Сусыз өткен 18 күн
Қазақ «шөл кемесі» дейтін түйе екі аптаға дейін сусыз жүре алады екен. Ал, адам одан да ұзаққа шыдай алатынын кім білген? Аустриялық Андреас МИХАВЕЧ 18 күн дым татпай, қамауда жатқан.
Брегенц қаласының абақтысына он сегіз жастағы жігітті жапқан полицейлер сол беті ұмытып кеткен. Жертөлеге жабылған Андреастың айқайын ешкім естімепті. Кезек-кезек ауысымға түскен үш күзетші күдіктінің босатылғанына сенімді болған. Тек, 18 күннен кейін тағы бір адамды қамауға алып келгенде көріп, көздері шарасынан шығып кете жаздапты. 24 келіге арықтаған Андреас өлім аузында жатыр екен. Дәрігерлер жанталасып жүріп, жас жігітті екі аптада аяғынан тік тұрғызады.
Әкімшілік әлгі үш күзетшіге айыппұл салады. Ал, Андреас екі жылдан кейін қомақты өтемақы алады. Және есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылады. Сөйтіп, 18 күндік азаптан кейін атағы алысқа жайылады.
Андреасты 1979 жылдың 1 сәуірінде қамапты. Күлкі күнінде. Бірақ, күлесіз бе, жылайсыз ба?..
Маржан терген Нұрқанат ҚАНАПИЯ.