АбайАймақРухани жаңғыру

Тарихи нысандар жаңаруда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттердің бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау болатын. Бағдарлама аясында Абай ауданында бірқатар ілкімді жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, аудан азаматтарының бірігуімен тұрғындардың талап-тілегіне бағытталған жұмыстар да өз ретін табуда.

Жалпы, орталық Қазақстан археологиясында Абай ауданы ерекше мәртебеге ие. Дәл осы аймақта 1933 жылы П.Рыков пен М.Грязнов Дәндібай қорымын зерттеген болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда ауданда барлық тарихи дәуірлердің материалдары, оның ішінде 162 археологиялық ескерткіш бар. Атап айтсақ, тас дәуірінің 5 тұрағы, қола дәуірінің 17 қонысы мен қорымы, ерте темір дәуірінің 77 нысаны және орта ғасырдың 63 ескерткіші табылған. Ғалымдардың айтуынша, археологиялық олжалар Абай ауданының аумағы күрделі этникалық үрдістер орын алған өзіндік байланыс аймағы болып табылатындығын анықтауға мүмкіндік берді. Бұған Жыланды және Қоржар қорымдарының қазылуы дәлел. Олар жөніндегі толық ақпарат археолог-ғалымдардың «Қарағанды облысы Абай ауданының археологиялық картасы» басылымының негізінде ұсынылған.

Қазіргі таңда Абай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында археологиялық жұмыстардан бөлек, бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен, Южный кентінде «Жеңіс» стелласы қалпына келтірілді. Ескерткіш тақтаның тізімі де толықтырылды. Шараға демеушілік танытқан «ТЭМК» АҚ басшылығы көпшіліктің алғысына ие болды. Аталған игі шарада туған жерге деген шексіз құрмет пен перзенттік парызды бір арнаға тоғыстыруды көздеген.

Сондай-ақ, Дубовка ауылындағы футбол алаңының құрылысы аяқталды. Орталық саябақ 1985 жылы «Волынский» совхоз-кешенінің күшімен салынған. Содан кейін саябаққа жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында футбол алаңы қалпына келтірілді. 3D типті алаңдардың металл қоршаулары 13 жарықтандыру тіректерімен қамтылды. Тұрғындардың алаңсыз демалуы мақсатында қақпалар мен жәшіктері бар орындықтар орнатылды.

Биыл Абай қаласында орын алған тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – Ленин көшесіндегі 36, 36а, 38, 40а және 30,28, 26 үйлерінің ауласында балаларға арналған ойын алаңдарының ашылуы. Тұрғындардың игілігіне берілген алаң бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауда. Бейбітшілік көшесіне балалар ойын алаңын орнату жұмыстары да жалғасуда.

Ал, салтанатты шараларға келсек, жақында ауданда «Ана тілі аруы – 2020» атты байқауы өтті. Шара мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді оқытуда инновациялық жүйелер мен жаңашыл ой-пікірлердің қалыптасуына ықпал етті. Сөйтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін бір көтерді. Жастардың тұлғалық дамуына жол ашып, ұлттық болмыс пен рухты асқақтатуға сеп болды. 

Аяулым СОВЕТ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button