АймақРуханиятШахтинск

Қанжығада – қос жүлде

Орал қаласында Халық жазушысы, ақын Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВТІҢ туғанына 100 жыл толуына арналған «Қиял қанаты» атты республикалық «сөз бен бояу» дуэт байқауы өтті. Шарт бойынша әр облыстан бір ақын, бір суретші байқауға дуэт түрінде қатысып, ақын Жұбан Молдағалиевке өлең арнаса, суретші сол өлеңге үйлестіріп сурет салды және ол бір туынды болып бағаланды.

Тартысқа толы өткен сайыста «Арқа қазақтары» деген атпен қатысқан жерлестеріміз ақын Жанат Жаңқашұлы мен Шахтинск қалалық Ә.Ысмайылов атындағы балалар көркемсурет мектебінің ұстазы, суретші Ерсін Темірғалиевке жүлделі III орын бұйырды.

Олар ақшалай сыйлық, «Жалынды жыр» атты жинақ пен Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Барлық қатысушылардың туындылары Жұбан Молдағалиев атындағы орталыққа орналастырылды.

Сонымен қатар, Ерсін Темірғалиевтің келесі байқаудан жүлделі орын иеленгені жөнінде Арқаға ақжолтай хабар жетті. Ол – Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толуына арналған «Әлия – қаһармандық дастаны» атты кәсіпқой суретшілер мен қолөнер шеберлері арасында өткен республикалық байқаудың II орын жүлдесі. Осы орайда шахтинскілік жерлесіміздің өте талантты және болашағынан үлкен үміт күттіретін шебер суретші екенін атап өткен жөн. Қарағанды облысының абыройын асқақтатып, қатарынан екі жүлдеге ие болған Ерсіннің әлі талай биікті бағындырары сөзсіз. 

Жәлел ШАЛҚАР.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button