Руханият

Ғалымға – құрмет

Солтүстіктен сүйіншілеген хабар жетті. Белгілі ғалым, публицист Зарқын ТАЙШЫБАЙ ағамыз Жоғары мектеп Ұлттық Ғылым Академиясының академигі атанды.

Үстіміздегі қазанда Зарқын ағамыздың шығармашылық қызметіне 60 жыл толды. Қағазға үңілумен өткен жемісті алпыс жылдың құрметіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Ғалым-ұстаздың жемісті жолы» тақырыбында бейнеконференция өткізіп, ғалымға құрмет көрсетті. Жылы лебіздерін жеткізгендер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанов, СҚО Құрметті азаматы Болат Сағындықов, шәкірті, «Қазақстан» РТРК СҚОФ директоры Ерлан Тоқшылық және басқалары болды. Осы жерде Зақаңның ұзақ жылдар бойғы еңбегіне шолу жасалды.

Оқырман қауымға Зарқын ағаның есімі жақсы таныс. Ұстаздықпен ғылымды қатар алып келе жатқан ғалым. Қарағанды университетіндегі журналистика кафедрасының негізін қалады. Кейін Қызылжарға қоныс аударып, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде журналистика кафедрасын ашты. Бүгінде еліміз бойынша жүздеген, тіпті, мыңдаған журналист «Зақаңның алдынан өткенбіз» деп мақтанышпен айтады.

Зарқын ағамыз қазақтың тау тұлғаларын тану ісіне қомақты үлес қосты. Абылай хан туралы еңбегі сұраныстың көптігінен бес мәрте басылды. Тың деректерге толы Абай мен Шоқан жайлы жинағы жарық көрді. Ақын Мағжан ғұмырының қалтарыстарына үңілген «Мағжанның Қызылжары» кітабы оқырманға жол тартты. Міне, осындай ауқымды еңбектің басында тұрған ағамыз кез келген құрметке лайық екені сөзсіз.

Ағамыз «Орталығынан» да қол үзген емес. Ғалым мен редакция арасында тығыз байланыс орнаған. Оқырманға ой салар дүниелері ұдайы жарық көріп келеді. Алдағы уақытта да Зақаң елімен газет бетінде сан мәрте қауышары анық.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button