектің қатал заңы бойынша ол әуектен шығып қалады.

Енді ол әуектің шапағатына бөлене алмайды. Ортақ қазаннан үлес тимейді. Бір сөзбен айтқанда өз күнін өзі көретін болады.

Әуектен шығып қалған мұндай жалды бұралқы дейді!

Бөрі болғанша бұралқы бастан талай сынақты өткереді.

Соның бастысы қорегін тауып жеуі. Ең алдымен оның аң аулау аймағы болмайды. Аңға бірігіп шығатын әріптесі болмайды. Қасқыр ешқашанда жалғыз аң ауламаған.

Бірақ сондай күн туған. Бұралқының басына. Өз алдына әуек құрам, бөрі болам деушілердің барлығы да осынадай сынақтан өткен.

Әуектен шығып қалған мұндай бұралқылар аң аулау аймағы болмағандықтан ауылды торуылдайды.

Қазіргі уақытта БАҚ беттерінде қалаға қасқыр кіріп кетті деген байбалам мақалалар өріп жүр. Оның өзінде елді қорқытып құтырғаны дейді.

Шын мәнінде олар – бұралқылар!

Қазақ баласы итқұс деп қасқырға қаратып айтса да негізінен осы бұралқыға қаратып айтқан. Әйтпесе, әуек ауылға шабуыл жасамайды.

Ал бұралқылар шабуыл жасайды. Ауылға. Қойқораға. Тауыққораға…

Мүмкіндік болып жатса ит дауысына салып, итті ауылдан шығарып алып жәукемдеп кетеді. Құс дауысына салып, құсты да, оның ішінде дуадақ пен құрларды баудай түсіреді.

Осының бәрін істейтіндер бұралқылар.

Неге бұралқылар?

Әуектен шығып қалған бұралқылар да бірігеді. Бірақ бұларға әуек заңы жүрмейді.

Содан барып олардың бөріге ұмтылған ғұмыры ұзаққа бара бермейді.

Әуектегі жалдар ешқашанда бірін бірі тастап кетпейді. Ал бұралқыларға бұл заң жүрмейді. Сондықтан да олар қилы жайттарға ұшырап жатады. Қорек қамымен бас қосқан бұралқылар қауіп төнгенде өз бастарын сауғалайды. Осыдан барып олардың ғұмыры қиылып жатады.

Бөрітонымыздың шикізаты, тоны осы бұралқылар, бөрі болам деп талпынған жалдар.

(Жалғасы бар)

Төрехан МАЙБАС,

этнограф-жазушы

Ortalyq.kz

 

Басқа материалдар

Back to top button