АймақЖаңалықтарСәтбаев

Сергелдеңге салған «Сәт-Тазалық»

Бұдан жеті жыл бұрын «жарылқаймыз!» деп, жаһанға жар салып келген «Сәт-Тазалық» компаниясының қызметі таза қанағаттандырмайды. Аталмыш ЖШС қатты тұрмыстық қоқысты уақытылы тасымалдаумен қатар, эксплуатациялық және техникалық қызмет көрсетіп, жертөлені толық күтіп ұстауға тиіс. Бір ғажабы, бізбен жеке келісімшартқа отырмаса да, тұрғындардан ақы талап етеді, осы арызға қол қойған он адамның ешқайсы оған қарыз емес. Ендеше, соған сай сапалы қызмет көрсетуі керек емес пе?

Жертөленің жайы ешқандай сын көтермейді: құбыр мен кәріз адам көргісіз апаттық жағдайда, әрі қоқысқа көміліп жатыр. Құбырды ауыстыру мен тазалықты талап етіп, бірнеше жылдан бері «Сәт-Тазалықтың» табалдырығын талай тоздырдық, әкімдіктің де алдынан өттік. Селт еткен тірі пенде жоқ! Шіріген құбырдан аққан су жертөлені жайғағанды қойып, жан-жақты жаппай ластауда, сасық иіс қолқаны атады.

Айқай-шу, айтыс-тартыстың арқасында жертөледегі құбырдың жартысы ауыстырылды. Бірақ, салдыр-салақ атқарылған жұмыс сапасыз болды және толық аяқталмады. Аққан судың кесірінен қаланған кірпіш шайылып, құбыр шіріп, ал тоқтың сымы табан астында шашылып жатыр. Осыны жобаға келтіру үшін міндетті түрде біреу опат болуы керек пе?

Ең сорақысы сол, осының салдарынан баспананың басынан бақ тайды: пәтердің қабырғасы қақырап, төбесі жарылды. Беймезгіл сықырдан түнді үреймен өткіземіз. Қалалық әкімдік пен «Сәт-Тазалықтан» бірнеше мәрте адамдар келіп көрген, алайда не акт, не хаттама жасаған жоқ. Бастарын шайқап-шайқап кетеді. Кейде «осылардың ым-жымы бір емес пе?» деп те, күдіктенеміз. Әйптесе, бір қаракет жасайтын уақыт болды ғой?!

Әкімдік әрекетсіз, ал «Сәт-тазалық» сергелдеңге салып қойды. Сонда, бізге қол ұшын кім береді?

Абай көшесі, 43-үйдегі 1-кіреберіс тұрғындары: Н.СҰЛЫҚПАЕВ, Т.ТӨЛЕГЕНОВ, Д.НЫСАМБАЕВА, Т.БОБЫЛЕВА, П.ПУХНОЯ, Х.БАЙЖАН, Т.НАСЫРИТДИНОВ, ЕСБАТЫРОВА, БЕРИЧЕНКО, Е.СОЛОМОНОВА.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button